ҚР Президенттігіне Халықтық коалициядан ұсынылған үміткер Қ.Тоқаевтың Ақсу аудандық қоғамдық штабының төрайымы К.Даулетбекова және штаб мүшелері М.Орманов, И.Нұрланбек Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын таныстыру мақсатында Егінсу елді мекенінің тұрғындарымен кездесті.
Келелі кездесуде тізгін алған Ақсу аудандық қоғамдық штабының төрайымы К.Дәулетбекова сайлауалды бағдарламада ауылдық жерлерді қолдау жайын жіпке тізгендей баяндады.
— Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдар-ламасына сәйкес, ауылдық жерлерді дамытудың кешенді тұжырымдамасы қабылданады. Сол арқылы қазақтың қара шаңырағы саналатын ауылдардың тұрғындары қаладағыдай жайлы өмір сүреді. Осы уақытқа дейін даулы болып келген бос жерлерді мемлекет меншігіне қайтару үлкен үдеріспен жүзеге асады. Ауылшаруашылық кооперативтері құрылып, жаңадан 350 мыңнан астам орны ашылады, — деді К.Дәулетбекова.
Штаб мүшелері Президенттік сайлауға үміткер болып отырған өкіліміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасына құлақ түріп, алдағы уақытта жоспар бойынша «Әділетті Қазақстан» құруға белсенділік танытып, әрбір тұрғынның патриоттық сезімін оятып, мемлекет ісіне бей-жай қарамауын басты назарда ұстады.
— Қасым — Жомарт Кемелұлы айтқандай, ұлттық идеологиямыз әділеттікке негізделмек. Әрқайсыңыз жас болсаңыздар да жемісті еңбек етіп келесіздер. Бірақ, білім жетілдіріп, елге қызмет етуден басқа арман жоқ. Барлығымыз еліміз үшін аянбай тер төгуіміз керек. Қазірде біздің ұстанып отырған «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» формуласын жүзеге асыру келешек жастарға тікелей байланысты, — деді штаб мүшесі И.Нұрланбек.
Жиын соңында аудандық қоғамдық штабының мүшелері тұрғындардың белсенді азаматтық ұстаным танытып, саяси науқанға өздерінің конституциялық құқықтарын тиімді пайдаланып, өз таңдауларын жасауға шақырды.