Егемен еліміздің мақтаныштары

«Биылдан бастап Республика күні – ұлттық мереке. Енді бұл мейрамды күллі ел болып жаңа мазмұнда атап өтетін боламыз. Қайта жаңғырған Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам», — деді мемлекет басшы­сы. Ендеше осы мереке қарсаңында түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, Жетісу облыстық ардагерлер кеңесінің жылдық жоспарына сәйкес ау­данда қолданбалы өнер шеберінің іріктеу көрмесін өткізіп, жеңімпаздар облыстық байқауға қатысып, «Үздік ұлттық шебері» — номинациясы бойынша Арасан ауылы, Б.Сырттанов атындағы орта мектебінің технология пәнінің мұғалімі болған, зейнеткер ұстаз Ахметжанов Алтай Есімжанұлы бас жүлдені жеңіп алып ауданымызға үлкен абыроймен оралды.

Өнерді құрметтеген халық шеберлерді де ізгі ілтипатпен елдің құрметті адамдарының қатарына қосқан. Өйткені, қазақтың қолөнері – ұлттық мәдениетті насихаттайтын, байырғы, әрі құнды салалардың бірі болып табылады Қандай да болсын шығармашылықтың қоғамдық мәнін бағалаудың ба­сты өлшемі, әлбетте, оның идеялық бағыты болып келді және солай болып қала береді. Бүгінгі біздің кейіпкерді қолынан өнері тамған шебердің бірі де­сек артық айтқандығымыз болмас. Ол ұлттық болмысты сақтап, дәстүрімізді дәріптеп, рухани жаңғыру жолында талмай еңбек етіп жүргендердің бірі — ұлттық өнерді ұлықтаған ағаш шебері Алтай Есімжанұлының апарған қолөнер бұйымдары көпшілік көңілінен шығып, жоғары деңгейде бағаланды.

Мен кезінде аудандық білім бөлімінде қызмет етіп жүргенде осы Алтайдың өнеріне тәнті болып, облыстық байқауға алып барып едім. Ол кезде Алтай жас шебер болатын. Содан бері қанша жыл уақыт өтсе де шебердің өзі бүгінде зейнеткерлікке шықса да осы өнерден әлі күнге қол үзген емес. Мектеп оқушыларына ағаштан түйін түюдің сырларын үйретуден жалыққан емес. Кейіннен аудан орталығындағы «И.Исмабаев атындағы Өнер мектебінде де жас шеберлерді тәрбиелеп, қазақтың ұлттық өнерін дәріптеп келді. Ол кезде жас шеберлердің арасында сынға түссе, бүгін ардагерлер арасында Бас жүлдені жеңіп келіп отыр.

Иә, қазақ қашаннан тәуелсіздікті текті ұғым деген. Бұл – кешегі ел үшін егеулі найза қолға алып, ұлтарақтай жер үшін ат үстінен түспеген батыр бабалар­дан қалған жәдігер сөз. Біз – ғасырлар бойы азаттықты аңсап, еркіндікке қолы жеткізуге ұмтылған, арман-мұраты тең өріліп, тай қазаны ортаймаған қазақ деген байтақ ел, дана халықпыз. Міне, сол бақыт бастауы жеке мемлекет болу емес пе еді. Демек, Республика күні тәуелсіздігіміздің алтын тұғыры болуы керек.

Осы ақ найзаның үшымен, ақ білектің күшімен ата — бабаларымыз бізге мирас қылып қалдырған ұлан — ғайыр жерімізді, Тәуелсіз елімізді берік ұстау бүгінгі ұрпақтың парызы.

Алтай Есімжанұлы осы батыр бабаларымыздың қолданған ағаш шоқпарлар, домбыралардың түрлерін тағы басқа ағаштан жасалатын түрлі бұйымдарды жоғары деңгейде жасайды.

Осындай шеберлеріміз ауданымыздың ғана емес, Республикамыздың мақтанышы емей немене?

Ендеше, қазіргі заманға сай етіп ағаштан түрлі ұлттық бұйымдар жасау­мен айналысып жатқан жеке кәсіпкердің күнделікті үй тұрмысына қажетті заттары көпшілік халықтың жоғары сұранысына ие болып отырғанын атап өткен жөн. Ағаш өңдеудің қыр-сырын жақсы меңгерген ағаш шебері Алтай Есімжанұлын біз де мақтанышпен айтамыз.

Бақыт ҚҰРМАНҒАЛИЕВА,

аудандық Әжелер кеңесінің төрайымы, зейнеткер — ұстаз.

Мәліметпен бөлісу: