Еңбек адамы ҚАБЫЛБЕК ЕТІКШІ

Көрдің, әлде

көрмедің,

Етікші атам бар менің.

Қартпын деп ол айтпайды,

Қол қусырып жатпайды.

Құрып алып малдасын,

Жалпақ басты балғасын,

Пышағы мен бізін ап,

Отырғаны қызық-ақ.

Қоңыр күзде, көктемде,

Қара жаңбыр төккенде

Кетпесін деп сыз өтіп,

Тігеді ол бізге етік.

Бұл – Қадыр Мырза Әлидің «Етікші ата» деген балаларға арналған өлеңі. Етікші – аяқ киім тігетін ісмер. Етікші болу – еріккендік емес. Етікшілік – екінің бірі қолы бара бермейтін кәсіп түрі. Бұл да шеберлік пен аса ыждаһаттылықты қажет етеді.

 «Әлің барда еңбек ет, еңкейгенде емерсің» демекші, бірді екі етіп, қолда бар құрал – жабдығымен күн көріп отырған кәсіп иелерін көргенде, жүрегің жылиды. Осы орайда таң шапағымен таласа тұрып, біз бен тебенді жанына серік қылатын етікшілердің еңбегі нағыз еңбек.

Ауданымызда Қапал ауылында осы кәсіпті нәсіп етіп келе жатқан «Қабылақ» жеке кәсіпкерлігінің иесі Қабылбек Жұмабекұлымен әңгімелесудің реті келді. Қабылбек мұрза кәсіпкерліктің аты неге «Қабылақ» атанғанынан бастап әңгімеледі.

2012 жылы қазан айында арғы беттен атамекенге оралған бауырымыз осы жақа келген соң азаматтық алып, жеке куәлік алғанда бір кісілердің қателігінен есімі Қабылақ Жұмабекұлы болып жазылып кеткен екен. Бірақ оған алаңдап, өкпелеп жатқан бауырымыз жоқ. Кәсіпкерлігінің атын осы жаңа есімімен атапты.

Сонымен әңгімені басынан бастайық. Жоғарыда айтқандай 2012 жылы қазан айында елге келген соң, басында жұмыс болмай аздап қиналады. Мал бағатын, мал сатып алатын да қаражат тапшылау. Бірақ ауылдың адамдары ерулікке шақырып, танысып, «Көппен көрген ұлы той» деп жүргенде, бір ауылдың байырғы тұрғыны қонаққа шақырады. Сол үйде ескі аяқ киімді қалпына келтіретін, жамайтын іс машинасына көзі түседі. Әңгімелесе келе ол машинаның тарихын естиді. Сол үйдің үлкені кезінде осы іспен айналысқан екен. Кейіннен етікшінің қызметі аса ешкімге керексіз болып, еңбегі бағаланбай қалған соң, машинаны тазалап, жинап қойған екен. Өзінің де аздап етікшілік қабілеті бар Қабылбек осы істі бастауды ойлап қояды. Күз өтіп қыс түскенде екі қолға бір күрек іздеген етікші ойлаған ойын іске асыруға бел байлайды. Ол кезде тұратын баспанасы да жоқ. Орталықтағы бұрынғы қонақ үйдің иесімен келісіп, екі бөлмесін жалдап тұрады. Жұмысты да осы арадан бастайды. Алдыңғы ескі іс машинаның иесімен келісіп, әр түрлі біздер, түрпі, бақа бас табан темір, балға, шеге, тістеуік, рант салғыш, тетір пышақ, тағы басқа барлық құрал – саймандарымен 75 000 теңгеге сатып алады да, кәсіпті бастап кетеді. Содан қолының ебі бар болса да нақты істеп көрмеген қиын да қызық кәсіпті дөңгелетіп, сол қонақ үйдің тар бөлмесінде төрт жыл тұрады. Осы уақыт ішінде қолына аздап мал да бітеді. Мал өскен соң жайлауға шығып бір жыл мал бағып, ауылға келіп үй сатып алуға шамасы келеді. Сөйтіп, 2017 жылы жазда бұрынғы арман болған ісін қайта дамыту, жалғастыру мақсатында есік алдынан шағын жұмыс орнын салады. Бірақ, істі бірден бастап кетуге машиналар да ескі, тәжірибе де жоқ. Содан алдымен өзіне ұстаз іздейді. Бір күні Ескелді ауданы, Балпық би ауылында тұратын, осы іспен айналысып келе жатқан Төлепхан деген азаматқа жолығады. Іздегенге сұраған дегендей жағдайды естіген соң ол кісі үйретуге келіседі. Басында жай көзімен көріп, қолымен ұстап көрейін деп төрт – бес күнге барған шәкіртті ұстазы жібермей айға жуық, әбден үйретіп, қайтарда «Осыны істетсең сен ғана істетесің» – деп бір ішкі астар тігетін және мәсінің сыртын тігетін екі ескі машинаны сыйға тартып, қолына ұстатып жібереді. Ескінің аты ескі басында біраз алысып жүріп, іске қосады. Сөйтіп, отбасында жарымен бірге ескі аяқ киімдерді жамау, қалпына келтіру бар, сонымен қоса мәсі тігу ісімен дұрыстап кіріседі. Жұмыс жүрген сайын енді адам күші жетіспеуге айналады.

Содан кейін қазақта сөз бар ғой «Үйренгенің өзіңе жақсы, істегенің маған жақсы» деген. Сөйтіп шәкірт тәрбиелеуге кірісті. Алдымен көршісіне аяқ киім жамау, қалпына келтіру ісін үйретті. Ал, ол өзі жасаған жұмыстарына ақысын алып, бір жағы үйреніп, бір жағы ақша тауып отырды. Ал мәсі тігуге үйренген шәкірттеріне «Тегін, ақысыз үйренесіңдер, қанша уақыт, қай уақытта болсын бос болған кездеріңде келіп, үйрене беріңдер, бірақ жұмыс та ақысыз деген талап қояды.

«Нәтижесінде бүгінде шәкірттерім үйреніп шығып, өз алдына кәсіптерін ашып отыр. Қасымдағы Үмбетәлі Әкімаш деген жігіт Бақытгүл деген жұбайымен бірге бір жыл жұмыс жасап, үйреніп өзі жеке кәсібін ашты. Шолпан деген шәкіртім қазір Екібастұзда мықты кәсіпкер. Бұрын Арасанда тұрған. Менен үйреніп, бүгінде ұстазынан озған шәкірт болды. Тағы басқа мықты шәкірттерім бар» – дейді кәсіпкер. Бізде арман көп, дәрмен аздау болып тұрған жағдай. Қаржы жетіспейді, шикізат жетіспейді дегендей. Әйтпесе он адамды жұмыспен қамтитын шамамыз бар. Жұмыс орнын да кеңітіп салғанбыз деп әңгімесін жалғастырды.

Арман көп, дәрмен жоқ деп қарап отырмай, «Көрініп тұрған таудың алыстығы жоқ» дегендей алдыға жылжып келеміз деген Қабылбек мырза –  Істетіп жатқан машинамыз ескі бұрынғы Кеңес үкіметінен қалған арзан машиналар. Өзім жасау білген соң жүріп тұр. Аяқ киімдердің қалыбын ақырындап көбейтіп жатырмыз. Бізді қинайтын тек шикізат дедік қой. Осы уақытқа дейін теріні Қытайдан алдыратынбыз. Тері ғана емес, етікшіге қажет шикізаттар желім, жарғақ, мата, ине, жіп, су, т.б. барлығы Қытайдан келеді. Қазір томожния қымбаттап кеткен соң, еңбегіміз ақталмай басқа жолдарды қарастырып жатырмыз. Ішкі терілерді өзіміздің Текелі тері зауытынан, сыртқы терілерді Алматыдағы Көкезек ауылындағы тері зауытынан аламыз. Өткенде тері табылмай Тараздан, Екібастұздан алдырдық. Текелі тері зауыты қайта істеді. Кеше ғана сол жерден шикізаттарды алып келдік. Туркиядан да қарастырып жатырмыз. Егер қолайлы болса оны да көреміз – деп шикізат тапшылығы туралы ойын жеткізді.

– Енді қазір неше түрлі бағдарламалар бар, кәсібін дамыту үшін берілетін қайтарымсыз гранттар да бар, басқадай арзан пайызда несиелер де бар емес пе? Сіздің кәсіпкерлігіңіз бар, жасап жатқан жұмысыңыз да бар. Осы жағын байқап көрмедіңіз бе? деген сұрағыма, Иә, былтыр жұмыспен қамту бөліміне барып, үкіметтің көмектері туралы білген едім. Қайтарымсыз грант бар деген соң бизнес жоспарымызды жасап, құжат тапсырып едік ұта алмадық. Болашақта тағы да қатысып көреміз. Әзірге өз кұшімізбен алға жылжып келе жатырмыз. Маған қазір көмектесетін ауылдың белді, беделді, мықты азаматары бар. Солар істі айналдырып алу үшін бір айға, үш айға, алты айға, тіпті бір жылға дейін өсімпұлсыз қарызға ақша береді. Олардың есімдерін айтпай – ақ қояйын, олар мақтанғанды онша ұнатпайтын азаматтар. Маған ғана емес керек кезде ауылдағы жағдайы төмен отбасыларына қайырымдылық көмек те көрсетіп жатады – деп әңгімені бір қайырды.

Ал енді шығарған өнімді қайда сатасыздар деген сұрағыма – бізде сататын жер көп. Біз тик – токқа шығарамыз, әлеуметтік желілер арқылы жарнамалаймыз. Барлық облыстардан бізге сұраныстар бар. Қанша шығарсақ, сонша өтіп тұрады. Атырау, Ақтау, Астана, Алатыдан бізге тапсырыстар жиі болып тұрады. Тек қаржы болып, шикізатымыз жетіп тұрса, жұмысымыз қарқынды жұріп тұрады. Оған сенім мол – деп нақты жауап берді. Тіпті осы көктемнен бастап қой терісін өзіміз өңдеп шығарсақ па деген жоспарымыз да бар. Оны да байқап көріп, шамамыз жететінін білдік. Өзіміз илеген терілер де аяқ киім тігуге ыңғайлы екендігін де аңғардық. Бұл бірақ келешектің еншісінде. Алла бұйырса барлығы дұрыс болады деп әңгімесін қорытындылады.

Біз де сәттілік тіледік. Лайым барлығы дұрыс болғай. Бұл да нағыз еңбек адамы, шағын шаруашылық ұжымның биік жетістігі емес пе. Кәсіпкерлікке кең өріс деген осы да. Арман алдамайды. Кейіпкеріміз айтқандай «Арман көп – дәрмен жоқ» деп алдыға баса алмай отырғандар қаншама. Тек қана алдыға.

Ескі машинамен жаңа өнім шығарып жатқан мықты кәсіпкердің өнімдерін көзімізбен көріп, шынымен де таң қалдық. Енді ұкіметтен қолдау көрсетіп, биылғы жылы мемлекеттік грантқа қол жеткізсе, «Ақсу ауданында шығарылған» деген фирмалық таңбамен басқа облыстарға, ауданға тарап жатса нұр үстіне нұр болар еді. Себебі шығарып жатқан өнімнің болашағы зор. Бағасы қол жетімді, сапасы жоғары екенін байқадық.  

Ербол Сымханов.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.       

Мәліметпен бөлісу: