
Қазақстан Республикасында жүргізіліп жатқан ауқымды Конституциялық реформаларды халық арасында кеңінен түсіндіру және азаматтардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру мақсатында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» коалициясы мүшелерінің Ақсу қант зауытының ұжымымен кездесуі өтті.
Кездесуге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қожасбаев Руслан Сәдуақасұлы, Керімбек Болат Бақбергенұлы, сондай-ақ Жетісу облысы «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Арын Арыстанғали Қадырұлы, облыстық мәслихат депутаты Данияр Тұрғанбекұлы қатысты.

Сонымен қатар шараға аудандық коалициясының мүшелері Тұрсынов Руслан Несіпбаевич, Сулейменов Бейбіт Жаңылысұлы, Елубаева Арда Шегеқызы, Құрманғалиева Алма Жанатбековна, Дәулетбекова Күләйхан Тұрсынбековна қатысып, жұмысшылармен ашық форматта пікір алмасты.
Кездесу барысында спикерлер елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси жаңғырудың басты бағыттарына тоқталып, Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың мәні мен маңызын кеңінен түсіндірді. Атап айтқанда, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейту, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейту, Парламенттің рөлін арттыру, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері жан-жақты сөз болды.
Сондай-ақ 15 наурызда өтетін референдумның ел болашағы үшін маңыздылығы атап өтіліп, әрбір азаматтың дауыс беру арқылы тарихи шешім қабылдауға қатысуы – үлкен жауапкершілік екені жеткізілді.

Ақсу қант зауытының қызметкерлері өздерін толғандырған әлеуметтік және еңбек саласына қатысты сұрақтарын қойып, өндірістегі жағдай, жұмысшылардың әлеуметтік қорғалуы, еңбек қауіпсіздігі және тұрақты жұмыспен қамту мәселелері жөнінде пікірлерін білдірді. Коалиция мүшелері барлық ұсыныстар мен сұрақтарды мұқият тыңдап, көтерілген мәселелердің назардан тыс қалмайтынын және тиісті деңгейде қарастырылатынын атап өтті.
Кездесу ашық әрі конструктивті диалог форматында өтіп, тараптар ел дамуы жолында өзара ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Мұндай жүздесулер халықтың саяси сауаттылығын арттырып, қоғамдағы реформаларды терең түсінуге және белсенді азаматтық позицияны қалыптастыруға ықпал етеді.
