
«Әділет» партиясы Жетісу облыстық филиалының сайлауалды науқаны аясында облыстық мәслихат депутаттығына кандидаттар Данияр Ахмолдаев және Амангелді Есбай Ақсу ауданында «Ақсу Қант» серіктестігінің еңбек ұжымымен кездесті.
Кездесуде «Әділет» партяисы Жетісу облыстық филиалының 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарын таныстырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты жоспарларымен бөлісу, сондай-ақ еңбеккерлердің ұсыныс-пікірлерін тыңдау болды.
Жиында сөз алған Жетісу облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Амангелді Есбай партияның сайлауалды бағдарламасы Жетісу облысының тұрақты дамуына, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға және әрбір азаматқа тең мүмкіндік қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, өңірдің өркендеуі экономиканың дамуы мен әлеуметтік мәселелердің жүйелі шешілуіне тікелей байланысты. Сондықтан бағдарламада халықтың күнделікті өміріне әсер ететін өзекті мәселелер кеңінен қамтылған.
Атап айтқанда, тұрғын үй құрылысы мен қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, автомобиль жолдары мен коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, кәсіпкерлікті дамыту, ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласын қолдау, білім беру және денсаулық сақтау сапасын арттыру, экологиялық ахуалды жақсарту, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту бағыттарына басымдық берілген.

– Біздің басты міндетіміз – өңір тұрғындары үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру және экономикалық мүмкіндіктерді кеңейту. Бұл ретте кәсіпкерлікті дамыту мен жаңа жұмыс орындарын ашудың маңызы зор. Шағын және орта бизнестің өркендеуі өңір экономикасының нығаюына, халық табысының артуына және әлеуметтік тұрақтылықтың қамтамасыз етілуіне негіз болады. Сондықтан партия бағдарламасында кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасауға, өндіріс орындарын дамытуға және инвестиция тартуға ерекше мән берілген, – деді Амангелді Есбай.
Өз кезегінде облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Данияр Ахмолдаев кәсіпкерлік пен агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған нақты көрсеткіштерге тоқталды. Оның сөзінше, өңір экономикасының әлеуетін арттыру үшін қолданыстағы кәсіпорындарды қолдап қана қоймай, жаңа өндірістерді іске қосып, кәсіпкерлердің жобаларын жүзеге асыруына қажетті мүмкіндіктерді кеңейту маңызды.
– Партияның 2026–2031 жылдарға арналған өңірлік сайлауалды бағдарламасында орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесін 3,3 пайыздан 4 пайызға дейін арттыру көзделген. Сонымен қатар кәсіпкерлердің 200-ден астам жобасына мемлекеттік қолдау көрсету және агроөнеркәсіптік кешенде 9 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Бұл бастамалар өндірістік әлеуетті арттыруға, кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыруға және өңірде жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді, – деді кандидат.
Сондай-ақ кездесуде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, өндіріс орындарының әлеуетін тиімді пайдалану, жергілікті кәсіпкерлердің бастамаларын қолдау және өңірдің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері қозғалды. «Ақсу Қант» серіктестігінің еңбек ұжымы үшін мұндай бастамалардың маңызы ерекше. Өйткені ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің өзара сабақтастығы өңір экономикасының тұрақты дамуына, өндірістің жандануына және жергілікті еңбек ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Дайындаған: «Әділет» партиясы Жетісу облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Тапсырыс беруші: Есбай А.Ғ.
Жетісу облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді.
