Қоғамның саяси мәдениеті сайлау науқаны кезінде айқын көрінеді. Әділдік пен ашықтық салтанат құрған жерде ғана халықтың таңдауына деген сенім нығаяды. Ал сол сенімнің қалыптасуына үлес қосатын маңызды қоғамдық институттардың бірі – қоғамдық байқаушылар.
Осы мақсатта ауданымызда алдағы Құрылтай сайлауына қатысатын қоғамдық байқаушыларға арналған оқыту семинары өтті. Іс-шараны «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жетісу облыстық филиалының төрағасы Жанат Ерханқызы жүргізді.
Семинарға ауданымыздағы сайлау учаскелерінде қоғамдық бақылау жүргізетін байқаушылар қатысып, сайлау заңнамасы, байқаушының мәртебесі мен қызметтік қағидаттары жөнінде жан-жақты мағлұмат алды.
Жанат Ерханқызы әңгімесін қоғамдық бақылаудың мән-маңызын түсіндіруден бастады. Ол байқаушының басты мақсаты қандай да бір үміткердің немесе ұйымның мүддесін қорғау емес, заңның үстемдігін қамтамасыз етуге азаматтық тұрғыдан үлес қосу екенін ерекше атап өтті. Байқаушы – дауыс беру процесінің әділ әрі жария түрде өтуіне қоғам атынан бақылау жасайтын тәуелсіз тұлға. Сондықтан оның әрбір әрекеті заңға, бейтараптыққа және жауапкершілікке негізделуі тиіс.
Семинар барысында байқаушылардың құқықтары мен міндеттері, сайлау учаскесінде өзін ұстау әдебі, дауыс беру және дауыстарды санау кезеңдеріндегі бақылау тәртібі, құжаттарды рәсімдеу, заң талаптарына сәйкес әрекет ету жолдары жан-жақты түсіндірілді.
Оқыту жұмысы заманауи форматта ұйымдастырылды. Үлкен LED экран арқылы дайындалған слайдтар, кестелер мен көрнекі материалдар көрсетіліп, әрбір тақырып нақты мысалдармен түсіндірілді. Мұндай тәсіл қатысушылардың ақпаратты жеңіл қабылдауына ғана емес, оны тәжірибеде дұрыс қолдануына да мүмкіндік берді.
Кездесу біржақты дәріс түрінде емес, еркін пікір алмасу форматында өтті. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тәжірибеде кездесуі ықтимал түрлі жағдайларды талқылады. Әсіресе байқаушылардың құқықтары мен жауапкершілігінің ара-жігін ажыратуға, заң талаптарын дұрыс түсінуге ерекше назар аударылды.
Қоғамдық бақылаудың сапасы – ең алдымен байқаушылардың дайындығына байланысты. Заңды жақсы білетін, өз құқығы мен міндетін нақты түсінетін байқаушы ғана сайлау процесінің жариялылығы мен әділдігін қамтамасыз етуге нақты үлес қоса алады. Сондықтан мұндай оқыту семинарларының маңызы зор.
Аталған семинарға аудандық қоғамдық байқаушылардың үйлестірушісі ретінде «Өмір нұры» ақпараттық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, талай сайлаулар мен референдумдарда байқаушыларды ұйымдастырған өзім де, ұйымдастыру жұмыстарына атсалысқан азаматтар да яғни, мобильді капитандар да қатысып, бұл бағыттағы түсіндіру жұмыстарының алдағы саяси науқанның жоғары деңгейде өтуіне оң ықпал ететініне сенім білдірді.
Халқымыз «Білген озар, білмеген тозар» дейді. Бұл нақыл қоғамдық бақылау саласына да тікелей қатысты. Өйткені білім мен жауапкершілік қатар жүрген жерде ғана әділдік салтанат құрады. Ал заңды терең меңгерген, кәсіби даярлығы жоғары қоғамдық байқаушы – ашық сайлаудың ғана емес, қоғам сенімінің де берік кепілі.
Ербол Әбдікәрімұлы,
«Өмір нұры» ақпараттық қоғамдық бірлестігінің төрағасы.
h
