ӘДЕП КОДЕКСІНЕ ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР ЕНГІЗІЛДІ

2022 жылдың 22 ақпанында Мемлекет басшы­сы «Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу ту­ралы» Жарлыққа қол қойды.

Өзгерістер мен толықтырулар енгізудің мақсаты мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жауапкершілігін қарау және олардың қызметтік әдепті сақтауы мәселелері бойынша заңнама нормаларын жетілдіру болып табылады.

Аталған өзгерістерге сәйкес, Әдеп кодексі жаңа редакцияда бекітіліп, оның құрылымы да, мазмұны да бұрынғы редакцияға қарағанда толық өзгеріске ұшырады.

Мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адамгершілік талаптары, олардың мінез-құлқына қойылатын базалық қағидаттар, қызметшілердің лауазымдық міндеттері және мемлекеттік қызметке байланысты өзге де ереже­лер мен шектеулерден бөлінген.

Бұрынғы Әдеп кодексімен мемлекеттік қызметшіге жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын шешімдерді қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз ету талабы қойылды.

Әкімшілік рәсімдер қағидаттарының бірі мемлекеттік қызметшінің моральдық бейнесіне қарамастан сақталуға тиіс жариялылық қағидаты болып табылады.

Сондай — ақ, Әдеп кодексінде жұмыс беруші қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға, қызметкердің еңбегі мен денсаулығын қорғау бойынша шаралар қабылдауға міндетті деген ереже болған.

Сонымен бірге жұмыс берушінің мұндай міндеті еңбек заңнамасында қарастырылған және Әдеп кодексінде ұқсас талаптардың бар-жоқтығына қарамастан орында­луы керек.

Мемлекет басшысының ұстанымдары мен заң талап­тарын ескере отырып, мемлекеттік қызметтің қоғамдағы рөлі ашылды.

Яғни, Кодекс қоғамның мемлекеттік органдарға де­ген сенімін нығайту, өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыру және мемлекеттік қызметте парасаттылық атмосферасын құру мақсатын көздейді.

Мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары айқындалды.

Атап айтар болсақ, бірінші, адал ниеттілік. Бұл – қоғам игілігі үшін мемлекетке кәсіби және жауапты қызмет ету. Екінші, адалдық. Мемлекеттік қызметшінің өз міндетіне шын көңілмен қарауы. Үшінші, әділдік – жеке және заңды тұлғалардың, қоғамдық топтар мен ұйымдардың ықпалына қарамастан заңды шешім қабылдау және кез келген мән-жайларда біржақтылық пен субъективтілікке байланысты адамдарды кемсітпеу. Төртінші, ашықтық – жұртшылықпен жұмыс істеуге және олардың іс-әрекеттерінің ашықтығын қамтамасыз етуге дайындығының көріністері. Бесінші, сыпайылық – азаматтарға және әріптестеріне дұрыс және құрметпен қарау. Алтыншы, клиентке бағдарлану – көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арт­тыру, мемлекеттік қызметтерді тұтынушы ретінде халықтың қажеттіліктеріне толығымен назар ауда­ру және өтініштерді қарау кезінде бюрократия мен қағазбастылық көріністеріне жол бермеу бойынша ша­ралар қабылдау.

Сонымен қатар қызметтік әдеп стандарттары көзделген.

Яғни, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын маңызды моральдық — адамгершілік талаптар, әріптестермен және азаматтармен қарым — қатынастағы талаптар айқындалды. Олар мемлекеттік қызметте өзара қарым — қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және парасаттылық атмосферасын құруға бағытталған.

Қызметтен тыс уақытта жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстану талаптары сақталған.

Яғни, мемлекеттік қызметшілер жалпыға бірдей қабылданған моральдық — әдептілік нормаларын ұстануға, кішіпейілділік танытуға, тиісті көрсетілетін қызметтерді алу кезінде өзінің лауазымдық жағдайын баса көрсетпеуге және пайдаланбауға, қоғамдық имандылыққа қолсұғумен ұштасқан қоғамға қарсы мінез-құлық жағдайларына жол бермеуге тиіс.

Осы стандарттарды бұзу тәртіптік жауапкершілікке әкеп соғады.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және оның аумақтық органдары қызметтік әдепті бұзудың профилактикасы бойынша үйлестіруді жүзеге асырады.

Яғни, Әдеп жөніндегі комиссия мен кеңестер, әдеп жөніндегі уәкілдер бұзушылықтардың алдын алу бой­ынша жүйелі және белсенді жұмыс жүргізетін болады.

Е.БАҚТАЕВ,

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы.

Мәліметпен бөлісу: