«ДЕНІ САУ ҰЛТ» ҰЛТТЫҚ ЖОБАСЫ ӘМСҚ АЛДЫНА ЖАҢА МІНДЕТТЕР ҚОЯДЫ


2021-2025 жылдарға арналған «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы Қор алдына халыққа медициналық қызметтерді сатып алуды жоспарлау кезінде ескерілетін бірқатар жаңа міндеттер қояды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық кеңесінің отырысында Медициналық сақтандыру қорының Басқарма басшысы Болат Төкежанов мәлімдеді.

      Бірінші міндет — халықты денсаулық сақтау қызметтерімен кеңінен қамту. Бұл бағытта шалғайдағы елді мекендердегі жылжымалы мобильді кешендердің қызметтерін қоса алғанда, ауылдық елді мекендерді бастапқы медициналық-санитариялық және консультациялық-диагностикалық көмекпен қамтуды арттыру көзделеді.

Бұдан басқа, қымбат тұратын медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру және жалақыны арттыруға арналған шығыстарды ескере отырып, тарифтерді жыл сайын қайта қарау жөніндегі жұмыс күшейтілетін болады.

      Екінші міндет — жүкті әйелдердің денсаулығын сақтау және балалардың денсаулығын нығайту. Осы бағыт шеңберінде жүкті әйелдерді жеке және босануға дейінгі бақылаумен қамту, сонымен қатар медициналық көрсетілімдер кезінде экстракорпоралдық ұрықтандырудың қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты күшейту жоспарлануда.

Сондай-ақ, Қор 1 жасқа дейінгі балаларды проактивті бақылаумен және скринингтермен қамтуды арттыру, мүмкіндіктері шектеулі балаларды медициналық оңалтумен қамту бойынша жұмыс істейтін болады.

      «Бұл біздің алдымызға денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру бойынша кешенді және өзара байланысты міндеттерді қоятын «Дені сау ұлт» ұлттық жобасының негізгі сәттері ғана болды, оны іске асыруға Қор тікелей қатысатын болады», — деп атап өтті Болат Төкежанов.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»

КЕАҚ Алматы облысы бойынша филиалы

Мәліметпен бөлісу: