12 — 14 тамыз аралығында Ресейдің Уфа қаласында грэпплинг UWW күресінен жасөспірімдер мен жастар арасында әлем біріншілігі өтті. Байрақты бәсекеге облысымыздың 13 спортшысы барып, 5 алтын, 3 күміс, 4 қола медальді еншілеп қайтты.
Солардың бірі жерлесіміз Ойтоған ауылының тумасы Кен¬жебай Дарын Кадеттер арасында алтын медальды қанжығасына байлады. Жас өрен осымен 2 дүркін әлем чемпионы атанды. Бұдан бұрын ол 2019 жылы Баку¬де балалар арасында өткен әлем біріншілігінде чемпион атанған болатын.
Осыған орай, аудан әкімінің орынбасары Амандос Ақышұлы жас спортшыны, бапкерімен ар-найы қабылдады. Қазақстанның намысын қорғап, Ақсудың желкенін көтерген спортшы жерлесімізді құттықтап, аудан әкімінің Алғыс хаты мен арнайы сыйлық тарту етті. Жерлесіміздің алдағы жарыстарына да жеңіс тіледі.
Еліміздің көк туын биікте желбіретіп елге оралған Әлем чемпионы Дарын Кенжебай:
– Бұл менің әлем біріншілігіндегі екінші алтыным. Додадағы барлық қарсыласым мықты болды. Бірақ ел намысы үшін тырысып мықтыларды тізе бүктірдім. Бұл Жеңісім Еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналады. Ақсу жері менің бірінші Отаным, туған жерім, – деді.
Жеңісті күндеріміз көп болсын! Аудан аты осындай дарындары¬мызбен асқақтай берсін!
Ербол СЫМХАНОВ.