Дәстүрлі ислам деген не?

Тәуелсіздік алғалы бері дәс-түрлі Ислам діні тұрғысындағы сөздерді мешіттерден бөлек теледидар және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарынан жиі еститін болдық. Бұл кешегі қыспақтан шыққан дінімізге деген тәуелсіздіктің жаңаша көзқарасы екеніне дау жоқ. Ал осы «дәстүрлі» деген сөздің астарында қаншалықты мән-мағына жатқанын көпшілік біле бермейді. Бұлай нақтылай сөйлеуіміздің сыры неде?!

Бұған басты себеп, соңғы кездері әлемде болып жатқан діни экстремизм деген жан түршігерлік жағдайлардың орын алуы болып отыр. Шын мәніне келгенде, экстремизм мен лаңкестік әрекеттерді белгілі бір ұлтпен немесе дінмен байланыстыруға болмайды. Себебі, экстремизм, лаңкестік әрекеттер Ислам дініне ғана емес, әлемдегі кез келген дәстүрлі діндердің ешбіріне қатысы жоқ, жат іс-әрекет болып саналады.

Жоғарда айтылған «дәстүрлі Ислам діні» деген тіркеске қайта оралып, Ислам діні тарихына бір сәт назар салайықшы. Алла Тағала Құранда «Мәида» сүресінің 3-аятында: «Бүгін діндеріңді толықтырдым және нығметімді тәмамдадым. Сондай-ақ, сендерге Ислам дінін қоштап ұнаттым», – деп айтқан.

Алғашқы кезеңде Ислам тек қана Араб түбегінде таралғаны белгілі. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) дүниеден өткен соң, Құранның әрбір аятының қашан, қайда, неге байланысты түсуі себептерін және хадисті жақсы білетін ұлық сахабалар Құран мен хадиске сүйене отырып, ижтиһат (ғалымдардың белгілі бір мәселеде Құран, хадис, ижмағ, қиас секілді шариғи қайнар көздерден діни үкім шығаруы) қылып, діннің таралуына зор үлестерін қосқан. Осылайша, Ислам діні кең қанат жайып, көптеген ұлттар мен ұлыстар дінді қабылдап, сахабалар әдет-ғұрып, жер-су жағдайларына байланысты туындаған сан алуан мәселелерге нақты шешім шығарып үкімін беріп отырған. Мысал келтірер болсақ, көпшілікке кеңінен таныс, Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) өзінің сахабасы Муғаз бин Жабалды елші қылып және қазылық қызметіне тағайындап, Йемен еліне жіберер алдында Муғаздан: «Қалай үкім шығарасың?», – деп сұрайды. Сонда елші: «Бірінші жауапты Құраннан, егер таппасам сүннеттен, одан да таппасам, Құран мен сүннетке сүйене отырып өзім ижтиһад қылып шешім шығырамын», – деген екен. Бұндай жауапқа разы болған Пайғамбар (с.ғ.с) елшіні бауырына басып құшақтап ризашылық танытқан.
Сахабалардың кезеңінен бастап-ақ дінді үйрететін мәзһабтар құрылды. Олардың ең алғашқылары қатарына Абдулла ибн Омар, ибн Аббас, Айша, Абдулла ибн Масғуд секілді саңлақ сахабалар құрған Ислам негіздерін оқытып үйрететін мектептер болған. Бұлардан кейін келген табиғиндер заманында да Мәдина қаласында Саид бин Мусаяб, Куфада Ибраһим Нахаи, Альқама бин Масғуд, Басрада Хасан әл-Басри, тағы басқа мәзһабтар бой көтерді. Соңғы кездері Ислам тарихын жете білмей, «мәзһабтардың» шығу тарихын танымал болған төрт мәзһабпен ғана шектеп түсініп жүргендер де кездеседі. Көпшілігі көне кітап беттерінде ғана атаулары қалғандықтан сол кезеңдегі әһли сүннет уәл-жамағатқа кіретін оннан аса мәзһабтар болғанын біле бермейді. Алайда, шәкірттерінің аздығынан, сол ғалымдардың жазған кітаптарының біздің заманға жетпегендігінен көптеген мәзһабтар жойылып кеткен.
Осы жерде айта кетер жайт, мәзһабтарды дін атын жамылып, өзінің саяси мақсатына қолданған ағымдармен шатастыруға болмайды. Ал осы мәзһаб сөзі араб тілінде «бағыт», «жол» деген мағынаны бiлдiредi. Ал Ислам құқық зерттеушiлерiнiң терминологияларында «мәзһаб» деп толық мужтаһидтік дәрежеге жетіп, Құран және сүннетті зерттеп, салыстырып, ижтихад қылып, олардан үкім алу жолдарын үйретіп, бағыт-бағдар көрсететін жолды айтады. Қорыта айтқанда, ең жоғарғы дәрежеге жеткен ғалым мужтаһид, оның үйретуші мектебi – мәзһаб деп аталады. Біріншіден, мәзһаб тек бiр ғалым-негiздеушiсiнiң ғана еңбегi болып табылмайды, ол негiзгi қағидаға және мужтаһид имамның көрсеткен жолдарын ұстана отырып осы мәзһабқа қосқан басқа да ғалымдардың еңбегінен құралады. Бірақ, бұл жерде белгілі бір мәзһабтың, яғни өзі ұстанған мәзһабының ішінен шыққан мәзһаб мужтаһидін толық дәрежеге жеткен мужтаһидпен салыстыруға болмайды. Екіншіден, мәзһабты ұстану – бұл тек имамның ойлау жолымен келген тұжырымына ғана емес, қасиеттi аят, хадистерді түсiну жолдарына сүйену дегенді білдіреді.

Сан ғасырлардан бері кең байтақ даламызды ата-бабаларымыз көзінің қарашығындай сақтап, бір Құдайға сыйынып, дінім Ислам, кітабым Құран деп, дін істерінде жетекші Имам Ағзам көрсеткен бағытты ұстанып, қарапайым да тыныш, ынтымақ пен бірлікте өмір сүргеніне тарих куә. Бүгінгі тақырыпқа арқау болған дәстүрлі Ислам, яғни Әбу Ханифаның және оның шәкірттерінің Ислам дінін түсіндірудегі көрсеткен сара жолы сан этностардан құралған халқымызға тиімді де ыңғайлы болып, ұлтымыздың өзіне тән табиғаты және тұрмыс-тіршілігімен тығыз байланысып, қазіргі уақытқа дейін жалғасын тауып келеді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Жеңілдетіңдер, ауырлатпаңдар, сүйіншілеңдер, қорқытпаңдар», – деген хадисі және әр халықтың әдеп-ғұрыптарын сақтап дінді түсіндіруі бұның басты себебі болып табылады.
Шынымен, Құранның түсуі, хадистің айтылу кезеңдері белгілі бір шектеулі уақытты қамтыған болатын, ал күнделікті болып жатқан өмірдегі оқиғалар, шешімін күткен жаңа мәселелер тоқтаусыз туындап жатады. Қарапайым халықтың болып жатқан жағдайларға Ислам дінінің қайнар көздерінен өздері шешім шығарып, сұрақтарына жауап таппасы анық. Сондықтан, еліміздегі мұсылман қауымы Имам Ағзам мәзһабын ұстанады, өйткені қаншама дәлелдер келтіріп, Құранның түсу себептерін, үкімдерін, тіпті аяттағы әрбір әріптерге жеке тоқталып, кейін хадистерден, ижмағ, қиас, тағы басқа негіздерге сүйене отырып дәлел келтіріп қана қоймай, басқа да мәзһабтардың алдында келтірген дәлелдерін салыстырып дәлелдеу – екінің бірінің қолынан келмесі анық. Сахабалардың көзін көріп, солардан тәлім алған, толық мужтаһидтік дәрежеге жеткен ұлы имамның көрсеткен жолынан басқа жол іздеу қазіргі таңда адасқандық болады. Сан ғасыр қызмет еткен, алда да қызмет ете беретін дәстүрлі діни бағытымыздың құндылығы да осында. 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның кіріспесіндегі дәстүрлі Имам Ағзам бағытындағы Исламның халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлінің атап көрсетілуі жайдан-жай емес.

Ұлы имамның өмір тарихына тоқталсақ, сүнниттік бағыттағы Имам Ағзам мәзһабының негізін қалаған, жалпы халыққа Имам Ағзам Әбу Ханифа атымен танымал болған Нуғман бин Сабит Куфа қаласында дүниеге келіп, хижра жыл санауы бойынша 80-150 жылдары өмір сүрген. Қысқаша айтқанда, 52 жыл Умауилер (һижра бойынша 41-132 жылдары Ислам әлемінде билік құрған мемлекет) билігі кезінде, 18 жыл Аббасидтер халифаттығы (һижра бойынша 132-656 жылдары Ислам әлемінде билік құрған мемлекет) кезеңінде өмір сүрді. Әбу Ханифа табиғиндерден саналады. Өйткені сахаба Анас бин Мәлікті көріп, одан «ғылым үйрену барлық мұсылмандарға парыз» деген хадисті жеткізген делінеді. Сондай-ақ, әл-Харам мешітінде сахаба Абдулла бин Харис аз-Зайдимен кездесіп, одан: «Дінде кім фақих (ислами заңдар маманы) болса, Алла тағала оларға жақсылық және еш өлшеуі жоқ ризық берді», – деген хадисті жеткізген.

Имам Ағзам мәзһабының фиқх ілімін түсіндірудегі негіздері екінші халиф Омардың Құран мен хадистерді талдап түсіндіру жолдарынан алынды. Сонымен қатар, Әбу Ханифа төртінші халиф Әлидің Ислам халифаттығын Куфа қаласына көшіруін, кейінен осы орталықтан шыққан шариғат үкімдеріне сай алынған пәтуалар мен мәселелерді кеңінен пайдаланды. Әбу Ханифа Хамад бин Аби Сулейман, Ибраһим Нахаи, Алқама ән-Нахаи сияқты ұстаздарынан ілім алған. Бұған қоса, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) ұлық сахабаларынан болған, Құранға ең алғашқы тәфсир жасаушылардың бірі саналатын, Ирак еліне фиқһ ілімін таратудағы бірінші ұстазы Абдулла ибн Масғудтың толықтай көрсеткен ұстанымдарын алған.
Дәстүрлі Исламның маңыздылығы тек фиқһ мәселесіндегі негіздермен тоқталып қалмай, сол кезеңдегі сенім, тағдыр тұрғысында Хауариж, Муғтазила, Парсы философиясы секілді күрделі тақырыптарды қамтыған ой-пікірлеріне ұтымды дұрыс жауаптар беріп отырды.

Ислам әлемінде бес жүз жылдан аса уақыт осы Имам Ағзам мәзһабының негізінде көптеген пәтуалармен мәселелердің шешімі шығарылды. Мұның басты себебі, Ханафи мәзһабын тарқатқан Имам Әбу Юсуф, Мұхаммед Хасан Шайбани, Зуфар бин Хузайл және Хасан бин Зияд секілді өз мәзһабтарының ішінде мужтаһидтік дәрежеге жеткен атақты шәкірттері болды. Кейбір қолжазба деректерде имам Ағзамның көзі тірісіндегі дәріс алған шәкірттерінің өзі қырық мыңның үстінде болған делінеді.
Өткенді саралап, қазіргі таңдағы Қазақстандағы діни жағдайларға оралсақ, халқымыз егемен ел атанып, өз тәуелсіздігіне қол жеткізгендігіне жиырма жылдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында қол жеткізген жетістіктеріміз де, жіберген кемшіліктеріміз де жоқ емес. Әсіресе, тәуелсіздігіміздің бастапқы жылдары елімізге Ислам дінін бетперде қылып, өздерін нағыз дінді таратушымыз дейтін көптеген ағымдардың енуі. Мәзһабты ұстанбайтын немесе Ханафиттік мәзһабты ұстанамыз деп бүркеніп, өзіндік ұстанымдарын алға тартып, халықтың сана-сезіміне теріс әсер етіп, дұрыс жолдан адастырып жүрген кейбір діни ағымдар елімізде кездеседі.

Қазіргі басты мақсат – бұрынғы жіберген кемшіліктерімізді сарапқа салып, одан қорытынды шығарып, алда болатын асуларымызды бағдарлай біліп, болашаққа дайын болу. Сондықтан діни сауат ашу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуі қажет. Ата-дәстүрімізге, салт-ғұрпымызға сай келетін, сан ғасырлардан бері Ислам дінін үйретіп, насихаттауда дұрыс бағыттағы жол көрсеткен Имам Ағзам мәзһабының жолын дамыта беру керек. Халқымыздың діни тұрғыда білімін жетілдіріп, теріс діни ағымдардың жетегіне кетуіне жол бермеуге тиіспіз. Олардың қоғамға қаншалықты зиянды жақтары бар екендігін айтып түсіндіргеніміз абзал. Өйткені, еліміздегі теріс діни ағымдардың көбеюі, осы ағымдарға кірген бауырларымыздың бір-біріне және қоғамға көзқарастарының және ой-пікірлерінің, іс-әрекеттерінің сол тараптан басқарылуы халқымыздың бейбіт тіршілігі мен сан ғасырлардан бері қолданып келе жатқан салт-дәстүрлерімізге, сонымен бірге дәстүрлі діни ұстанымымызға қарама-қайшылық туғызады.
Осы жағдайлардың алдын алу мақсатында, Қазақстандағы псевдо-исламдық ағымдарға қарсы ата-баба-ларымыздың ежелден ұстанып келе жатқан, исі қазақ халқымыздың озық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарымен біте қайнасқан Имам Ағзам мәзһабын негізге ала отырып, рухани сауаты жоғары, білімді жастарымызды көбейту үшін ұлттық рухымыздың мәйегі Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп сынды ғұламалардың жазған еңбектерін кеңінен пайдалануымыз керек. Осылайша, жас ұрпаққа үлгі-өнеге, тура жол көрсетіп, ел тізгінін қолына алар жастарымыздың көздері ашық, көкірегі ояу болуын қамтамасыз ете аламыз.

Алла тағала Құранның Бақара сүресінде: «Дінде зорлық жоқ», – деген аят келтірген. Бұл, біріншіден, Ислам дініне зорлықпен тартуға болмайтындығын білдіреді, екіншіден, қабылдайтын болса, әркім мұсылмандықтың қандай түрін болса да қабылдасын, қалаған жолды ұстасын деген түсінік емес, ежелгі тарихы мен теориялық негіздері бар ұстанымды таңдау қажеттігін білдіреді. Біздің сөз басында «дәстүрлі Ислам діні» деуіміздің мәні де осында.
Ал Исламды қабылдаған соң діннің қойған талаптары мен шарттарын, бұйрықтарын орындау, мұсылмандар арасында топқа, жікке бөлінбеу кімге міндет болып табылады. Әрбір адам өз елінің азаматы ретінде, өз мемлекетінің, қоғамның және келешек ұрпақтың тыныш өркендеп өсуіне, болашағына жауапты екендігін естен шығармауы қажет. Сонда ғана қазіргі таңда әлемде кең етек алып отырған індеттермен күресіп, теріс, арам пиғылдағы идеология мен саясатқа, лаңкестік әрекетердің қанат қағуына жол берілмейді.

Мәліметпен бөлісу: