ДҰРЫС ІЗ ҚАЛДЫРУ БІЗДІҢ ПАРЫЗЫМЫЗ

kazakhstan-atomic-station.jpgӘр адамның бала күннен дара күнге дейін жүріп өтетін жолы болады. Даналық жол деңгейге жету тас жолдай түзу сызық емес. Демек бұралаңы мен бұрылысы, жеңілі мен жеңісі таспадай қатар өріліп отыруы заңды құбылыс. Демек туған елдің ұлы болу үшін де, осының бәріне шыдас беру қажет. Ол үшін адамға үлкен жүрек, жанкештілік керек-ау деймін.

Боркемік болсаң бордай езілесің, талабыңмен табындырсаң тау қопарасың. Біздің ауданымыздағы тағдыр жолындағы сан түрлі кедергілерге мойымай ерен еңбегі ел есінде сақталып, ер есіміне қылау түсірмей еңбек еткен жандар бүгінде ақ жаулықты ана, ақ сақалды ата болды. Ауданымыздың ардагерлер кеңесінің мүшелері болып, қартайса да атқарылып жатқан сан түрлі іс — шаралардың басы қасында болып, ақыл – кеңестерін айтып, ақ баталарын беріп, тіпті кей кезде өздері де атсалысып кетіп жататындары бар.

Ендеше алдымен ардагерлерімізді келе жатқан халықаралық қарттар күнімен құттықтаймын.

Біз аудан ардагерлері тек қана аудандағы мәселелерге ғана емес елімізде болып жатқан өзгерістер мен Мемлекет басшысының халыққа Жолдауларын бірге отырып талқылаймыз.

Осы жолы Жолдауда көтеріліп отырған үлкен мәселелердің бірі елімізде атом электр стансасын салу жобасы.

Елімізде АЭС салу бұл ел дамуының негізгі күші болатынына біз сенімдіміз. Кезінде тоқырау заманда электр жарығының тапшылығын көрген үлкендер бұл бастаманы қолдайды.

АЭС тің салынып болғанын біздің көру – көрмеуіміз әлдеқандай. Ол алдағы он – он бес жылдың жоспары. Алайда артымызда қалатын ұрпаққа дұрыс жол сілтеп, дұрыс бағыт беріп, дұрыс із қалдыру біздің парызымыз.

Амангелді Айтбаев,

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Мәліметпен бөлісу: