
Робототехника – жай ғана техника құрастыру емес, ол – жас ұрпақтың ойлау қабілетін дамытып, ізденіске жетелейтін, жаңалық ашуға деген құштарлығын оятатын үлкен мүмкіндік.
Бүгінгі заман – білім мен ғылымның, технология мен инновацияның дәуірі. Әлем күн сайын өзгеріп, адамзат жаңа технологиялық жетістіктерге қадам басып келеді. Осындай кезеңде ел болашағын ойлайтын әрбір ұстаздың алдында үлкен міндет тұр. Ол – заман талабына сай білімді, ізденімпаз, жаңашыл, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында білім, ғылым, цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту мәселелеріне айрықша назар аударып келеді. Президенттің: «Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек» деген стратегиялық тапсырмасы – еліміздің технологиялық дамуына бағытталған маңызды қадам.
Ал 2026 жылғы Жолдауда да білімнің, ғылымның, инновацияның және адами капиталдың ел болашағындағы рөлі ерекше атап көрсетілді. Бұл – білім беру саласында еңбек етіп жүрген біздер үшін үлкен жауапкершілік әрі айқын бағдар.
Менің ұстаздық жолымдағы негізгі мақсатымның бірі – оқушылардың бойындағы техникалық шығармашылық қабілетті ашу, олардың робототехника саласына деген қызығушылығын арттыру. Өйткені робототехника – баланы тек робот құрастыруға үйрететін бағыт емес. Ол баланы ойлануға, мәселені шешуге, қателіктен сабақ алуға, өз идеясын жүзеге асыруға баулиды.
Робототехника үйірмесінде әрбір шәкірттің кішкентай ғана идеясынан үлкен ізденіс басталады. Алғашқыда қарапайым бөлшектерді құрастырып, қозғалысқа келтірудің өзі бала үшін үлкен жаңалық. Уақыт өте келе олар өздігінен жобалауды, бағдарламалауды, инженерлік шешім қабылдауды үйренеді. Ең бастысы – бала дайын дүниені пайдаланушы ғана емес, жаңа дүниені жасаушы болуға ұмтылады.
Ұстаз үшін шәкіртінің жетістігін көруден асқан бақыт жоқ. Өткен жылы шәкірттерімнің Астана қаласында өткен байқауда жоғары нәтиже көрсетіп, Бас жүлдеге ие болуы – мен үшін ерекше қуаныш әрі атқарылған еңбектің жемісі болды.
Бұл жеңіс – бір күндік дайындықтың немесе кездейсоқ сәттіліктің нәтижесі емес. Оның артында үздіксіз ізденіс, табандылық, талпыныс, сан мәрте қайталанған тәжірибе, сәтсіздіктен кейін қайта талпыну және үлкен еңбек жатыр.
Байқау барысында шәкірттерім өз білімдері мен қабілеттерін көрсетіп қана қоймай, алған білімдерін іс жүзінде қолдана алатындықтарын дәлелдеді. Олардың жетістігі маған ұстаз ретінде үлкен сенім ұялатты. Себебі бүгін робот құрастырып, бағдарламалауды меңгеріп жүрген бала – ертең ел экономикасын дамытатын инженер, IT маманы, ғалым немесе өз жаңалығын әлемге танытатын өнертапқыш болуы әбден мүмкін.
Әрине, мұндай жетістіктің артында ата-ананың қолдауы, мектеп ұжымының сенімі, шәкірттердің ынтасы мен ұстаздың еңбегі қатар тұрады. Сондықтан бұл жеңісті ортақ қуаныш деп білемін.
Мемлекет басшысы Жолдауда елдің технологиялық әлеуетін арттыру, жасанды интеллектіні дамыту, білім мен ғылымды жаңа деңгейге көтеру міндеттерін айқындап берді. Осы міндеттерді жүзеге асыру ең алдымен білім беру мекемелерінен, ұстаздардан және бүгінгі жас ұрпақтан басталады деп ойлаймын.
Біз балаларға тек білім беріп қана қоймай, сол білімді өмірде қолдануға үйретуіміз керек. Олардың бойында сыни ойлау, шығармашылық ізденіс, технологиялық сауаттылық, жауапкершілік пен табандылық қасиеттерін қалыптастыруымыз қажет.
Өйткені болашақта елдің бәсекеге қабілеттілігі табиғи байлықпен ғана емес, адам капиталымен, ғылымымен, технологиялық жаңалықтарымен өлшенеді.
Алпамыс ҚАЗБАНБЕТОВ,
Қ.И.Сәтбаев атындағы орта мектеп – гимназиясының мұғалімі.
