БІРЖАН МЕН САРА АЙТЫСЫ — ХАЛЫҚ ӨНЕРІНІҢ БИІК ШЫҢЫ

Біржан Салдың туғанына 185 жыл толуына орай

Халқымыздың көнеден келе жатқан өнерінің бірі, ол – айтыс. Айтыс десе ішкен асын жерге қойып, ұйып тыңдап, ләззат алып, делебеміз қозатын халық емеспіз бе?! Сонау ХІХ-ғасырда қазақ даласына кеңінен тараған бұл өнердің түрі бүгінгі күнге дейін өзінің өміршеңдігін еш жоғалтқан емес. Бұл өнеріміз уақыт өте келе сан қырлары ашылып, даму үстінде. Айтыс өнерінде аты алты алашқа танылған өз дәуірінің атақты ақындары: Шөже, Балта, Орынбай, Кемпірбай, Тезек төре, Сүйінбай, Жамбыл, Түбек, Омарқұл, Тәбия, Мұрат, Сүгір, Жаскілең, Бала Омар, Майасар, Қуат, Бақтыбай, Біржан ақындармен бірге ақын Сара Тастанбекқызының да есімі қатар аталады. Сара көптеген ақындармен айтысқа түскені мәлім. Олар: Тәсібек, Ермек, Құдайберген, Арсалаң ақын, Төребай, Біржан Сал. Сол айтыстарының ішіндегі шоқтығы биігі, бүгінде ұлттық мәдениетіміздің үлкен мұрасы болған «Біржан мен Сара» айтысы.

Біржанның Сараны арнайы іздеп келуінің де өзіндік сыры мен мән — мағынасы бар екенін ескере кеткен жөн деп білемін. Біржанның айтысына мән берер болсақ, Сараның есіміне бұрыннан  қанық, өнері мен сұлулығына ынтызар екенін байқауға болады. Сараның оған дейін де талай ақындармен айтысқаны мәлім.

Біржан мен Сара айтысын ең алғаш 1898 жылы Қазан қаласында “Қисса Біржан сал менен Сара қыздың айтысқаны” деген атпен Жүсіпбек қожа Шайхисламұлы жариялаған. Бұдан кейін де, бірнеше рет қайтап бастырылған. Бұл жөнінде жазушы Тәңірберген Қалилаханов өз жазбаларында мағлұмат берген. Бұл айтыс ауыздан ауызға, адамдар арасында да тараған деп келтіріледі. Қазақ ауыз әдебиеті тарихынан ерекше орын алатын Біржан мен Сара айтысы көркемділік құрылымы жағынан маңызға ие, ұйқасты, мағыналы, тартысқа толы, сан қырлы болып келеді.  Қоғамдық, таптық мәселелер де тыс қалмаған.  Екеуінің сөз тапқырлығы жағынан ерекшелене отырып,  бірін — бірі қағытпа сөздермен де қағыта сөйлеп, екпіндете шабатын тұстары жиі кездеседі. Біржанның таптап сөйлеу, тиісе, қағыта сөйлегеніне, Сара еш қиындықсыз, мағыналы түрде жауап қайтара, өзінің біліктілігі мен тапқырлығын көрсете білді. Айтыста Сараның айтар ойы ретті, мазмұнды, нақты екенін аңғару қиын емес. Тайпалған жорғадай тереңнен сөз тауып, Біржанды қақпайлай шарықтап алға шыға берді. Әдісқой, алғыр Біржан Сараны оңайлықпен жеңе алмайтынына көзі жеткен болуы керек сірә, Сараны сөз шырмауынан шығармай,  бұғаулап, ұстап алатын ұтымды жағын пайдалауды көздейді. Ол үшін Сараның осал, жанды жерінен ұстағанды жөн көрді. Ал, Сараның жалғыз ғана кемшілік тұсы өзіне сай емес, Тұрысбек Маманұлының малшысы Жиенқұлға атастырылуы еді. Біржан осы ұтымды сәтті пайдаланып, Сараға Жиенқұлды халық алдына шақырып, өзімен таныс-тыруын талап етіп, былай дейді:

«Көрейін, кісі жібер, күйеуіңе,

Көнбейді жаман болса сүйеуіңе,

Сабазың қандай екен,

                                       көзім көрсін,

Адамның таласатын біреуіне…»

— дейді.

Сонда Сара өзінің мұңын, тағдырын Тұрысбек пен Есімбек қажыға, халыққа қарата:

«…Көрмейсіз неге менің

                                 көз жасымды,

Жеңбек боп Біржан солай

                                     сөз қашырды.

Жиылған Қаптағайдың

                                        жақсылары,

Басқаға айырып бер өз басымды…» — деп, мұңын шағады. Тағдыры ащы, қиындықты, жоқшылықты көп көрген Сараның әділетсіздікке қарсы тұруға ешбір шамасы да келмеген еді. Десек те, бұл да сол замандағы таптық, әлеуметтік мәселелердің көрінісі еді. Сара Біржанға ізеттілік білдіріп, жолын ұсынды. Біржан аға ретінде Сараны халық алдында Тұрысбек, Есімбек қажыдан араша сұрады. Халқы қолдады. Сараға бата беріліп, азат қыз атанды. Иә, бұл айтыс Сараға азаттық алып берді. Осы айтыстан кейін Сара «Жетісудың бұлбұлы» деген атқа ие болды.

Біржан мен Сара айтысы өнегелік, мәндік сипат көрсетті десе де болады. Жалпы қазақ айтысының мәні қандай да бір мәселені шешу, қандай да айтар ойды жеткізу, халыққа тәрбиелік мән беру үшін маңызға ие. Осы тұрғыдан халықтың өнер арқылы бір ұлтты тәрбиелеуге де болатынының көрінісі деп түсінемін. Айтыс өнері арқылы айшықты, кемелді ой айтылып, ал ол сөзге тоқтаған ел ағалары мен халық – қандай бақытты. Бұл дегеніміз біздің ұлттық өнеріміздің деңгейінің кемелділігін көрсетеді. Бір ғана Біржан мен Сара айтысы арқылы сол замандағы қоғамдық — әлеуметтік жағдайын, тарихын, мәдениетін толық сезіне аламыз. Бұл да біздің өркениетке иә, мәдениетіміздің жемісі.

Қ.Әбдірахманұлы,

Ақын Сараның

мемориалды музейінің қызметкері.

Мәліметпен бөлісу: