ОРТА БІЛІМНІҢ САПАСЫ – ТАБЫСТЫ ҰЛТ БОЛУДЫҢ ТАҒЫ БІР МАҢЫЗДЫ ШАРТЫ. ӘРБІР ОҚУШЫНЫҢ БІЛІМ АЛЫП, ЖАН-ЖАҚТЫ ДАМУЫ ҮШІН ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛУҒА ТИІС. СОЛ ҮШІН «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ҰЛТТЫҚ ЖОБАСЫ ҚОЛҒА АЛЫНДЫ.
ЕЛ ПРЕЗИДЕНТІ ҚАСЫМ — ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖОЛДАУЫНАН.
Кез — келген мемлекеттің болашағы – білімді жастар. Көзі ашық, көкірегі ояу кез-келген білімді ұрпақ өз Отанын дамыту жолында аянбай тер төгеді. Қазіргі бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заманда «жалқаулықты жанға серік етіп жатудың» өзі әбестік. Жалын мен жігерді, ізденіс пен талпынысты талап ететін жастық шақта ел болашағы үшін еңбек ету жастардың басты міндеті.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе»,-дегендей еңсесін енді ғана көтеріп келе жатқан біздің Жаңа Қазақстан үшін дарынды, білімді, жігерлі ұрпақтардың орны бөлек. Мемлекетіміздің мықты, халқымыздың әлеуетті болуы, алдымен, отаншыл, мақсатшыл және білімді азаматтардың қолында. Еліміз бәсекеге қабілетті болуы үшін ұрпағымыз ақиқатшыл, білімді болуы керек. Ал, барлық жігер, қайрат, еліміздің болашағы тек жастардың қолында. Жастарды білім жолына салып, түзу жолдан тайдырмай, санаға сәуле шашар оқу білімнің тізгінін ұстату мемлекет пен қоғамның міндеті саналады. Қандай мықты мемлекет болмасын жастардың білімі мен оқу-ағарту ісіне көп көңіл бөледі. Келешектің іргетасын қалау үшін, ең алдымен сол елдің жастарының саналы ұрпақ болып жетілуіне күш салу керек.
Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында орта білімнің сапалы болуы табысты ұлт болудың маңызды бір шарты екенін айтып, әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалу қажеттігіне тоқталды. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынып. 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасалынып, еліміздегі үш ауысыммен оқитын мектептер мәселесі толығымен шешіледі. Әлеуметтік тұрғыдан әлсіз саналатын кейбір топтағы балалар бюджет есебінен мектеп формасымен қамтамасыз етіледі. Педагогикалық жоғарғы оқу орындарын аккредициялаудың жаңа стандарты қабылданып, ұстаздардың құзыреті айқындалады. Мемлекеттік ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесіне және басқа да көрсеткіштерге байланысты білім гранттары әртүрлі деңгейде 30-дан 100 пайыз аралығында бөлінеді. Білім беру ваучерлері енгізіліп, баланың білім алуына, оның ішінде сыныптан тыс оқуына мемлекет тарапынан бөлінетін қаражат бірыңғай білім беру есеп — шоттарында жинақталады.
Жоғарғы білім алуға жағдай жасалып, жылдық өсімі 2-3 пайыз болатын жеңілдетілген несие беріледі. Жоғарғы оқу орындарына мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату арқылы студенттік жатақханалар салу мәселесін шешу тапсырылып, студенттердің жекелеген, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған санаттары үшін пәтер жалдауға кететін шығынын субсидиялау мүмкіндігін қарастыру тапсырылды.
Президентіміз: «Әділетті Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екені сөзсіз. Мемлекетімізде соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой — беделін арттыру үшін көп жұмыс жасалды. Дегенмен, бұл бағытта әлі де біршама өзгерістер жасау қажет», – деп атап өтті. Ел болашағының жарқын болуы үшін келешек ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздар өздеріне жүктелген зор жауапкершілікті, абыройлы міндетті барынша адал атқаруға тер төгуде.
Қазіргі таңда Қазақстан – өркениетті, дамыған елдер қатарына енген мемлекет. Тәуелсіздік жастарға жарқын болашаққа жол ашып берді. Осы мемлекетті одан да биіктен көрсету – білімді жастардың қолында.
Бегімбек РАМАЗАНОВ,
аудандық білім бөлімінің басшысы.