Батыр бабамыз Нұрсұлтан Есеболатов атындағы біздің ауыл өте береке — бірлігі ұйыған, ынтымағы жарасқан, тату — тәтті ауыл. Оның дәлелі алғашқылардың бірі болып, атты сарбаздар ұйымдастырып, ауылдың тыныштығын қорғаған ауыл.
Кейіннен әлеуметтік желілер арқылы ауылымызда «Алға Діңгек» т.б. чаттар ашылып, ауылымыздан алыста жүрген жерлестеріміз ауылдың дамуына үлкен үлес қосты. Олардың ішінде марқұм Нұртілеу Иманғалиұлы да бар еді. Сол жақсы дәстүр әлі күнге дейін жалғасып келеді.
«Малым жанымның садақасы, жаным арымның садақасы»,-деп өскен елміз ғой. Менің бауырым Егізбаев Батырхан да ауылда аздаған мал ұстайтын. Жақында тілсіз жаудың кесірінен қысқа дайындап қойған мал азығы, бір мая шөбі бірақ өртеніп кетті. Отты тоқтатуға мүмкіндік болмады. Кеуіп тұрған шөп бір демде күлге айналды.
Осы кезде ауыл жастары да үнсіз қалмай көмекке келді. Ауылдың азаматтары Ернұр Бейісбеков, Ерлан Осман, Амангелді Бұрхабаев, Бейбіт Сәбитұлы бастаған ауыл жастары жиналып, 200-ге жуық престелген шөп, жоңышқасы мен шөбі аралас, бір тонна жем т.б. қажетті мал азығын бір күнде жинастырып алып келді. Бұл жағдайды естіген сырттағы ауыл азаматтары ақшалай көмектерін көрсетіп, ауылдың берекесін көрсетті.
«Бетеге кетсе бел қалар, берекең кетсе нең қалар?» — деген ғой ата — бабаларымыз. Осындай ауылдың берекесін кетірмей, мерекесін көбейтіп жүрген ауыл азаматтарына алғысымыз шексіз.
Олар осы бір шаңырақтың ауыртпалығын ғана жеңілдеткен жоқ, ауылдағы көптеген игі істерге ауыл болып атсалысып келеді. Биылғы жылы шөп тапшылығын көрген оңтүстікке де ауыл азаматтары қолдарынан келгенше көмек көрсетті.
Осындай береке — бірліктерің ешқашан ажырамасын, ауылдың жанашырлары болып жүре беріңдер. «Ауылына қарап азаматын таны»,-деген ғой. Осындай азаматтары бар ауыл әрқашан дами берері сөзсіз.
Бауыржан ЕГІЗБАЕВ,
ауыл тұрғыны.