«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Алматы облысы бойынша филиалының директоры Бекжунусов Ермек Құралбекұлымен сұхбат
Алматы облысында мемлекеттік қызметтердің 71 пайызы электронды форматта көрсетілді
Ағымдағы жылдың сәуір айында «Азаматтарға арналған үкіметтің» құрылғанына 3 жыл толды. Осы үш жыл ішінде мемлекеттік корпорацияның басты жетістігі қандай?
Дұрыс айтасыз, үш жыл бұрын Елбасының Ұлт жоспары – 100 нақты қадам аясында әлуметтік қорғау, жер қатынастары, мүлікті рәсімдеу, халыққа қызмет көрсету секілді төрт ірі саланы біріктіру арқылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы құрылған болатын. 2018 жылдың 30 шілдесінен бастап Әділет министрлігінің құзіретіндегі жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу қызметі мемлекеттік корпорация арқылы көрсетіле бастады.
Аз уақыттың ішінде қайта ұйымдастыруды сәтті орындаған жаңа құрылым биыл мемлекеттік қызметтердің ISO 9000 сериялы халықаралық сертификаттауынан өтіп, өзінің басты құндылығы ретінде «Саналы қызмет- сапалы нәтиже» қағидасын («Sanaly qyzmet – sapaly natije»), «SANA» (senim, ashyqtyq, abyroi, nàtije) сандық мәдениет кодын жариялады. Осылайша, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік қызметтердің бірыңғай провайдерін құру және сапа менеджменті стандарттарына сәйкестікке халықаралық деңгейдегі сертификаттаудан өтуді жүктеген «100 нақыт қадам – Ұлт жоспарының» 100-ші қадамын толық орындап отыр.
- Бүгінде мемлекеттік қызметтердің көбі онлайн форматта қолжетімді. Осы жаңашылдықтар туралы айтып берсеңіз?
Қазіргі таңда мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізілімінде 742 мемлекеттік қызмет тіркелсе, оның 634-і корпорация арқылы көрсетіледі. Оның ішінде 531 қызмет электронды үкімет порталы арқылы қолжетімді.
Осы ретте айта кету керек, мемлекеттік корпорацияның Алматы облысы бойынша филиалымен 3 жылда 10,7 млн (10 759 183) қызмет көрсетілді, оның 7 млн-нан астамы, яғни 71 пайызы (7136350) электронды түрде берілген. Жүйелі насихат жұмыстарының нәтижесінде онлайн қызметтерді пайдаланушылар қатары күн санап артуда. Бүгінде бір реттік пароль арқылы 52, ал Telegram-бот мобильді қосымшасы арқылы 25 кызмет алуға болады. Қызметтерді цифрландыру және композитті форматта ұсыну азаматтардың уақытын үнемдеп, қажетті анықтамаларды үй жағдайында алуға мүмкіндік берді.
Бұл үшін азаматтар кез келген фронт-офиске келіп телефон нөмірі мен жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) мобильді азаматтар базасына тіркесе болғаны. Мgov арқылы әлемнің кез-келген жерінен 80-ден аса қызмет түріне қол жеткізуге болады. Атап айтқанда, тұрғылықты жері туралы, жылжымайтын мүлікке құқықтары, соттылығы бар-жоқтығы туралы анықтамалар, төлемдерді (айыппұлдар, салық) оңай төлей аласыз. Айта кетейік, үш жылдың ішінде Алматы облысы бойынша 582 570 адам мобильді азаматтар базасына тіркелген.
Мысалы, бір ғана Telegram-бот арқылы кең тараған анықтамалар, әлеуметтік мәртебені тексеру мен базалық зейнетақы төлемінің көлемі туралы ақпарат алу, емханаға тіркелу, дәрігерге жазылу және дәрігерді үйге шақырту, сондай-ақ халыққа қызмет көрсету орталығында кезекті брондау қызметтері қолжетімді. Сондай-ақ, өзіңізге жақын жерде орналасқан ХҚО туралы біліп, бала тууға байланысты проактивті қызметтерді алу мүмкіндігі бар. Яғни, туу туралы куәлікке тапсырыс беру, бала туылуы бойынша жәрдемақыларды рәсімдеу және сәбиді балабақшаға кезекке қою тіпті жеңілдей түсті. Алдын-ала белгіленген командаларды жолдап, SMS-кодпен растау арқылы анықтамалар мен сервистер туралы ақпаратты сұрата аласыз. Сондай-ақ барлық ақпаратты қолданушының электрондық поштасына жолдау мүмкіндігі де қарастырылған.
Жақында аймақта миграциялық орталық ашылды. Бұл орталық қандай функцияларды орындайды?
Көші-қон қызметтерін көрсету орталығы өткен жылдың желтоқсан айында Іле ауданында ашылды. Мұнда шетелдік еңбек мигранттары «бір терезе» қағидасы бойынша бекітілген стандартқа сай мемлекеттік қызметтер алады. Бұған дейін шетелдіктер жұмыс істеуге рұқсат алу құжаттарын дайындау үшін бес күн жүрсе, енді медициналық тексеріс пен дактилоскопиядан өту, сақтандыру полисін рәсімдеу және жеке сәйкестендіру нөмірін алу секілді қызметтер бір ғимаратта, бір сағаттың ішінде рәсімделеді.
Орталықта14 маман жұмыс жасайды. Бұл ҚР ІІМ-мен бірлескен жоба.Орталық арқылы шетелдіктер жұмыс істеуге рұқсат беретін құжатты алып, ҚР аумағына уақытша келетіндер жеке сәйкестендіру нөмірін рәсімдей алады. Үстіміздегі жылдың 4 айында орталық 13 889 қызмет көрсетті.
Жаңа айтып өткен композитті қызметтер туралы толығырақ айтып берсеңіз?
Өздеріңізге белгілі, мемлекеттік қызметтерді «бір терезе» қағидатымен бір жерде ұсыну азаматтардың түрлі мемлекеттік органдармен тікелей байланысын тоқтатып, сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің алдын алуда тиімділігін көрсетті. Бүгінде мемлекеттік корпорация қызметтерді одан әрі жеңілдету мақсатында проактивті және композитті форматқа көшті.
Композитті қызмет – бұл бір өтінішпен бірнеше мемлекттік қызметтерді алу. Қазіргі таңда корпорация арқылы көрсетілетін 55 мемлекеттік қызметтер 21 композиттік қызметке оңтайландырылды. Бастапқыда пилотты режимде енгізілген жоба азаматтар арасында кеңінен қолдау тапты, әсіресе, аймақ тұрғындары жасына қарай зейнетақы төлемдерін тағайындау, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерін және БЖЗҚ зейнетақы төлемдерін бір өтінім бойынша тағайындау қызметін кеңінен қолданады.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетілетін қызметтер жайлы тоқталсаныз?
«Азаматтарға арналған үкіметте» мемлекеттік қызметтерді кедергісіз және сапалы көрсетуге барлық мүмкіндіктер жасалған. Біздің фронт-офистер мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы қызмет көрсету орындарымен жабдықталған және пандус, шақырту қоңырауы орнатылған. Сонымен қатар 1 және 2 топ мүгедектігі бар азаматтар барлық мемлекеттік қызметтерді «1414» бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалу арқылы біздің мамандарды үйіне шақырып, өзіне керекті мемлекеттік қызметке тапсырыс бере алады. 3 жылда мемлекеттік корпорацияның Алматы облыстық филиалы арқылы 2 мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі азаматқа 115 351 қызмет көрсетілді. Айта кету керек, мұнда жылжымайтын мүлік пен құжаттандыру бойынша қызметтерге, электрондық анықтамаларға сұраныс көп.
Сөйлеу және есту қабілеті бұзылған тұлғалар да ерекше назарда. Бұл категориядағы азаматтар онлайн режимде сурдоаударма арқылы ымдау тілінің кәсіби маманымен арнайы қосалқы монитор арқылы шынайы уақыт режимінде ым-ишарат тілінде тілдесіп, қажетті құжаттын ала алады. Бүгінде филиалда сурдо-аударма тілін меңгерген 80 астам маман жұмыс істейде. Қызметкерлер ымдау тілін меңгеру үшін арнайы оқытудан өткен. Сондай-ақ, филиалда 55 мүмкіндігі шектеулі жан жұмысқа қабылданып, бүгінде бекітілген штатқа сәйкес қызмет көрсетеді.
Мемлекеттік корпорация халыққа қызмет көрсету орталығы ғана емес, басқа да салаларды қамтитынын тұрғындардың бірі білсе, бірі біле бермейді. Мысалы, жер саласы бойынша қызметтер.
Дұрыс айтасыз, мемлекеттік корпорация қызметінің басты бағыттарының бірі жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық зерттеу саласы үш жыл ішінде бағыты бойынша қызметтерін оңтайландырудан өткізді.
Атап айтқанда, құжаттар топтамасын және қызмет көрсету мерзімдерін қысқарту бағытында бірнеше сәтті пилоттық жобалар іске қосылды. Сондай-ақ, жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру рәсімдерін оңайлату, жер учаскелерінің кадастрлық құнын анықтау бойынша қызметті алу уақыты едәуір қысқарды.
Жалпы мемкорпорация жер-кадастрлық монополиялық қызметтердің 26-сын және жерге орналастыру жұмыстарының 11 түрін көрсетеді. Қазіргі уақытта екі немесе одан да көп қызметті бір өтінішпен алуға болатын композиттік қызметтерді қалыптастыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Бұдан басқа, «Азаматтарға арналған үкімет» 2018 жылдың шілде-желтоқсан айларынан бастап жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу және жылжымалы мүлік кепілін тіркеу саласында 12 қызмет көрсете бастады. Сонымен қатар әлеуметтік төлемдерді есептеу және жәрдемақылар тағайындау бойынша да қызметтер корпорацияның құзіретінде.
Осыдан бір жарым жыл бұрын ашылған мамандырылған ХҚКО-ың бүгінгі күнде бет алысы қалай?
Мамандандырылған бөлім 2018 жылғы 14 желтоқсанда ашылды. Мұнда көліктерді тіркеу, қайта тіркеу, жүргізуші куәліктері мен көліктерге мемлекеттік нөмірлерді беру мемлекеттік қызметтері көрсетіледі. Орталық арқылы ашылған сәттен бастап 1 сәуірге дейін 194 643 қызмет көрсетілді. Қазір жоғары сұраныстағы нөмірлер ашық саудада. Кез келген жүргізуші өзіне ұнаған нөмірін таңдай алады. Осы орайда, бүгінгі күні 176 жоғары сұраныстағы нөмір сатылып, мемлекеттік қазынаға 45,2 млн (45 240 754) теңге құйылды.
Жүргізушілер үшін тағы да жағымды жаңалық – қазір көліктерді тіркеу, қайта тіркеу, жүргізуші куәлігін ауыстыру қызметтерін egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы онлайн түрде рәсімдеуге болады.
Енді азаматтар бұрынғыдай бірнеше күн жүрмейді, бұл қызметтер бас-аяғы бірер сағата дайын болады. Ол үшін электрондық-цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет. Қызмет алушы еgov.kz порталында авторизациядан өткеннен кейін электрондық өтінішті толтырып, ЭЦҚ-мен қол қоюы тиіс. Сондай-ақ мемлекеттік баж салығы мен айыппұлдарын онлайн төлеу мүмкіндігі бар. Мамандандырылған бөлімге тек дайын құжатты алып кетуге келеді немесе Қазпочта курьерлері арқылы үйіне тапсырыс бере алады.
Онлайн қызметті жыл басынан бері 1 600 тұрғынғын пайдаланды. Есепті мерзімде 600-ден астам көлік құралы тіркеліп, 1 мыңға жуық жүргізуші куәлігі ауыстырылды.
«Азаматтарға арналған үкімет» өзін мемлекеттік қызметтерді оңтайландыруда жаңашылдықтың жаршысы ретінде танытты. Алдағы уақытта қандай жаңалықтармен қуантпақшысыздар?
Бүкіл әлем цифрлық технологияларға бетбұрған заманда «Бүгінгі фантастика – ертеңгі шынайылық» деген нақылдың мағынасы арта түскендей. Әлем жаппай сандық форматқа көшуде. Ал биометрия цифрландырудың маңызды элементі болып табылады. Әлемнің дамыған елдері биометрияның сан алуан мүмкіндіктерін пайдаланып, оны түрлі қызметтерде енгізіп үлгерді.
Мемлекеттік корпорация алғашқылардың бірі болып саусақ ізі арқылы қажетті анықтамаларды алуға болатын сервисті енгізді. Алдағы уақытта бір ғана саусақ ізімен ешқандай төлқұжатсыз елуден аса анықтамаларды алуға мүмкіндік туады. Пилоттық жоба 2018 жылғы желтоқсанда Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында іске қосылды. Қызылордада жалғасын тапқан жоба күзге қарай бүкіл облыстарды қамтитын болады.
Сұхбатыңызға рақмет!