Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев «Жетісу» кәсіби волейбол клубының жаттықтырушылар құрамымен және ойыншыларымен кездесіп, Қазақстан Кубогындағы жеңісімен құттықтады. Еске салсақ, әйелдер командасы Кубок жеңімпазы атанса, ал ерлер командасы ІІІ орынға ие болды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
— Еліміздің ұлық мерекесі — Республика күні қарсаңында сіздер облысымыз үшін, жалпы барша жанкүйерлер үшін үлкен сый жасадыңыздар. Сіздердің бұл жетістіктеріңіз — қажырлы еңбектің айқын нәтижесі ғана емес, сонымен қатар рух мықтылығының, топтық жұмыс пен кәсіби шеберліктің жарқын мысалы. Ел Кубогының қорытындысы бойынша біздің әйелдер командасы осымен тоғыз дүркін чемпион атанып отыр. Ерлер командасы да қуантты, бұл командадағы ойыншылардың көпшілігі жергілікті спортшыларымыз. Екінші жыл Ұлттық лигада ойнап, биыл бірден жүлделі ІІІ орынға ие болдыңыздар. Баршаңызды осы айтулы спорттық жетістіктеріңізбен құттықтаймын! — деді клуб басшылығына және барлық жаттықтырушылар құрамына алғысын білдірген өңір басшысы.
Спортшылардың жетістігін тілге тиек еткен Б.Исабаев клубтың бұрынғы чемпиондық даңқын қайтаратын кез келгенін атап өтті, сондай-ақ қажетті қолдау жалғасатынын да айтты. Еске салсақ, клубтың әйелдер командасының қоржынында ел чемпионатындағы 8 жеңіс бар. Өз кезегінде әйелдер командасының бас бапкері Марко Гршич облыс басшылығына қолдауы үшін алғыс білдіріп, команданың чемпиондық атағын қайтаруға бар күш-жігерлерін жұмсайтындықтарын айтып уәде берді.
Кездесу барысында қатысушылар клубтың алдағы жоспарларына тоқталды. Әйелдер командасының капитаны Карина Денисова жақында спортшыларға арналған жаңа волейбол орталығы мен тұрғын үйдің салынып берілгені сапалы жаттығуға көп көмек болғанын атап өтті.
— Біздің волейбол орталығының елімізде баламасы жоқ, онда жаттығуға қажетті жағдайлардың бәрі бар. Қазақстан Кубогындағы жеңіс — бұл біздің әрқайсымыздың күнделікті еңбегіміздің, физикалық және моральдық жағынан көрсетілген қолдаудың нәтижесі. Маусым енді басталып жатыр, дегенмен біз дұрыс бағытта келе жатқанымызды дәлелдедік, Кубокты Талдықорғанға алып келдік, – деді К.Денисова.
Кездесуді қорытындылай келе облыс әкімі спортшыларға Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табыс етті, сондай-ақ алдағы жарыстарда жеңісті жолдың жалғасты болуына тілектестік білдірді:
— Алда қарашадан бастап сәуірге дейін Ұлттық лига ойыншылары арасында өтетін Қазақстан Чемпионатына қатысу міндеті тұр. Сіздерден жоғары нәтиже күтеміз. Өткен ойында қажырлы мінез танытып, сапалы ойын көрсеттіңіздер, өскелең ұрпақ сіздерден үлгі алып, сіздерге қарап өседі, — деп сөзін қорытындылады Бейбіт Исабаев.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жеңіс Ысқабай