Ұлы Отан соғысы жайында сөз қозғасақ, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова сынды қан майданда ер азаматқа бергісіз ерлік көрсеткен батыр қыздарымыз еске бірден оралады. Деседе, алапат соғыс жылдарында машинист болған алғашқы қазақ һәм негізінен Сталинград шайқасы алаңына қару-жарақ пен сарбаздарды тасыған батыр апамыз Алтынай Есболатова жәйлі көп ешкім біле бермейді.

Бүгінгі әңгіме батыр жүректі, мықты білекті, ауданымыздың мақтанышы, ел арасында «Паровоз апа» атанып кеткен Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, ардақты әжеміз жайында болмақ.
Апамыз 1923 жылы Матай ауылында өмір есігін ашты. 1926-1931 жылдары салынған КСРО-ның ірі құрылыстарының бірі — Түрксіб теміржолы салынып іске қосылғаннан кейін, Матай ауылы соның бойындағы ірі стансаның біріне айналады. Ауыл тұрғындары шойын жолдың қыр-сырын меңгеруге бет бұра бастады. Апамыздың балалық шағы да нәубетке толы жылдарға тура келді.
Соғыс жылдары негізінен Сталинград шайқасы алаңына қару-жарақ пен сарбаздарды тезірек жеткізумен міндетті болған. Өзі Сталинград үшін шайқасушылардың екі жағынан да қырылған жауынгерлерді, тас-талқан болған қаланы көзімен көріп, барлық қасіретін жан-тәнімен сезініп бойынан өткізеді. Арасында берілген тапсырма — бұйрықтарға сай жарақат алған жауынгерлерді жинау, ал қаза тапқандарын жерлеу міндеттерін де атқарадым. 1942 жылдың қаңтар айында Түрксіб теміржолы бойынан 30 әскери паровоз жинақталып, майдан аумағына жіберіледі. Солардың біреуінің жүргізушілері құрамында болдым,-дейді Алтынай Жайнаққызы.
Апамыз өңірімізге «Паровоз апа» есімімен танымал. Бұлай атаудың да өзіндік себебі бар. Апамызға мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының қабылдауы құрметіне ие болып, онымен әңгімілесу сәті туады. Сол кезде майдандағы зор еңбегі мен ерлігіне тамсанған және кеудесіндегі паровоздың суреті бар төсбелгісін көріп, Елбасы оны: «Сіз «Паровоз апа» екенсіз ғой»,-депті. Содан бері барлық ел-жұрты үшін Алтынай апа — «Паровоз апа» болып аталып кеткен екен. Осы апамыз жайында Талдықорған онлайн газетінде жарияланған Айдын Кәлімханнның Паровозшы апа және авторы белгісіз Паровоз апа деген тақырыптарда интернет желісінде жазылған мақалаларда бар.
Еліне еселі еңбек сіңірген апамызды туған жері де елеусіз қалдырған жоқ. 2015 жылы сәуір айында аудандық мәслихаттың шешімімен «Ақсу ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Сондай-ақ, 8 наурыз Халықаралық Әйелдер мерекесі қарсаңында «Ақсу және Сарқан» аудандарының Құрметті азаматы Орал Сердалықызы және аудан әкімі Есім Базарханов құттықтап қайтты. Жерлестерін көріп балаша шаттанған апамыз ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.
Ғасырға жуық ғұмыр кешіп отырған апамыз ұлтымыз үшін мақтаныш, батырлық пен қаймықпас қайсарлықтың үлгісі деп білеміз.
Кенжебек Әкімбек.