БАТЫРЛАР ЖОЛҒА ШЫҚТЫ БӨРІБАЙЛАП

 Батыр бабаларымыз аңсап өткен Тәуелсіздігімізге биыл 30 жыл тола­ды. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын Ақсу ауданы жоғары жетістіктермен қарсы алуда. Ауданымыздағы игі шаралардың бәрі осы атаулы күнмен астасып жатады.

2021 жылдың 4 қазан күні «Бөрібай батырдың жорық жолда­рымен» атты тарихи-танымдық ав­тошеру жолға шықты. Автошерудің мақсаты – батыр бабаларымыздың ел үшін, жер үшін жасаған жанқиярлық ерлігін өскелең ұрпаққа үлгі етіп, батырлар рухына бас ию, құран бағыштап, бастарына зиярат ету. Осындай өнегелі автошеруді ұйымдастырушы – «Бөрібай Ба­тыр» қорының төрағасы Қасымов Берікбол және «Төлегетай Кетбұқа» қорының Алматы облыстық филиалының төрағасы Қадырұлы Сабыр мырза.

«Бөрібай батырдың жорық жол­дарымен» автошеруі Ақсу ауданы, Жансүгіров ауылындағы Бөрібай ба­тыр ескерткішінің алаңында батырға құран бағыштап, жолға шықты. Осы экспедиция тобының бір мүшесі, жерлесіміз, ақын Ербол Оразбе­ков осы сапар туралы ой толғауын өлеңмен өрген екен:

Жеткізейін жаңалықты толғауыммен,

Сөзге сараң ағайын болмадым мен.

Автошеру Ақсудан жолға шықты —

«Бөрібай батыр» жорық жолдарымен.

Қалайша жақсылыққа қуанбайсың?!

Естіген соң дүбірді тұра алмайсың.

Ақ туын көрген кезде бабамыздың,

“Бөрібай! Бөрібай!”,-деп ұрандайсың.

Талай іс берекемен атқарылды,

Ел біледі, халқың үшін шапқаныңды.

Өзі бастап ағамыз бұл шеруді,

Бөрібайлап Ақсудан атқа мінді.

Кедергіге кідіріп қарамады.

Тұлпарларын таймастай ғып тағалады.

Қайсар туған азамат аман болсын,

Бойында бар, қасиет — баба қаны.

Құрмет жасап барлық батыр бабамызға,

Ескерткіштер орнатқан ауыл, ел, қаламызға.

Көсемдердей бастап жүрген көшімізді,

Береке берсін Берікболдай ағамызға.

Ел үшін қызмет жасап күресейік,

Берекелесіп, бірлесіп, бір өсейік.

Бөрібайлап батырлар шығып жатса,

Біз қолдайық соңынан ілесейік!

Шын ниетті осындай білдіріңіз,

Ағайынмен араласып бір жүріңіз.

Сапарымыз ағайын сәтті болсын,

Арта берсін ынтымақ, бірлігіміз!

Сол күнгі кесте бойынша «Наурыз­бай батыр» кесенесіне уақытында жетті. Алматылық ағайындар күтіп алып, батыр бабаларымызға құран бағыштап, шамалғандық Серік Ба­кишев бауырымыз арнайы ас берді және автошеруге сәтті сапар тілеген қауым шығарып салды. Автошеру Тараз арқылы Шымкентке бет алды.

Шерудің кестесі бойынша 5 қазан күні Шымкент қаласындағы Қабанбай батыр ескерткішінің алаңында құран бағыштап, Шәуілдір арқылы Арыстан Бабтың кесенесіне зиярат етеді.

6 қазан күнгі кесте бойынша Түркістан қаласындағы Ахмет Яс­сауи кесенесіне зиярат етіп, Бөрібай батырға құран бағышталады және Қабанбай батырдың ескерткішіне барады. Түстен кейін Шәуілдер – ескі Сауран қаласындағы қорымда Қаптағай батырға құран бағышталады.

7 қазанда Қызылорда – Жезқазғанға жол жүру.

8 қазанда Жезқазған – Ұлытау бағытымен Алаша хан, Жошы хан мазарларына және тағы да басқа қасиетті орындарға зиярат етіледі.

9 қазан күні Жезқазған қаласында Бөрібай бабамызға арнайы ас беріліп, түстен кейін Жезқазған – Бұлантыға жол жүріп, Бөрібай батырдың қайтыс болған жеріне зиярат етіледі.

10 қазан күні Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданындағы Төлегетай бабамыздың кесенесіндегі жыл сайын өткізілетін салтанатты жи­налыс пен арнайы асқа қатысады. Ұйымдастырушы «Кетбұқа – Төлегетай» халықаралық қоғамдық қоры. Президенті Мусин Қайрат.

Ләззат ҚАСЫМБЕКОВА.

Мәліметпен бөлісу: