БАТЫР БАБА ТУРАЛЫ ЖЫР

БАТЫР БАБА ТУРАЛЫ ЖЫР (АҚЫН ДУБЕК МҰСАНОВТЫҢ «БӨРІБАЙ БАТЫР» ПОЭМАСЫНЫҢ КӨРКЕМДІГІ ХАҚЫНДА)

Қазақ әдебиетінде батырлар бейнесі ең алдымен ертегілер мен батырлар жырында көрініс тапты. Оның дәлелі, бағзы заманнан жеткен Қобыланды батыр, Алпамыс батыр, Ер Тарғын, Қамбар батыр жырлары. Жазба әдебиет арнасына түскеннен соң, проза мен поэзия әдеби жанр ретінде қалыптасқан сәттен бастап, ақын-жазушылар қаһарман тұлғаларды образ ретінде таңдап, олардың ерлігін мадақтауға көңіл аударды. Мәселен, Кенесары, Исатай, Махамбет сынды еліне қорған болған абадан ерлерге арналған толғаулар мен  поэмаларда ерлік мәселесімен қатар халқымыздың тарихына қатысты оқиғалар туралы маңызды деректерді де ұшырастыра аламыз. Ерлік, батырлық тақырыбындағы өлең-жырлар халықты патриоттық сезімге, қайраткерлік пен ұлтшылдыққа тәрбиелеуге ықпал ететін өнегелі құрал. Бұл орайда, ескі тарихтан сыр шертетін, өткен күнді еске түсіретін «Бөрібай батыр» поэмасы туралы сөз етуді жөн көрдік. Поэманың ерекшелігі ерлік пен елдік, өр намыс пен қайсар мінез асқан шеберлікпен суреттеледі. Шығармадағы оқиғалар  ХVII-XVIII ғасырдағы тарихи кезеңдермен тұспатұс келеді. Поэма бес тарауға бөлінген. Негізгі кейіпкерлері: Бөрібай батыр, батырдың жары Бикен сұлу, қалмақ ханы Қалдан Церен, қалмақ батыры Сайынбөлек, қазақ батыры Ер Шоңай.  Абылай Ханның сенімді серігі болған, атақты қолбасшы Қабанбай батырдың бас батыры ретінде тарих жылнамасында есімі мен ерлігі жазылған, көзінің тірісінде-ақ күллі Матай баласының ұранына айналған Ер Бөрібай батыр туралы жазылған көлемді дастан, тарихи жыр – осы. Поэманың авторы – ақсулық ақын, кезінде өлеңсөздің патриархы Әбділда Тәжібаевтан бата алған Дубек Мұсанов. Дубек ақсақал қазақтың қара өлеңіне адалдық танытқан ұлттық рухы күшті, тілі бай ақын. Ер Бөрібай батырдың әкесі Сары өз заманындағы белгілі би болған кісі екен. Бөрібай батыр –  «Матайдың көкжалы» болған түз тағысы еді. Туындының кіріспесі прологтан басталады. Автор шығармадағы оқиғаларды әңгімелеуден бұрын, оқырманды дайындап алғысы келгені байқалады. Прологта айшықты заманның күндей күмбездерін тілге тиек ете отырып, олардың жұмбақ сырын жырлайды: Жапанда күн күйдірген күмбездерден, Қасына түнде қорқып, күндіз келгем. Қорғандар ойға батқан… Құлазыған… Мұңдасып жататұғын үнсіз желмен. Қоңырқай ой қозғарлық сол әуеннен, бір боздақ көкірекке күй де іздегем. Ұқпадым: ой саларлық халім де жоқ, ол кезде құлақ керең, тілсіз де ем мен… Шығарманың бұлайша басталуы үлкен тарихи оқиға, үлгілі тұлғаның ерлігі жырланады деп оқырманға түсінік беретіндей әсер қалдырады. Прологта бейітті немесе ескі қорғанды суреттеу әдебиетте бірқатар әдеби шығармада кездескен әдістердің бірі. Мысалы, Б.Майлиннің «Шұғаның әңгімесі», М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімеповестерінде пролог көне бейіттің тарихын әңгімелеуден басталатыны белгілі. Осылайша, «Бөрібай батыр» поэмасының авторы да осы тәсілді пайдалануды жөн көрген. Поэманың алғашқы бөлімінде оқиға қалмақ ханы Қалдан-Цереннің ордасында өрбиді. Хан қазақтың кең байдақ даласына қызығып, оны жаулап алудың амалын іздейді. Қалдан-Церен қазақ жерінің береке мен байлыққа кеңеліп, Бөрібай сынды ердің парасаты мен дария ақылына сүйеніп бейбіт күнде өмір сүріп жатқаның Сайынбөлек есімді қалмақ батырының аузынан естиді: Ұлдары көк бөрідей шеттерінен, Дұшпаны қанжығаға бөктерілген. Ішіне аңыс аңдап сөз тастап ем, Тепсінді тентек қамшы кекке өрілген. Кең екен қазақтардың жең-етегі, Ел бопты басын құрап, берекелі. Ту сыртын жарып тұрып, өтін алып, Дұшпанын танылғандай жер етері. Туғанын Бөрің алған панасына, Сиғандай Сырдың суы сабасына. Жау жүрек қарт Батырдың құшағы кең, Тұңғиық көз жетпестей санасы да. Ызаға булыққан хан ежелгі жауы Бөрібай батырдың басын алуға Сайынбөлекті аттандырмақшы болады. Алайда өз есебін жүргізген сарбаз ханға шарт қояды. Ол бойынша батырдың басын әкелсе, хан оған сұлу қызын күйеуге беруі тиіс болады. Хан келісімін береді. Қазақ пен қалмақ соғысы тарихта қан көп төгілген соғыстың бірі деп жазылған. Әсіресе, бұл кезең халық жадында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп қалған белгілі. Поэмада осы қиынқыстау замандарда қазақ жерін қорғап қалған батырлардың ерлігі жырланады. Бұнымен қоса халқымыздың текті мінезі, асыл қасиеттері, салты мен дәстүрін де жыр жолдарында көрініс беруі жас ұрпаққа зор тағылымы екені анық. Поэманың екінші тарауында Бөрібай батыр ордасындағы өмір суреттеледі. Бұнда автор батырдың кіші әйелі Бикеннің биік парасаты, еріне деген ақ пейілі мен тілегін жазады. Бұл тарауда қарт Бөрібай ертеңгі күнді болжап, елі мен әулетін өмірлік серігіне аманаттап, батасын беруге ниеттенеді. Алайда Бикен кемеңгерлігін көрсетіп, батырды жамандық шақырмауға үндейді. Үшінші тарау қазақ пен қалмақ арасындағы қанды шайқасқа дайындықты сипаттаудан басталады.  Сонымен қатар бұнда ағаның ініге айтқан өсиеті мен бес қаруын сайлаған Ер Шоңайдың үлкенге деген ізеті оқырманды сүйсіндіреді. Жалпы үшінші тарау екінші бөлімнің жалғасындай. Бөрібай батыр мен Бикен ханым сырласып отырған кезде, Ер Шоңай сырттан жаудың тарапынан қауіп-қатер төндіріп тұрғанын хабарлайды. Бөрібай қалың елдің жұдырықтай жұмылып, бірігуіне бұйрық береді. Мына шумақтарда батырдың елді ынтымаққа шақырған өнегелі сөзіне куә боламыз: … Көлдейлер, Жұмайлармен адырдағы, Ол неден, Нені біліп сыбырлады? Ат жүгірт алыстағы ағайынға, Сәлем айт Сыбандарға бауырдағы. Алатау күнгейінен жау құламақ, Салмақтың бізде деп айт ауыр жағы. Қоңырат, Жалайырға хабар етсін, Қалың қол артымыздан ала жетсін. Алдыңғы қалмақ қолын тоспай жібер, Астынан Қоңыртаудың жанап өтсін. Арғындар ар жағында шет қалмасын, (Зор салмақ болатұғын шепке алда шын) Кетілмес Керей-Уақ батырлары, Тез жетсін, кеудесінде көк қайрасын. Сөзінді бәтуа жоқ Қалдан ханның, Астыртын қан іздеген жетті айласы. «Соғыс» атты төртінші тарауда қалмақтардың қазақ жеріне басып кіруі, сұрапыл шайқастың басталуы суреттеледі. Алдын ала әзірленген қазақ сарбаздары жауға қарсы батыл аттанады. Қанға боялған қазақ даласын суреттеуде автордың шешен тілі мен өрнекті сөздеріоқырманды ерекше әсерлендіреді. Поэманың басты кейіпкері аруаққа сыйынып, егде жасына қарамастан шайқастың бел ортасында жүреді. Мінезі өр Ер Шоңайдың ерлігі суреттелетін тұс тарихта аты алтын әріппен жазылған батыр бабаларымыздың таңғажайып бейнесін еске түсіреді. Әсіресе қос тараптың батырлары жекпе-жекке түскен сәтте Ер Шоңай қаймықпай ортаға шығады. Поэманың мына жолдарында қазақ батыры Ер Шоңай менқалмақ батыры Сайынбөлектің жекпежегі көрініс табады: Ер кеудеде от ойнап, намыс тұтап, Шойын шоқпар сілтеді тас шайпаған. Ыстық аптап барады қайнап үдеп, Сайынбөлек өзгертіп айланы көп. алдыртпады, Ер Шоңай қапияда, Тар қолтыққа қадады найзаны кеп. Күн күйдіріп барады жандырып маң, ажал жетті қалмаққа жанды ұмытқан. Шоңай жеңіп, «Өлген жер Сайынбөлек», атандырды ел – жұрты мәңгі ұмытпай. Шайқас барысында қарт батыр жаудың басты назарында болады. Алайда жан-жақтан қалмақтар найзаларын сілтегенде Бөрібай батыр бәріне төтеп береді. Алып денелі батырдың жастығындағы қайраты әлі де кетпеген болатын. Екі жақтың беріспей жүргізген күресі ұзаққа бармайды. Себебі қазақтың ауызбіршілігінің арқасында алыс-жақын маңдағы рулар қосылып, әскерді тың күшпен қамдайды. Осылайша «алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» демекші бірліктің көмегімен Бөрібай мен Ер Шоңай бастаған қалың әскер жеңіске жетеді. Ал ер Бөрібай болса елін аман алып қалғанымен, қанды шайқаста жараланады. Соған қарамастан шайқастың аяғына дейін бойын тік ұстайды. Жеңіс деп қалың ел қуанышқа кеңеліп жатқанда, Бөрібай батыр қазақтың дәстүрі бойынша аға өлсе, оның жолын іні жалғастырады деп інісі Ер Шоңайға халқы мен жерін сеніп тапсырған екен. –Берді Алла, өкінбен тілегімді, Жазғаны анық әзелден бір өлімді. Енді менің жоқтатпа орынымды, Өзің баста Ер Шоңай бұл еліңді. Ақиқатында, «Бөрібай батыр» поэмасында ерлік пен батырлық, Отанға деген адал махаббат, адамгершілік пен ізгілік іспетті қастерлі ұғымдар жырланған. Поэма көркемдігі жағынан батырлар жырларындағыдай әуезді әрі айшықты тілмен жазылған. Дубек ақын XVII ғасырда болған тарихи оқиғаларды шынайы жазуы арқылы шығарма мазмұнын шындыққа жанастырыпты. Абадан батыр туралы жазылған бұл көлемді туынды – тұлға рухына қойылған ескерткіш сияқты көрінеді де тұрады… PS: Совет заманы күшпен орнап, елдің тіреуі болған ақсүйектер «бай-құлақ» атанып, итжеккенге айдалғанда, Қапал, Ақсу өңірінің қараша халқы жиылып, голощекиндік билікке қарсы көтеріліске шыққанды. Көтеріліске шыққан ерлер «Бөрібай!» деп ұрандап, аруақты бабаның есімімен Тәңіріден медет сұрап, Тасбекеттегі совет ұйымын құлатқаны бар еді. 2020 жылы сол «Бөрібай көтерілісі» деп жазылған қанды щайқасқа торқалы 90 жыл екен.

Елдос ТОҚТАРБАЙ, жазушы, ҚР «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты.

Мәліметпен бөлісу: