
17 ақпан күні «Молықбай Байсақұлы» атындағы аудандық мәдениет үйі сахнасында ақсақалдар арасында аудандық «Батагөй» байқауы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ұлттық рухты көтеруді, халқымыздың көне дәстүрі – бата беру мәдениетін дәріптеуді және үлкендердің өнегелі сөзін кейінгі ұрпаққа үлгі етуді мақсат еткен бұл шара көпшілік көңілінен шықты.
Байқауға ауданның әр елді мекенінен келген 16 үміткер қатысып, өзара бақ сынады. Қатысушылар елге, жерге, ұрпақ тәрбиесіне, бірлік пен берекеге арналған мағыналы баталарын ұсынып, сөз саптау мәдениеті мен шешендік шеберліктерін көрсетті. Әрбір бата мазмұнының тереңдігі, ұлттық нақышты сақтау, тіл көркемдігі және сахна мәдениеті бойынша қазылар алқасының назарына алынды.
Қазылар алқасының шешімімен жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
Бас жүлде – Жансүгіров ауылының тұрғыны Нығыметбек Қадырбек;
I орын – Сағабүйен ауылы, Кәп Зинаят;
II орын – Жансүгіров ауылы, Сарқын Қамзабек;
II орын – Жаңалық ауылы, Қисса Балтабай;
III орын – Егінсу ауылы, Курмангалиев Нур Давлеткелдинович;
III орын – Көкөзек ауылы, Марқабаев Баратжан Өзбекұлы.



Байқау барысында ақсақалдар тек бата беріп қана қоймай, жастарға бағыт-бағдар беретін тәрбиелік мәні зор ойларын ортаға салды. Ел ішіндегі татулықты сақтау, отансүйгіштік рухты қалыптастыру, салт-дәстүрді ұлықтау жөнінде мазмұнды әңгімелер айтылды.

Шара соңында жеңімпаздар мен барлық қатысушылар арнайы дипломдармен, алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушылар мұндай тағылымды байқаулар алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті.
