Баспасөздің қос қуанышы

Мемлекетіміздің абыройын асқақтатып, жан — жақты даму жетістіктерін насихаттауда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі қашанда жоғары. Бұқаралық ақпарат саласы Мемлекет басшысының сарабдал саясатынан туындайтын міндеттерді тұрғындар арасында насихаттап, осы бағытта атқарылатын шаралардың ауданымызда жүзеге асуына ықпал ететін және ақпарат құралдарын таратуда оқырмандар мен мемлекет арасында алтын көпір орнатып келе жатқан басты қызмет.

БАҚ қызметкерлері халық пен үкіметтің арасындағы байланыстың негізгі дәнекері ғана емес, қоғамның әлеуметтік өміріндегі өзгерістерге жедел үн қосушы болып табылады. Журналист мамандығы – қиындығы мен қызығы мол, жан — жақты білімділікті талап ететін жауапты сала. Өз шығармашылығы арқылы қоғамға да, адамға да қызмет ететін, ешқашан қателесуге болмайтын, қашанда жаңаның, жаңалықтың жақтаушысы, қолдаушысы бола алатын да осы кәсіп иелері. Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметінің негізінде өткізілген, болып жатқан және алдағы уақытта қолға алынатын шаралар жөнінде ақпарат таратылады. Қоғамдағы өзгерістерге нақты көзқарас қалыптастыруда да аталған жандардың үлесі зор.

Мерзімдік басылымдар мемлекеттің шынайы қолдаушысы. Оның ең негізгі әрі көне түрлерінің бірі — газет. Тұрғындар үшін көкейтесті және жедел ақпарат көзі болып табылатын төл басылым аудандық «Ақсу өңірі» газеті – биыл 85 жылдық мерейтойын осы баспасөз күнімен қатар өткізуді жоспарлап, алдын ала 85 жылдық «Төс белгі» әзірлеген болатын. «Қобызшы Молықбай» атындағы мәдениет үйінде өткен салтанатты шарада аудан әкімі Базарханов Есім Сейілханұлы газет қызметкерлері мен ардагер — журналистерді құттықтап, ұжымның шығармашылық ізденістері мен қажырлы еңбектерінің арқасында бүгінде аталмыш басылымның аудан тынысында алатын орны ерекше екенін айтып, Алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтармен және мерекелік төсбелгімен марапаттады.

Келесі кезекте Қазақстан Журналистер Одағы Алматы облыстық филиалының төрағасы Мейрам Базарұлы Жәнаділов пен «Өлке тынысы» ЖШС  директорының орынбасары Болат Абаған құттықтап келіп, аудандық газетте талай жылдан бері қызмет етіп, мақалалары тұрғындар көңілінен шығып келе жатқан аудандық газеттің директор – бас редакторы Қасымбекова Ләззат Қалмұхамбетқызы, газеттің жауапты хатшысы Сымханов Ербол Әбдікәрімұлын және газеттің аға тілшісі Кенжебек Әкімбекті, сондай – ақ, аудан әкімінің баспасөз хатшысы Досжанова Құрмет Мелісханқызын «Қазақстан Журналистер одағының мүшелігіне» қабылдап, куәліктерін табыстады. Салтанатты шара соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Ербол Әбдікәрімұлы.

Мәліметпен бөлісу: