1 маусым-Халықаралық балаларды қорғау күні балалар үшін де, ересектер үшін де ерекше мерекелердің бірі. Керемет қызылды жасылды қызықтар, тәтті балмұздақ дәмі, достарымен қыдыру, әке-шешесінің қасында жүруі, асыр салып ойнауы -бәрі, бәрі бала әлемінің алаңсыз бақытты сәттері гой. Осы мерекенің тарихына келетін болсақ, Халықаралық балалар мерекесі 1950 жылы алғаш рет аталып өтті. Соғыстан кейінгі кезеңде аштықты басынан кешкен қараусыз қалған балалар саны көп болды, оларға қаңғыбастыққа, ұрлыққа, түрлі қылмыстарға да баруға тура келген. Осындай жағдайлардан соң, жанашыр аналар қауымдастығы — жер бетіндегі әр бала бақытты болуы керек деген ұран тастады. Парижде өткен Конгресте балалардың мәселесіне қоғамның назарын аудару үшін арнайы мереке құру ұсынылды. Идеяны 50-ден астам мемлекет қолдады. 1925 жылы Қытайдың Сан-Франциско қаласындағы Бас консул жаздың келуін білдіретін жетім балаларға арналған мереке ұйымдастырды. Ол балаларға алдын ала тәтті сияпаттар дайындады. Бұл идея барлығына ұнады. Таңқаларлық кездейсоқтықпен, бұл күні Женевада балалар мәселелеріне арналған конференция өтті. 1959 жылы Бала құқықтары туралы декларация жарияланды.1989 жылы Бала құқықтары туралы конвенция бекітілді. Халықаралық Әйелдер демократиялық федерациясының ұйытқы болуымен өрістеген бұл мереке жыл сайын аталып өтеді.
«Қазақстан-2050» Стратегиясында балаларды қорғау еліміздің әлеуметтік саясатының маңызды құрамдас бөлігі деп жарияланды. Елімізде дүниеге келген әр баланың құқығын қорғауды қамтамасыз ету міндетін қойды. Осы жылы Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында «БАРЛЫҒЫ БАЛАЛАР ҮШІН» акциясы жарияланды. Акция 2020 жылдың 20 мамырынан 20 маусымға дейін өткізіледі. Акцияға мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар, студенттер, мемлекеттік органдардың өкілдері, педагогикалық, ата-аналар қоғамы, бизнес құрылымдар, БАҚ, үкіметтік емес ұйымдар қатысады. Акцияның мақсаты — мемлекеттік саясатты балалардың мүдделері үшін іске асыруға және олардың құқықтарын қамтамасыз етуге қоғамның назарын аударуда мемлекеттік құрылымдардың, қоғамдық, үкіметтік емес, халықаралық ұйымдардың, іскер топтардың, бұқаралық ақпарат құралдарының күштерін біріктіру.
«Барлық жақсылық балалар үшін» ұраны барлық мерекелік іс-шараларда негізгі қағида болып табылады. Ерекше назар қиын жағдайдағы балаларға, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, мүгедек балаларға, аз қамтылған отбасындағы балаларға аударылады. Акцияны балаларға арналған іс-шаралар өткізуді қамтитын тақырыптар бойынша өткізіледі. Барлық іс-шаралар қашықтықтан өтеді. Білім бөлімінің жоспары бойынша баланың отбасында өмір сүру құқығын жүзеге асыруға, отбасылық құндылықтарды, дәстүрлерді, позитивті де жауапты ана мен әке болуға шақыруға бағытталған «Қуан сәби», « Аға-әпке-қарындастар», «Туған күніңмен, балам» тақырыбында отбасылық байқауларын өткізу, «Жүректен жүрекке» қайырымдылық акциясы, «Заңға бағыну –қоғамдлы сыйлау» құқықтық сағаттар, «Табысты болу құқығы» ерекше дарынды балалармен кездесу, кәсіпкерлермен онлайн кездесулер өтеді. «Балаға мейірімді қала» бағыты бойынша еріктілер қозғалысы өкілдерінің кездесулері және «Таңғажайып әлем», «Спорт әлемінде», «Кино көріп қайтамыз», «Жануарлар біздің досымыз», «Кітап әлемінде», «Сұлулық әлемінде» шаралар ұйымдастырылады. «Бала құқығы — адам құқығы» мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың және еріктілер бірлестіктерінің қатысуымен қоғамдық қабылдаулардың, сенім телефондарының жұмысын күшейтуді көздейді.
Жас отбасыларға және мектеп оқушыларына азаматтық, әлеуметтік, құқықтық, психологиялық, медициналық, мәдени құқықтар мен отбасы, мектеп, қоғам және мемлекет алдындағы жауапкершілікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша білікті заңгерлік кеңес беру ұсынылады. «Жас ұлан» оқушылар үйінің көшбасшы ұландары «Кітап сыйлау» акциясын, Жансүгіров ауылындағы М.Байсақұлы атындағы Мәдениет үйі 1 – маусым балалар күніне арнап қашықтықтан іс-шаралар өткізіп, байқау жеңімпаздарын марапаттайды. «Алтын белгі» иегерлеріне, дарынды балаларға, олимпиадалардың, әртүрлі деңгейдегі жарыстардың, конкурстардың жеңімпаздарына құрмет көрсету мақсатында онлайн кездесулер, дәріптеу көрсетілімдері өтеді.
Жас полицейлердің, жол инспекциясы қызметкерлерінің қатысуымен қоса балалар қауіпсіздігі мәселелеріне назар аудару және жас азаматтар арасында заңдылықты сақтау үшін акциялар өткізіледі. Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған іс-шараларды аудандық білім бөлімінің , білім беру мекемелерінің фейсбук, инстаграмм парақшаларында «БАРЛЫҒЫ БАЛАЛАР ҮШІН» бірыңғай логотипімен жарияланады. Мерекенің басты мақсаты балаларға қуаныш сыйлау, «Әрқашан күн сөнбесін» деп шарықтағын шаттығын баянды ету.
Айтқожақызы Қожанова Салтанат