БАЛАНЫҢ ЖАҚСЫ БОЛУЫ АТА — АНАДАН

Саналы және салиқалы ұрпақ – мемлекетіміздің мызғымас бөлшегі. «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Балаға отбасында берілген тәрбие оның адам болып қалыптасуына тікелей әсер ететін фактор. Жанұяда ата — ана, балабақашада тәрбиешілер, мектепте ұстаздар әр балаға жауап береді. Ұрпақ тәрбиесі ұлтымыз үшін бірінші кезектегі мәселе.

Осы ретте «Молықбай Байсақұлы» атындағы мәдениет үйінде аудандық білім бөлімінің ұйытқы болуымен «Баланың жақсы болуы ата — анадан» тақырыбында аудандық ата — аналар жиналысы өтті. Оған облыстық білім басқармасы, облыстық және аудандық аналар кеңесінің төрайымдары, білім беру ұйымдарының ата — аналар комитеттері, мектеп директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.

Жиналыстың басты мақсаты – ата — ананың бала тәрбиесіндегі рөлі, балалардың мүддесі үшін мектеп пен ата — аналардың өзара ынтымақтастығын нығайту болды. Жиынды аудандық аналар кеңесінің төрайымы Алма Жанатбекқызы ашып, жүргізді.

Мінберге көтерілген аудандық білім бөлімінің басшысы Бегімбек Рамазанов бала өміріндегі, мектеп қабырғасында орын алатын жағдайларды баяндап, 2022 — 2023 оқу жылындағы жасөспірімдер тәрбиесіне қатысты жаңалықтар мен өзгерістерге тоқталып өтті. Сондай — ақ бала тәрбиесіне жау апты алдымен ата — ана, содан кейін ұстаз екенін тілге тиек етті.

Келесі болып сөз алған аудандық ішкі істер бөлімінің кәмелетке толмағандар жөніндегі аға инспекторы полиция подполковнигі Қарақат Дәулетқызы жұмыс барысындағы бала мен ата — ана арасындағы ситуацияларды мысалға ала отырып, жиынға қатысушыларға бірнеше кеңес берді. Артынша соңғы тоғыз айдағы көрсеткішті баяндады.

Облыстық білім басқармасының бас маманы Меруерт Абдыкалиева облыс бойынша ағымдағы жыл қорытындысын саралады. Және мектеп ұстаздары мен ата — аналарды біраз сын тезіне алды. Себебі, соңғы көрсеткішкердің нәтижесі көңіл қуантарлықтай емес. Бұзақылық мен ұрлық әрекеттері көбейгенін де атап өтті. Ал олардың осындай қадамға барулары отбасындағы тұрмыстық ахуал немесе кикілжіңдер, өзара түсініспеушіліктерден туындайтыны айдан анық.

Облыстық аналар кеңесінің төрайымы Жамал Қасымбекқызы қатысушлармен алдымен сергіту сәтін өткізді. Тәрбиеге байланысты ұлы тұлғалар өмірінен мысал келтірді. Ата – аналар мен ұстаздарды ұлттық тәрбиені насихаттауға шақырды.

Е.Сиқымов атындағы орта мектебінің психологы Роза Баймолдаева «Бала – жанұя айнасы» тақырыбында тренинг өткізді. Сондай-ақ, қатысушылар назарына аталмыш тақырыпта видеороликтер ұсынылды. Артынша жадынамалар таратылып, концерттік бағдарлама қойылды.

М.ҚУАТҚЫЗЫ.

Мәліметпен бөлісу: