Ештен кеш жақсы. Ақсу ауданы газеті «Ақсу өңіріне» — 85 жыл! Сексен бес жыл бойы аудан өмірі, өркениеті, мәдениеті, әдебиеті, тарихы, әлеумет — тұрмыс, экономика дамуына, жеке тұлғалар туралы, жан-жақты барлығын барынша қамтып, із қалдырып келеді. Газет ең алғаш 1934 жылы, 1 қарашада «Ленин жолы» деген атаумен жарық көреді. Газет редакторы Әлібек Жақаев деген азамат екен. Газет басында Ақсу МТС-сы саяси бөлімінен шығады. 1941 жылдың 5 ақпанына дейін латын әріпімен басылады. Одан кириллицаға көшеді. Әзір де әзірге солай. Бастапқыда газетті шығару үшін әрбір сөздің әріптерін қолмен теріпті. Басып шығару үшін, қарабайыр станокты қолмен айналдырған екен.
Ақсу аудандық «Ленин жолы» газеті

Газеттің түлеп, аудандық газет болуына, Мәскеуден «журналист» мамандығын оқып тамамдаған, Ақсудан шыққан тұңғыш кәсіби журналист Ілияс Жансүгіровтің де әсері тиеді. Өлеңдер, хабарламалар мен қысқа фельетондарын жолдап тұрған. Мейлінше ақыл кеңесін берген.
Аудандық газет болғанында редакторы Жұмабай Саманов, тілшілер А.Кәрімов, Ә.Шерниязов, М.Жәкенов, К.Арқабаев, Ж.Масабаев, Тәңірберген Қалилаханов болған екен. Газет Ақсу өлкесінде алғаш ағартушылық негіздерге өте мұқият ден қоя білген басылым. Халықтың жаппай оқуына, оны ұйымдастыруға, жаңашыл хабарлама материалдармен көмек жасаған. Ауыртпалық жылдарында мектептер ашып, түлектерді оқыту керектігі газет арқылы үгіт-насихат жұмыстары сүбелі таратылып жүргізілген. Жетімдер мен жетіспеулік мәселесін де тұрақты хабарлап, оны жою шаралары туралы мақалалар жариялап отырған.
Соғыс жылдарында «Ленин жолы» аудандық газеті Ақсу еңбеккерлерінің қажырлы қайраттарын ұштап, басқыншы жауды күйретуді жақындата түседі. Көпті ұйытқы, жұмылдыратын құжаттар, хабарламалар жариялайды. Соғыс кезінде газет редакторы Дубек Кемпіреков деген екен. Соғыстан соң аудандық газетті Е.Әбдірахманов, Б.Баймолдинова, Т.Рысқалиев, Е.Жақсылықов дегендер басқарыпты.
1962 жылы аудандық газет қысқартылады. Аймақтық газет деп шығарылады. Сол салдардан Ақсу аудандық «Ленин жолы» газеті сәуір айынан бастап Сарқан ауданына көшіріледі. 1963 жылдан «әр аудан газеті өздерінде шығарылсын» деген нұсқаумен, «Ленин жолы» газеті Сарқаннан Ақсу ауданы орталығы Ақсу ауылына, барлық баспалық техникалық жабдықтарымен, кері көшіріледі. Газет атауы «Өмір нұры» деп өзгертіледі.
Содан бері газет редакторы болғандар: Т.Есімжанов, Т.Қалилаханов, Ж.Майтжанов, М.Қоңырбаева, Б.Аманбаев, С.Тінтаев, О.Жұмашев, Д. Мұхаметшаров, М.Қазбанбетов. Кеңес заманында газетке ғаламат фотосуреттерді жариялап, үлкен еңбек сіңірген Ахмет Тегінбаев пен Жеңіс Құрманғалиев болды.
Кеңес дәуірінде 1975 жылдан газет шығаратын Ақсу аудандық орталық баспаханасы болған еді. Ол 2000 жылы жабылып қалады. Сол өндірісі қажет баспахананы қайтадан жаңа кешенді жүйемен іске асырса, ауданға құба-құп болар еді. Облыстың ең қазақы ауданында баспахана жоқ дегенге ауыз бармайды. Басқаға алақан жаймай, аудан орталығы Жансүгіровке бір баспахана керек-ақ. Ден қойса оны ашу биліктегі азаматтарға аса қиындық келтірмес еді. Өзгеге шапқылағаннан көрі, өзіңдегі өрелі ғой. Жол шығыны, әбігері, кеткен уақыты өз деңгей шығынын өтеуге пара-пар болар еді. Баспахана көптің тапсырыс мүдесін өтеуге де септігін тигізбесе, кемдік етпесі анық. Аудан басшылары ойға алар деген сенім бар.
1998 жылдың 19 наурызынан Ақсу аудандық газеттің атауы «Ақсу өңірі» деп өзгертіледі. Газет редакторы Ораз Жұмашев, орынбасары Тілеухан Есеболатов, жауапты хатшы Берлібек Аманбаев, бөлім меңгерушісі Хасен Көптілеуов болды. Жаңа заман шырайын шынайы суреттеп, таныту газеттің негізгі парызына айналды.
Заматында газет редакция алқасы жанынан «Аққұс» шығармашылық ұйымы құрылып, жазба ақындар мүшәйраларын өткізіп отырған еді. Сол дәстүрді жаңа форматта түлетіп жаңғыртуға тұрады. Өйткені, киелі Ақсу өңірінде ақындар кенде болмаған. Кейінде суырып салма ақындар жоқтың қасы болса, жазба ақындар сиреңкіреп бара жатқандай. Әмбе шығармашыл жастар бұйығып, азайған сынайлы. Сол үдерісті үдету үшін, сондай бір ұйым қажет-ақ. Естір құлаққа алтын сырға.
Тегі ақпарат министірлігінен аудандық газеттерді әмісе оңтайландыра бермей, аптасына бір рет емес, екі мәрте шығатын дәрежеге жеткізіп, заманға сай электронды нұсқасы да жасалып таралса. Құндылық ауылда екені бешеден белгілі. Аудандардан өркенді жастар талантымен көп шыққан. Аудандық газетке қосымша «Ардагер» немесе басқа атаумен бірер бет қосып, небір ұлағат пен ұлықты өнегелі қариялардан қалған немесе бұрын сонды оқырман білмеген даналықтар жарияланып отырса. Рухани қазынадан қаржыны аясақ, адамгершілік ардың сөнгенімен тең ғой. Келешекті ойласақ, болымды іс жасаған орынды-ақ.
Қазіргі «Ақсу өңірі» газетінің аяқ алысы өзгеріңкі. Жаңаша. Барлық саланы қамтуға бет алған. Ұлттық ұялы мәселелерді көтеріп, оны ұлықты насихаттауда. Өзгеріс немесе жаңалықтарды аудан, облыс, қазақ елі бойынша дер кезінде беруде. Ауданда болып жатқан әр оңды істі жазуда. Елді мекендерді аралап, жергілікті халықпен тығыз байланысқа көшкен. Жастарға ұнамды дәріп материалдарды ұсынуда. Тіпті Нұрсұлтан қаласындағылар «Ақсу өңірі» газетінің электронды нұсқасын сұрап, әр нөмірін қалт жібермей оқуда. Газет бетіне шыққан материалдарға оқырмандар белсенділік танытуда.
Аудандағы білім бөлімінде кіші ғылым академиясы МАН жыл сайын өтеді. Неге жас түлектерге ғылыми танымдық «Ақсу өңірі» газеті туралы ізденіс жұмыстарын тақырып етіп бермеске? Жоқ, әлде ауданда журналист маманын игергісі келетін жастар тапшы ма? Елеп, ескерсе, талай оқушы түлектер аудандық газет туралы ғылыми танымдық ізденіске кірісері сөзсіз.
Егемен ел болған жылдары аудандық газет Ақсу халқына болашаққа сеніммен қарауға ұмсындырды. Елге дұрыс бағдар мен концепция ұстанымын ұялатты. Тәуелсіздіктің алғашқы қиыншылықтарын бастан өткізген Ақсу халқы газет жазбалары арқылы береке бірлігін ұштады.
Қазіргі кезде «е» деп газет оқымайтындар, «газет шықты ма» деп сұрайтынға жетті. Газет редакторы Ляззат Қасымбекова, жауапты хатшы Ербол Сымханов, тілші Кенжебек Әкімбек, жалпы редакция алқасы тынбай ізденістермен газетті өрелі етуде. Еңбектері еселі, азаматтық істері жемісті болғай. Газеттің 85 жылдығы баянымен баянды, толағай шығармашылықпен аудан дәріпін дәріптей беруіне, өздері өсіп дамуына тілектеспін.
Жемісбек Толымбеков