Ел іші ДАТынан. Жетісудағы Ақсу өңіріне Ташкент күшбегіне бағынышты Ташкения даласынан Аллаоңғар есімді азамат келіп жүреді.
Ол Ноғас елі ішіндегі Байқошқардың Маймылының қызы Есбикеге суға салса батпайтын, отқа салса күймейтін мәңгіліктің символындай өлердей ғашық болып тұрмыс құрмаққа, сол елдің игі жақсылары алдында қыз әкесінен рұқсат сұрайды. Есбикенің туған ағасы Ноғас Досай батыр: «Рұқсат! Біздің елде тұрақтап қалар болсаң!» – деген Аллаоңғарға шарт қояды. Аллаоңғар кері кетпесіне серт беріп, Есбикеге үйленіп, Ноғас елінде қалады. Аллаоңғар Ташкент жаққа барғанында ондағы Меңлібай, Қосым есімді ұлдарын өзімен ертіп әкеп, Есбике тәрбиесіне береді. Есбике Аллаоңғардан Қожамсейіт деген ұл туып, баласына есі кірген шағында шешесі жейде тігіп кигізсе, ол нағашы атасына барғанында жаңа жейдесіне «байғазы» сұрайды. Атасы жиен немересіне «жейдеңнің байғазысы» деп бір тай мінгізеді. Қожамсейіт нағашы атасы берген тайды үлкен тойда тай бәйгесіне қосады. Тайына өзі мініп шауып, бәйгенің алды болып келеді. Ол кезде бәйге мәресінен ұрандап өтетін дәстүр бар екен. Қожамсейіт астына мінген тайы байғазыға келгендіктен «Байғазы! Байғазы!» деп ұрандап, мәреден өтеді. Сол салдардан Қожамсейіттің есімін ел «Байғазы» деп атап кетеді. Байғазы ұрпағы Кенже-Матай, Ноғас табына жататын ел болып өркендеп өседі.
«Елім-ай» дастанынан. Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанында Әз-Тәуке, кіші жүз Әбілқайыр хандарға, Әнет, Қазыбек, Әйтеке, Малайсары, Ақсуат билерге, Дат палуанға, Бөгенбай, Жайнақ, Ақпанбет батырлармен қатар Байғазы батырға арнап айтқан: «Жасынан ер жүрегі шерге толған,
Еліне өлгенінше қорған болған», — деген өлең шумақтары кездеседі. Алладан артық анық жоқ. Байғазы батыр Жоңғармен соғыста бес қару белде шіріген, жас батырдан — қарт батыр болғанынша еліне қорған бола білгендігі аңғарылады.
«Теріскей Алатауды қалмақ алды,
Найман мен Қоңыратты қуып салды.
Қайран жер жау иелігіне көшкен соң,
«Жоңғардың Алатауы» деп аталды», — деп Қожаберген жырау «Жоңғар Алатауы» деп неге аталғанын және Наймандар қонысы Жоңғар шаппай тұрып қайда болғанын өлеңмен айтып жеткізеді.
Жұмаділ, Иемберген аталар шежіресінен. «Атаның белінен, ананың рақымынан» демекші, Байғазы батырдан — Сүйіндік, Сайғазы, Аткелдір. Аткелдірден — Лаққара, Есенберлі, Бостан, Жалғыз. Бостаннан — Құлбай, Асау, Айтбай, Мәмбетқұл палуан, Лау. Құлбайдан — Тобан, Уықбай, Қаңтарбай, Бабақбай, Қалдыбай, Көбет, Қартабай. Тобаннан Байтулақ, Байбөрі, Мыңбай – үшеу, яғни үшем туады. Тобанның әйелі Қойман елге қасиетті ана атанған екен. «Жаратқан ием! Екі емшекке екеуін берсең де болмас па еді?» — деп қынжылғанында, Қойманның төсіндегі үлкен меңінен үшінші нәрестесіне емшек сүті шығып, анасын үш ұлы қатар жармаса еміпті. Байтулақтан — Өскенбай, Сүлеймен, Мүсәпір, Орысбай, Орман, Молдабай, Құнанбай, Тұрысбай, Дәулетбақ тарайды. Жақсының өрісі мыңға татыр. Байтулақ батырдың ұрпағынан өсіп, өнгендер баршылық.
1910 жылғы мәліметтен. Қопалы уезі. Төменгі Ақсу болысындағы № 1 ауылды Байғазы ру қауымы құрайды. 18 ауыл, 121 шаңырақ, 544 адам. Қосағаш, Шолақөзек, Қожамберлі, Жайнақ, Құмжарған шатқалдарында қыстап, жазда Бүйен-Ақсу болысына қарасты Аманбөктер, Ақшолақ жайлауына көшеді. Көктемде Қожамберлі, Жайнақта отырады. Сонда егін салады. Күздеуі де Қожамберлі, Жайнақ. Бүйен, Тентексу, Сарытоғай құмдары. Ақсу, Жайнақтан шөп шабады. Арықтары Басқан өзені бойынан бастау алып жасалған. «Қызыл алған, қылыш батар дәуір соқты, заман өтті жылдар аттап» демекші, 1910 жылғы мәліметтен «Байғазы ру қауымы» аталғаны, саны бір болыс елге тақағаны байқалады.
Байтулақ батырдың жерленген жері. Байтулақ Ой-Найман, Матай-Кенже елінің өз заманындағы басты батыры, ел арысы. «Батырдың бақыты – елінде» дегендей, Байтулақ батырдың зираты қазіргі Ақсу ауданы Кеңқарын мен Басқан ауылдары аралығында «Тақия (өсімдік атауы)» деген киелі жерде орналасқан. Ол жерді қазір көпшілік «Қарауыл» деп атайды. Өмірден өтер алдында Байтулақ батыр: «Елу үй Садыр-Қарлығаш болар? Бара менің атым шығады!» — деп Тақияға жерлеуін ұйғарып кетіпті. Айтқаны дәл келгені ақиқат. Зиратты тұрғызған сімер ақын Сараның әкесі Сұлтанбектің (Тастанбек) әкесі Жанқұлы болады. Ел ішінде: «Байтулақтың асында шаппағанда, бай-кулактың тойында шабасың ба?» — деген сөз қалған. Байтулақ батырдың асында ат бәйгесі шөл далада ұзақтан жіберіліп, атқа шапқан алты бала мертігіп, оның біреуі қаза болып, мәреге екі жүз аттан бес-алты ат ғана жетеді. Байтулақ батыр зираты басына бесіктің қойылуы сол салдардан екен. Осыны бұрындар алғаш газеттерге жазған едім. Бірақ, дерек көзі интернетте: «Байтулақ батыр кесенесі – Укипендия, Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары, Астана, Флориат, 2017 жыл, 504 бет», — делінеді. Н.Н.Пантусов: «Байтулақ зират бауын (урочище) 1898 жылы 29 шілдеде барып, зерттеп көрдім», — деп деректейді. Шіркін, осы еңбекті бұрынғы Ресей императорлық жағрафия қоғамынан іздеп тауып, Санкт-Петербургтан алдыртса ғой? «Қазақнама» кітабында Тәңірберген Қалилаханов: «Жетісу жерінде Жәнібек, Төлебай, Құланбай, Малайсары, Райымбек, Байтулақ батырлардың қабырлары жатыр. Молалары әр биіктің басында күні бүгінге дейін қазақ жерін қорғап, қарауылдап тұр. Байтулақ батырдың моласы қазіргі Талдықорған облысы, Ақсу ауданының жерінде орналасқан», — деп жазады. Байтулақ батырдың зираты 1916/1917 жылдары, 1931/1932 жылдарғы ашаршылықта, қуғын-сүргін жылдарында көпке пана болғаны ел аузында сақталып қалған. Сарқан қаласының солтүстігінде 20 шақырымдай жер «Байтулақ жазығы» деп аталыпты.
Құжат. 1843 жыл, 24 сәуір. Аягөз сыртқы округі приказы шегаралық Сібір қазақтарының басқармасы. Қосымша. Сұлтан, би, старшиналар мен беделді елге бас тұтқалардың тізімі. Көбісі 1842 жылға дейін ерекше бақылауға алынып, Ресей құзырлы органдарының қара тізіміне енгізілгендер.
1842 жыл. Байтулақ Тобанұлы. Старшина. 47 жаста. Баршылықты бай. Айлакер батыр. Қайнар-Матай болысы, руы Кенже, Байғазы бөлімі. 1839 жылдан ауыл старшинасы. Марапаты – жоқ. Сотталып істі болмаған. 1841 жылы дала түкпірі Ташкенияға қарасты жерлерде көшіп жүрген. 1842 жылы өз руластарымен мекенге оралған. Бұл құжаттан: 1. Байтулақ батырдың 1795 жылы өмірге келгендігін. 2. Қайнар-Матай болысы болып, Кенже елі соның құрамында болғандығын. 3. Матай елі ақ патша құзырына бағынбай ығып, амалсыз Ташкения даласына кеткендігін ұғамыз. Марқұм «Матай» станциясының тұрғыны, елі Тақет, Мұхамедше Балаубеков:
«Үш Матайда айтулы-ақ,
Айлакер батыр Байтулақ», — деп адамдар қайтыс болғанында «Жоқтау» дауысқа тастамай қосатын. Азада «Жоқтау» айтылмай жүр. Сол бекер деп еді. «Айлакер батыр» делінгені келтірілген құжатпен сәйкес келіп-ақ тұр.
Тарих. Ақ патшаның казак-орыстары 1846 жылы Лепсі, Ақсу, Қопал өңіріне кіре бастайды. 1846 жылы 27 тамызда Нюхалов басқарған отряд Лепсі өзенінен өтіп, 1 қыркүйек күні Қызылағашқа жетеді. Қызылағашты ұнатпай, Алатау бөктеріне үш Қопалыға барады. Сонда отрядқа Қарақ сұлтан 200 кісімен қосылады. Қыркүйек айының 8 күні Нюхалов отрядымен Қараталға барады. Онда оған аға сұлтан Бөлен Шанқаев 400 кісімен қосылады. Үлкен орда сұлтандары Әли Әділев пен Сөк Абылайханов та кісілерімен келіп отрядқа қосылып, Кенесары хан он мың қолмен Қамауда орныққанын жеткізеді. Нюхалов отрядымен Балқаш көліне дейінгі аймақты бағдарлап барып, кері Қопалға оралады. Сонда қыстайды. Үш Матайдың басын Тәнеке батыр құрап, «орысқа не қыламыз» деген істі ақылға салады. Ол жиынға Аталықтың игі жақсыларын бастап Шоқпар Мұнайтпас батыр, Кенженің он бес адам бетке ұстарларын бастап Байғазы Байтулақ батыр, Мұжық би, Бекшойын келеді. Үш күн дуылдасып, ақыры Тәнеке батырдың «елді зеңбірекке босқа қырдырмай, орыстың айтқан жөніне көнейік» деген шешіміне бәрі қосылады. Осы кезде Үш Матай елі ішінде: «Қаржауды — епке қой, Ақтілесті — етке қой, Тасыбайды — сепке қой, Төртсарыны — шепке қой», — деген нақыл сөз тарапты.
Арсалаң мен Қымбат оқиғасынан. Қаракерей Ақ-Найман жағының сыр, мінезін біліп отырған Матай-Кенже жағы еліне келген Арсалаң мен Қымбаттың жағдайын шешу үшін Тобанұлы Байтулақ батырдың ақылымен, үш Матайдың басты адамдарын шақырып, шабарман шаптыртады. Шақыруға Аталықтан: Рай (Қонақбай), Сатыбалды батыр (Қайнар), Тілеуке қажы, Малай, Шиырбай шешен, Шөтік (Шоқпар), Атыхан төре, Қаптағайдан: Маман, Толқын, Мүсіреп би, Былшық, Бейбіт би, Сәреке, Күшік, Сексенбай батыр, Кенжеден: Байтулақ батыр, Мұжық би, Бекшойын болыс, Шоңды би, Байтілеу батыр, Қаден, Тұрғанбай келіп, Қасқалдақтың (Қаракөз) сазында кеңесте бас қосады.
— Ал, ағайындар! Бәріңді іске шақыртқан мен. Себебі, Матай-Кенженің баласы, сан кәделі айтысқа түскен, Матайдың атағы мен ұранын көтерген белгілі, танымал ақынымыз Арсалаң Қаракерей Ақ-Найман Серікбай қажының Қымбат атты қызын алып қашып, Қызай еліне өтіп, ол жақта он сегіз ай жүріп, Ақ-Найманда бес жыл тұрып, бала-шағалы болып, одан ел мен жерді сағынып, елге оралды. Бәріңе мәлім, оларды іздеп бірнеше кісі келді. Көрсетпей, тығып бақтық. Ертең дауға келеді. Біз «не» деп жауап береміз? Матай елі намысын, аруағын қорғаймыз ба? Жоқ қашқындарды ұстап беріп, қарап отырамыз ба? Ақылға салып, жөніне келісіп, дайын отыралық, — деді Байтулақ батыр шақырған салдарын түсіндіріп.
— Қолымыздан өлімге ұстап беріп, ертең бүкіл Арғын, Найманға не бетімізбен қараймыз? Ата намысын аяққа салып, аруақтан қорықпай, қайтып ел боламыз? Бітім малмен тынатын болсын! Неше қалындық малын салса да көтереміз. Үш Матай осы сөзбен тоятталуы керек! Бөлінгенді бөрі жейді. Бірлік бар жерде — тірлік бар, — деп Сексенбай батыр нық айтып қайырды. Бөтен керіс болмады. Келісім дәл осымен тамам болды.
— Матай жағынан Аталық аға баласы, Шиырбай шешен сөз баста? – деді төре бидегілердің бірі. Біраз отырып, толғанып барып:
— Бұрын алған батаны, бабам Төлек атадан,
Ағадан кім асады? Қаракерей үлкен Матайдан.
Салтанат емес, сән емес.
Жөнсіз сөйлеу мән емес.
Дау иесі Сізден! Кешуін сұрау бізден.
Серікбай қажы, сөйлеңіз? – деп Шиырбай шешен ізет қылды.
— Даушы біз болсақ, жығынды сіздер. Суреттеп, мәрлейтін несі бар? Дау бітсін десең, келісіміңді өзің айт? – деді нығырланып Серікбай қажы.
— Айталық келісімді. Неше қыздың қалың малын сұрайсың? Біз көтердік. Ақылға, берекеге келіп, кесіп айт. Бітімді малмен шешелік? – деді Матай жағынан Байтулақ батыр. Іс насырсыз игі Матай елі жақсыларының арқасында Қаракерей Ақ-Найманмен татуласып бітеді.
— Ата-мұра азбасын! Алысты жақындатып, жақынды туыстыралық! Ата жолына, адамгершілік құрметің үшін сыйлығымызды қабыл ал! — деп Матай жағынан Байтулақ батыр сый-сияпат, тарту жасауға ниет білдірді. Қаптағайдан Маман құт Серікбай қажыға жанат ішік жауып, тайтұяқ алтын жамбы ұсынды. Аталықтан Сатыбалды батыр Серікбай қажыға толық ер-тұрманды құла жорға ат мінгізді. Кенжеден Байтулақ батыр Серікбай қажыға жібек кілем жапқан боталы інген тарту етті. Бұдан Байғазы Байтулақ батыр Үш Матай елінің намыс-кер, басты ақылшы, тұлғасы болғаны байқалады. 1845 жыл, 28 қыркүйек. Әскери шегара басқармасының Сібір қазақтарын басқару журналынан. Басқарманың шенеунігі Белаштың қазақтардан заңсыз алған алымдары туралы. Аягөз аймақтық приказының аға сұлтаны Бексұлтан Ағадаевтың әскери шекара бастығына жеткізуінде заседатель Белаш қазақ ауылдарын аралап, заңсыз алымдар алуға жол берген. 12 қаңтар 1844 жылы № 170 бұйрығымен генерал-майор Вишневский Белаштың қызметін уақытша тоқтатып, тергеу амалдарын жүргізу үшін әскери шекара хатшысы Сердюковты Батыс-Сібір губернаторына жұмсайды. Батыс-Сібір губернаторы 22 қаңтар 1844 жылы № 261 бұйрығымен тергеу амалдарын жүргізуге титулярлы кеңесші Сердюковке рұқсат етеді. Заседатель Белаштың үстінен жазылған арызда көрсетілгені: Наурыз айында Белаш заседатель Бекқожа Үйсінбаев, болыс Жақсылық Базаев, Садыр елі болысы Ибақ Жабаевтың ауылына келеді. Матай руынан Байтулақ Тобановты, Есенаман Естемесовты, Тәнеке Досетовты, Мұжық би Байжановты, Садыр руынан Ерденбек Барманбековты шақырып алдыртып, тырп еткізбей, бір отауға қамап, үстінен күзет қарауылын қояды. Белаштың бұл жасаған ісінің куәгері Бекқожа Үйсінбаев пен Жақсылық Базаев. Заседатель Белаш пасха мейрамында Мұжық би Байжановтан, Байтулақ Тобановтан, Найзабек Сартовтан, Қалқабай Досетовтан 150 бастан қой алып, Ташкенттік саудагер Тұрсынбай Ниязов арқылы Шәуешекке айдатып сатқызып, пайдасын көреді. Титулярлы кеңесші Сердюков куәгерлерді зерделі, қатаң сұрайды. Куәгерлер көрсетуімен Белашқа тағылған айыптың барлығы дәлелденеді. Құжатта есімдері аталған Матай, Садыр елінің адамдары сол кездегі ел тұлғалары болады. Бұл басқару журналынан түсінеріміз сары алтынның буындай елдің бет тұтар жақсыларымен бірге Тобанұлы Байтулақ батыр залым адамның зұлымдығын әшкерелеп, адалдық үшін күрескер, жауына қатты болғанын да айғақтайды.
***
Өткен күн оралмайды, жарық дүние жоғалмайды. Байғазы, Байтулақ, Мүсәпір батырлар рухын «Ата мұра», «Рухани жаңғыру» аясында теріден телшік сыдырғандай, майдан қылшық суырғандай, қара қылды қақ жарғандай үлес сала жаңғыртып, жақсылық қуып, ағайын-туыстарына бас болып бірлестіріп, жүгіріп жүрген ұрпақтары Қайрат Мұқашбаев, Қасен Қошманұлы, Еркін Тұрысбайтегі асыл туғандарын көрсетіп, еңбектері жанып, Байтулақ батырдың зираты басына Қордай қызыл гранит тасынан зәулім белгі, рәміз ер қойып, мерейін асырып, маңайын заманауи үлгіде темірмен, көлемі 25х30 метр, түгелдей қоршады. Ағайын-туыс, ұрпақтары ырысты бірлесіп, көпке жасаған істерін көктегі ілбісін ілердей 2022 жылы Ақсу ауданының орталығы Жансүгіровте танымды конференция мен тәлімді ән өнерін ұйымдастырып, ата-бабалар даңқын ұлықтап, көпшілікке нәзір ас беріп, рухтарына иман келтіріп, құран дұғаларын бағыштады. Тәңір кем қылмас. Талпынған мұратқа жетеді. Болашақпен болған іске берекет берсін.
Жемісбек ТОЛЫМБЕКОВ.