БАБАЛАРДЫҢ АРМАНЫ

Тәуелсіздік – еліміздің ең басты мерекесі. Қазақстанның жаңа дәуірде қол жеткізген барлық табысының қайнар көзі – Тәуелсіздік. Тәуелсіз ел болғандығымыздың арқасында ғана Қазақстанның сөзі мен ісін бүкіл әлем таныды. Дүниенің бір бұрышында қазақ деген халықтың үлкен істер тындыра алатын өресі мықты, өрісі кең халық екенін әлем білді. 16 желтоқсан – еліміздің егемендігін жариялаған күн. Сол күні көгімізде тәуелсізідік туы желбіреді. Содан бері 30 жылға таяу уақыт өтті. Осы өшпес жылдар белесінде Қазақстан эко­номикасы қарыштап дамыды. Саясаттағы сындарлы бағыт өз жемісін беруде. Береке-бірліктің арқасында әлем таныған іргелі мемлкетке айналыдық.

Ғасырлар бойы арман ет­кен егемендікті қазақтың басы­на қонған бағы, астына орнаған тағы деуге болады. Қазақ елі талай белестерді бағындырды. Желтоқсанда жарқ еткен жалын­ды жастар қазаққа азаттық таңын сыйға тартқандай болды. Осы­лайша күллі жаһанға қазақтың қайратын, айбынын танытты. Қазіргі тәуелсіз Қазақстан – ата – бабаның орындалған шұғылалы арманы, сарғайып күткен сағынышы. Тәуелсіздік таңын аңсаған ата-бабаларымыздың асқақ арманы орындалды десек қателеспейміз.

Сондықтан да тәуелсіздік та­рихы арнайы әңгімеге үздіксіз тиек боларлықтай ұлы тақырып екендігін қазіргі ұрпақ ешқашан естен шығармауы керек. Тәуелсіздікке ынтымағы жарасқан, ауыз бірлігі берік халық қана қол жеткізе алатынын өткеніміз нақты дәлелдеп берді. Сондықтан о бастан-ақ рулар тайпаларға, тай­палар одақтарға, ал тайпалық одақтар елге, халыққа айналу үшін үздіксіз күресті, жан алысып, жан берісті. Өйткені халық болып қалыптаспай, тәуелсіздікті баянды түрде қолда ұстап тұру да мүмкін емес еді. Мұны бұрынғылар жақсы түсінді.

Қазірде елімізге тыныштық за­ман орнап, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман келді деп мақтанышпен айта аламыз. Артқа тастаған отыз жылдың ішінде не атқардық деген сауал туса, тізбектеп сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бір мемлекетке жетерлік іс тындырылды және жүзеге асырыл­ды. Экономикалық жағдайымыз жақсарып, әл-ауқатымыз арт­ты. Қазақ мектептері мен балабақшалар саны артты. Білім мен денсаулық жағдайына аса мән берілді, өзге елдермен қарым- қатынасымыз жақсарып, саяси және мәдени қатынастар да үдей түсті.

Елімізідің барлық саласындағы қызметкерлерге, шет елдің түрлі саладағы мамандарымен тәжірибе алмасуға жағдай жа­салды. Осының бәрі тәуелсіз елдің мақтанышы деуге болады. Еліміздің туы көкте қалықтап, ынтымағы жарасқан ел болайық!

Назым НҰРТАЙҚЫЗЫ.

Мәліметпен бөлісу: