Бәтима Есболатқызы Сақауованың туғанына – 100 жыл

АҚСУДАН ТҮЛЕП, ЖЕТІСУДЫҢ ТҰҒЫРЛЫ ТҰЛҒАСЫНА АЙНАЛҒАН

Тарихтың төрінен орын алатын тұлғалар болады. Олардың өмір жолы белгілі бір кезеңнің шежіресімен ғана шектелмейді, тұтас бір өңірдің қалыптасу, өркендеу тарихымен астасып жатады. Өйткені олар өз дәуірінің куәгері болып қана қоймай, оның жүгін көтеріп, елдің ертеңіне қызмет етеді. Бәтима Есболатқызы Сақауова – осындай тағдыры тағылымға, ғұмыры өнегеге айналған, есімі Жетісу жұртшылығының жадында сақталған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері.

2026 жылғы 5 желтоқсанда ел анасы атанған Бәтима Есболатқызының туғанына 100 жыл толады. Бір ғасырлық белес – бір адамның ғұмырын ғана емес, тұтас дәуірдің тынысын, ел басынан өткен алмағайып кезеңдердің шындығын, қоғамның даму жолындағы өзгерістерді ой елегінен өткізетін тарихи меже. Ал сол ғасырлық шежіренің бір парағында Ақсу топырағынан түлеп ұшып, Жетісудың өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан аяулы ананың есімі тұр.

Бәтима Сақауова 1926 жылы 5 желтоқсанда қазіргі Жетісу облысы Ақсу ауданының Жансүгіров елді – мекеніне қарасты Қаракемер ауылында дүниеге келген. Осы қасиетті мекен – оның кіндік қаны тамған, балалық шағының ізі қалған туған жері. Тағдырдың жазуымен әкесінен ерте айырылып, туыстарының қолында тәрбиеленген ол өмірдің қиындығын ерте таныды. Бірақ жоқшылық пен жетімдік жігерін жасытқан жоқ. Қайта бойындағы қайсарлықты шыңдап, еңбекке ерте араласуына себеп болды.

Ел басына күн туған соғыс жылдарында, ер-азаматтардың басым бөлігі майданға аттанған шақта, жас Бәтима да ауылдағы еңбекке араласып, сол кездегі кеңшардың жұмысшысы болды. Бұл – балалықтың базарлы шағы емес, елдік мүдде жеке бастың қамынан биік тұрған кезең еді. Қолына қалам ұстап, білім қууды армандаған жастың алғашқы еңбек мектебі осылай басталды. Кейін Қапал педагогикалық училищесін тәмамдауы оның өмір жолындағы маңызды белеске айналды.

Ұстаздық – адамды тануға, ұрпаққа бағыт беруге бастайтын қасиетті жол. Білімге ұмтылыс пен елге қызмет етуге деген құлшыныс Бәтима Есболатқызының кейінгі өмірлік ұстанымына негіз болды. Ол жастайынан қоғамдық жұмыстарға араласып, комсомол, партия және кеңес органдарында жауапты қызметтер атқарды. Әр кезеңде өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып, ұйымдастырушылық қабілетімен, іскерлігімен, табандылығымен танылды.

Бәтима Сақауованың өмір жолындағы айрықша кезең – Талдықорған облысының құрылуы мен оның әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысқан жылдары. Ол өңірдің қалыптасу, басқару жүйесінің орнығу, әлеуметтік салаларының өркендеу кезеңінде ел ісінің бел ортасында жүрді. Әсіресе, 1968 жылдан бастап Талдықорған облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған жылдары оның мемлекеттік басқарудағы тәжірибесі мен қайраткерлік болмысы айқын көрінді.

Бұл қызметтің жауапкершілігі жеңіл болған жоқ. Облыстың тыныс-тіршілігі, халықтың әлеуметтік жағдайы, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларының дамуы, елді мекендердің көркеюі – мұның бәрі күнделікті назар мен нақты шешімді қажет ететін маңызды бағыттар еді. Бәтима Есболатқызы осы міндеттердің бәріне терең жауапкершілікпен қарап, өңірдің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосты. Ол тек тапсырма орындаушы басшы емес, халықтың мұң-мұқтажын түсінетін, елдің қажетіне құлақ асатын, істің нәтижесіне мән беретін азамат ретінде бағаланды.

Әйел адамның мемлекеттік басқарудың биік сатысында қызмет атқаруы ол кезеңде оңай міндет болмағаны анық. Алайда Бәтима Сақауова қайсар мінезі мен парасат-пайымы арқылы ер азаматтармен қатар елдік істердің жүгін көтере білді. Оның қайраткерлігі қызметтік лауазымымен ғана өлшенбейді. Ең бастысы – өзіне сеніп тапсырылған жауапкершілікті сезініп, туған өлкесінің дамуына адал қызмет етуінде еді.

Ол үшін басшылық – биік орынға жайғасу емес, халық алдындағы міндетті өтеу болатын. Қызмет бабында талапшылдық таныта отырып, адамға деген жанашырлығын да жоғалтпады. Қарапайым еңбек адамынан бастап, ел басқарған азаматтарға дейінгі әр адамның қадірін түсінуі, үлкенмен де, кішімен де тіл табыса білуі оның адами болмысын даралай түсті.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары ел өміріндегі ең күрделі кезеңдердің бірі болды. Кеңестік жүйе ыдырап, бұрынғы экономикалық байланыстар үзілген тұста Талдықорған өңірі де оңай сынақтарды бастан өткерді. Осындай алмағайып шақта Бәтима ана елдің бірлігі мен берекесін сақтауға, жұрттың еңсесін түсірмеуге, азаматтарды сабырға шақыруға күш салған парасат иесі ретінде танылды. Оның өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңесі талай жанға демеу болды. Қоғамдық ортада беделі бар, сөзіне тоқтайтын ақылман анаға айналуының сыры да осында.

Зейнет демалысына шыққаннан кейін де ол ел өмірінен шет қалған жоқ. Қайта жинақтаған тәжірибесін кейінгі буынға жеткізуге, жастардың бойына отансүйгіштік пен жауапкершілік қасиеттерін сіңіруге, өңірдегі қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға атсалысты. Оның есігі іздеп келген жанға ашық, ақыл сұраған азаматқа айтары дайын еді. Сондықтан да халық оны ресми атақтарынан бұрын «Бәтима ана» деп құрметтеді. Бұл – кез келген марапаттан биік, елдің жүрегінен орын алған адамға ғана бұйыратын ерекше атау.

Бәтима Есболатқызының еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. Ол үш мәрте «Құрмет белгісі» орденімен, жеті медальмен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Алматы облысының, Талдықорған қаласының, Ақсу және Кербұлақ аудандарының «Құрметті азаматы» атанды. Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Құрметті профессоры мәртебесіне ие болды. Бұл атақтар мен наградалардың әрқайсысының астарында ұзақ жылдарға созылған табанды еңбек, ел алдындағы адал қызмет пен халықтың сенімі жатыр.

Алайда адам ғұмырының шынайы өлшемі марапаттың санымен емес, артында қалдырған өнегесімен бағаланса керек. Бәтима Сақауованың өмірі – осының айқын дәлелі. Оның есімімен бірге ел жадында туған жерге деген сүйіспеншілік, қызметке деген адалдық, қиындыққа мойымау, адамға құрметпен қарау секілді асыл қасиеттер сақталды.

Тұлғаның өмір жолын танытуда жазылған естеліктер мен тарихи деректердің орны бөлек. Бәтима Есболатқызының көзі тірісінде «Елмен бірге есейдім» және «Бәтима ана» атты кітаптарының жарық көруі де – соның айғағы. Бұл еңбектерде оның өмір белестерімен қатар, замандастарының естеліктері, елге сіңірген еңбегі мен адамдық болмысы көрініс тапқан. Ал Жетісу облысының мемлекеттік архивінде сақталған жеке қор құжаттары – қайраткердің өмірі мен қызметін келер ұрпаққа тарихи дерек негізінде танытатын құнды мұра.

Бүгінде ғасырлық мерейтойы қарсаңында өңір кітапханалары мен білім беру ұйымдарында Бәтима Сақауованың өмірі мен еңбегіне арналған танымдық кездесулер, еске алу шараларының ұйымдастырылуы – оның есімі мен өнегесіне деген құрметтің жалғасы. Мұндай шаралардың мәні өткенді еске алумен ғана шектелмейді. Ол – жас ұрпаққа елге қызмет етудің қандай болатынын, азаматтық жауапкершілік пен парасаттың қадірін ұғындыру.

Біз үшін Бәтима Сақауова есімінің орны тіпті бөлек. Өйткені ол – Ақсу топырағында дүниеге келіп, туған жердің атын алысқа танытқан перзент. Қарапайым ауылдан басталған өмір жолының Жетісу өңірінің қоғамдық-саяси тарихымен біте қайнасуы – туған жердің де, тұтас өлкенің де мақтанышы. Оның ғұмыры туған топырақтың қасиетін, сол топырақтан түлеген азаматтың ел алдындағы жауапкершілігін танытады.

Жүз жылдық белеске жеткенде біз Бәтима Есболатқызының ғұмырын уақыт өлшемімен ғана бағалай алмаймыз. Оның ғұмыры – бірнеше буынның тағдырымен сабақтасқан, ел тарихының талай кезеңін қамтыған өнегелі шежіре. Бір адамның еңбегі тұтас өңірдің тарихына айналғанда ғана оның тұлғасы биіктей түседі. Бәтима ана – сондай биікке көтерілген жан.

Уақыт өтеді, ұрпақ алмасады, дәуір өзгереді. Бірақ елге сіңген еңбек пен халықтың жүрегінен орын алған есім ұмытылмайды. Ақсу топырағынан түлеп шығып, Жетісудың абыройын асқақтатқан Бәтима Есболатқызы Сақауованың өнегелі өмірі – кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани аманат. Оның ғұмыр жолына үңілу – өткенге тағзым ғана емес, бүгінгі ұрпақтың ел алдындағы парызын терең сезінуі.

Ел құрметіне бөленген Бәтима ана есімі туған жерінің тарихында да, Жетісу жұртының жүрегінде де мәңгі сақталады.

Ербол СЫМХАНОВ.

Мәліметпен бөлісу: