Бөрібай көтерілісіне – 90 жыл!

Бөрібай батырға ескерткіш орнатпақ

Күн бұлыңғыр еді. Батыстан шығысқа қарай жөңкілген қою сұр бұлт еңсеңді басып, көңіл құлазытады. Сол бір күні бұрынғыша атасақ Досааф ғимаратына бара қалғаным. Сол жерде Ғабит Мұсабаланов, Берікбол Қасымов үшеуміздің басымыз қосылып, Бөрібай батырға ескерткіш орнату туралы әңгіме қозғалды. Сөзді бастаған Берікбол: – Алдағы жылдың наурыз – сәуір айларында Бөрібай көтерілісіне 90 жыл толады. Сол халықты толғантар кезеңге қарайластырып Бөрібай батырға ескерткіш орнатуды жобалап отырмыз. Міне мынау сол айтулы оқиға қарсаңында өткізілуге тиісті мәдени – көпшілік шаралардың жоспары, – деп, қолыма ақ қағазға басылған жоспарды ұсынды. – Бұл шаруаны жолға дұрыстап қоятындай ұйымдастыру комитеті деген сияқты 3-4 адамнан бастамашы топ бар шығар, – деп сұрадым. – Әзірге ондай жоқ, мына Ғабит екеуміз қолға алып, бастама көтеріп жүрген. Бөрібай батыр, оның ата – тегі, жоңғарлармен соғыстағы ерлігі, т.б. осы мағынада «Ақсу өңірі» газетінің бетінде бірнеше рет мақала жарияланды. Ол халыққа қозғау салар деген ойдамыз, – дейді Берікбол. Осы әңгімеден кейін оның бір жылдары бауырымның Айгүл деген қызы Түркістан қаласында тұратын Нұрбек деген жігітке тұрмысқа шығып, сол қалаға құдалыққа барғаным есіме түсті. Әртүрлі құдалық рәсімдерден кейін екінші Мекке атанған қалаға келіп тұрып, Қожа Ахмет Яссауидің кесенесіне барып, оған тәуіп ету мұсылман баласының парызы емес пе. Күн сайын кесенеге жүздеген, кейде мыңдаған адам келіп, бабамыз Ахмет Яссауи туралы тереңірек біліп, ортағасырлық сәулет өнерімен танысады екен. Жиналған туристерге жол көрсетіп, Ахмет Яссауи туралы әңгімелейтін гид елді жинап әңгімесін бастады. Ахмет Яссауидің толық аты – жөні – Қазірет Сұлтан Шейх – ул Ислам Қожа Ахмет Яссауи екен. Ол исламның діни қағидаларын, шариғатты дидактикалық сарынмен поэзия тілінде жазған ғұлама ақын. Ол сопылық дүниетанымның негізін қалаушылардың бірі. Туған жері оңтүстіктегі Сайрам қаласы. Ол қала бұрын Испиджаб, Ақсу, Ақтұрбат, Ақшаһар деп те аталған. Туған жылы ғылымда нақты дәлелденбеген. Ал қайтыс болған жылы 1166 жыл екені жөнінде жазба деректер сақталған екен. Осы Иассы (Түркістанның ескі аты) қаласында қайтыс болып, осында жерленеді. Жергілікті халық оған шағын кесене тұрғызады. Араға 230 жыл уақыт салып барып, атақты Әмір Темір данышпанның ескі қабірі орнына осы үлкен кесенені салдырған екен. Бұл кесененің әрбір бөлме – сарайына тоқталмайын. Себебі, әңгімеміз Бөрібай батырға қатысы бар. Оның көлемі 4,5 – 5,2 метр. Қабырғаларындағы шұңғыл ойықтары әсерінен созылыңқы болып көрінеді. Бұл жерге 1999 жылғы маусымның 3 жұлдызында кесенеге алты жыл жүргізілген реставрациялық жұмыстар кезінде табылған мәйіттер қайта жерленген. Мәлімет бойынша Әулие қабірінің жанына қазақтың жиырмадан астам хандары мен сұлтандары, көптеген батырлары мен игі жақсылары жерленген. Мысалы, Есім хан, Жәңгір хан, Тәуке хан, Абылай хан, Бөкей хан, т.б. хан – сұлтандармен бірге Матай Бөрібай батыр деген жазуды оқығанда көңілім алабұртып, толқып кеткенімді жасырып қайтейін. Ата – бабаларымыз Ахмет Яссауи қабірінің маңына жерленуді рухани сабақтастық белгісі, ұлағатты өнеге санаған. Алаш баласының о дүниелік болғанда Әзіретті Сұлтанның қасына жерленіп, бір жерге жатуы кемелдікке жеткеннің айқын көрінісі саналған. Олар осы үрдісті ұрпағына аманат етіп қалдырды. Олардың қияметте тиер Шейх ұлы Машайхтың шарапатынан үміті болған. Өздерінің ата жолдарына адалдықтарын, рухани ұстазына құрметін айғақтап, елді тұтастыққа үндеу үшін қазақтың ұланғайыр даласының қандай қиырынан болсын өз денелерін әкеліп, Әзірет Сұлтанның босағасына қоюларын өсиет етіп қалдырып отырған. Батыр жәйлі мынандай дерек бар: Бөрібай батыр 1699 жылы туып, 1756 жылы ауыр жарақаттан қайтыс болған. Жазушы Қ.Жұмаділов «Дарабоз» романында: «Бөрібай батырдың бір өзі оншақты қалмақтың қоршауында қалып, ерлікпен мерт болды», – деген дерек келтіреді. Сарыарқа жеріндегі Сарысу өзені бойындағы «Таңбалы тас» деген жерге батырдың сүйегі аманат қойылып, 1760 жылы Матай елі батыр ата мәйітін орта жүздің орталығы Түркістанға апарып, Ахмет Яссауи мазарына жерлейді. М.Тұяқбаевтың «Қожахмет Яссауи кесенесінде жерленген қазақ хандары мен сұлтандары» мағлұматы бойынша кесенеде жерленген батырлар тізімінде Бөрібай батыр №45 болып көрсетілген. Мен сол кесенеде болғанда Бөрібай батыр туралы осы жазуды көріп едім. Қайтыс болған жылын 56/60 деп көрсету 1756 жылы қайтыс болып, аманат етіп жерленді және төрт жылдан кейін, яғни, 1760 жылы Ахмет Яссауи кесенесіне апарып жерленген жылдары болса керек.

 Мұсабек Атағозин шежіресінде: «Бөрібай батырдың бәйбішесі Алтын, екінші әйелі Бикен, оны ел Бікен деп атаған, Бікен елі осы әйелден тараған. Үшінші әйелінің есімі Жабай»,– деп жазады. Тағы бір шежірелерде Бөрібайдың бәйбішесінен Елшен, Құлшан, Бәтамбек, ортаншы әйелінен – Қыдыралы, кіші тоқалынан – Бікен атты қыз тарайды. Ол ұрпақтары ру басы санап кеткен сирек қазақ әйелдерінің бірі деп айтылады. Енді Бөрібай көтерілісіне келейік, 1928 жылы тамыз айында Қазақстан Орталық атқару Комитеті ірі байларды тәркілеу туралы қаулы алады. Бұл қаулы ел басына өлшеусіз қасірет әкелді. Бар байға бір өлшеммен, бір көзқараспен қарау салдарынан байдың бәрі «халық жауы» деген желеумен игі жақсылар мен олардың ұрпақтары қуғын – сүргінге ұшырап, жер аударылады. Бірталайы тап жауы деп есептеліп атылды – асылды. Шолақ белсенділер асыра сілтеп, «байдың құйыршығы» деп кедейлерге де қысым көрсетеді. Олардың да қатарында жер аударылып, түрмеге қамалғандар болды. Жергілікті жерлердегі шолақ белсенділер ұжымдастыру тәртібін өрескел бұзып, елдің малын да, мүлкін де орталықтандыруға деп тартып алды. Голошекиннің, оның жер – жердегі жандайшап белсенділерінің «Мал да, жан да ортақ болады» дегенінен халық арасында наразылық туды. Соның салдарынан осы асыра сілтеушілікке қарсы Қопа, Сүттіген, Беспай, Ақсу, т.б. ауылдарында көпшілік қолға қару алып, көтеріліске шығады. Бұл тарихта «Бөрібай көтерілісі» деп аталып, «қызылдарға» қарсы ұйымдастырылады. Бұл көтерілісті Өмірбек, Тұрсын, Мұқан деген ұлтжанды, өжет, ержүрек адамдар басқарса керек. Көтерілген ел Ақсу ауылының маңындағы елді мекендерді бірнеше ай өз қарауларында ұстап тұрыпты. Осы көтеріліс барысында ауданды басқарған Ғазиз Ибрагимов, Тарасов, Қапланбек Бұланов деген большевиктер атылады. Амал не, бұл көтеріліс басылып, олардың басқарушы, басқа да белсенділерін НКВД адамдары аяусыз жазалайды. Бір деректер бойынша: «Бөрібай көтерілісінде НКВД қолынан 68 адам өліп, 517 адам тұтқынға алынды»,– делінген. Елбасы Н.Назарбаев өз сөзінде: «Ұлы тұлғаларды білмейінше, бірде – бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес. Адам тарихының айнасынан біз тарих көшінің жүрісін ғана аңдап қоймаймыз, оның рухын, тынысын сезінеміз. Сондықтан, халқы мен елінің алдындағы өздерінің перзенттік парызын айқын да анық түсінген, қандай да қиын – қыстау жағдайда оны адал орындаудан жалтармаған адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де, дәйім жұртының азаматы болып қала бермек» деген болатын. Олай болса осы «Бөрібай көтерілісінің» құрбандары да біз еске алып, басымызды иіп, құран бағыштайтын еліміздің азаматтары деп түсінейік. «Ақсу өңірінің» 25 қазандағы санында осы көтеріліске қатысқаны үшін «Халық жауы» саналып, қылмыстық кодекстің 58 – бабының бірнеше тармақтары бойынша ату жазасына кесілгендер тізімі беріліпті. Бүгінгі таңда олар «айыбы жоқ» деп ақталған екен. Осы жерде филология ғылымының кандидаты, атақты Маман байдың немересі Адай Есенқұлұлының «Қазақтың Нобелі» деген кітабында былай деп жазыпты: «Көтерілістің (Бөрібай көтерілісін айтады) басталуы да тосын. Олар Ақсуға екі жағынан «Бөрібай, Бөрібай» деп ұран салып, шабуыл жасайды. Түн ортасында ұйқыда жатқан солдаттарды тарпа бас салады. Қарсыласқандарын атып, көбін тұтқындады. Командирлерін бөліп, қатардағы әскердің қаруын алып, өздерін босатады. Жергілікті халықтан жасақталған қызыл құрамаларды таратып жібереді. Ауданның бірінші хатшысы Ғазиз Ибрагимовты, атқару комитетінің төрағасы Тарасовты, Қабланбекті, мектеп директоры Балдақбаевты өлтіреді. Ел арасында көтерілісшілер жөнінде күлкілі аңыз бар. Басшыларың кім дегенде бәрі «Бөрібай» деп жауап береді. Тергеуде де «кімсің» деген сұраққа «Бөрібаймын» деп жауап қатады. Жоғарыдан көтерілісшілерге басшылық жасаған Бөрібайларды түгел атыңдар деген бұйрыққа сүйенген қызыл жендеттер бәрін қырып салады. Олардың ішінде көтерілісті басқарған Өмірбек, Тұрсын, Мұқан, Қанатбек, т.б. болыпты». Ескерткіш орнату елдіктің белгісі. Әйгілі тұлғаларды дәріптеп, көпке таныту жас ұрпақты, біздің болашағымызды Отанын сүюге, ерге деген, ерлікке деген намысының қалыптасуына әсер етеді. Батырлар ұрпағы екенін сезіну көңілде ұлтына, ұлттық батырларына деген намысты оятып, жігерлендіреді. Қажет десеңіз бұл ұлттық патриоттық тәрбиенің ең негізгі тармағы. Әңгіменің бастауында есімдері аталған екі азаматтың қолға алған бастамаларын көпшілік, аудан басшылары, қалталы жерлестеріміз қолдар деген сенімдеміз. Барлықтарыңыз ұл өсіріп, қыз тәрбиелеп отырсыздар. Осы ұрпақтың ұлттық сана – сезімін ояту үшін ұлы тұлғаларды насихаттаудың да орны ерекше екенін түсінейік.

Тілеухан ЕСЕБОЛАТОВ,

 Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

«Ақсу ауданының Құрметті азаматы».

Мәліметпен бөлісу: