“БӨРІБАЙ БАТЫРДЫҢ ЖОРЫҚ ЖОЛДАРЫМЕН” АВТО-ШЕРУІ

 Қазақ шежіресі мен тарихында Матай Бөрібай батырдың есімі жоңғар отаршыларының зорлық- зомбылығына қарсы ұлт-азаттық көтерілісті ұйымдастырушы тұлға ретінде аталады. Бөрібай батыр Сарыұлы – шыққан тегі Найман, оның ішінде Матай руынан.

«Бөрібай батырдың жорық жолдарымен». Дәл осындай ұранмен жолға шыққан бір топ делегация, Тарихи — танымдық авто — шеру Алматы облысы, Ақсу ауданынан бастау алды. 2021 жылдың қазан айының 4 жұлдызы күні Жансүгіров ауылынан бас- тау алған шеруді Ақсу ауданының «Құрметті аза­маты», аудандық Қоғамдық Кеңес төрағасы Ғабит Мұсабаланов бастаған ауданымыздың бірқатар азаматтары құран оқып, бата беріп шығарып сал­ды. Топтың тізгінін Бөрібай батырдың жетінші ұрпағы, ҚР «Құрметті құрылысшысы», «Құрмет» орденінің иегері Солтанбеков Нүкен Бишалұлын тағайындады. Ту көтеріп бару жолын Ақсу, Сарқан аудандарының «Құрметті азаматы», белгілі ме­ценат, қажы Сабыр Қадырұлына аманаттады. Зұлмат заманда Бөрібай батырдың қолында асқақтаған Матай руының бөрілі байрағы осы жолы тұлғасына кісілігі сай Сабыр бауырымыздың қолында асқақ рухпен желбіреп барып, абырой­мен желкілдеп қайтты.

Міне, осы бастаманың қорытындысында автошерудің көшбасшысы Берікбол Қасымов ағамызбен арнайы жолығып, жол сапардың қызықтарымен бөлісу үшін сұхбаттасқан едік.

***

ҰРАНҒА АЙНАЛҒАН БӨРІБАЙ БАТЫР

Шеруге Жансүгіров ауылы­нан Қасымов Берікбол, Ара­саннан Қасымбекұлы Жалын, Талдықорғаннан Қадырұлы Са­быр, Байырханова Клара, Оразбе­ков Ербол, Алматыдан Солтанбе­ков Нүкен, Ахметжанов Ахметбай, Даубаев Естай, Тайыншабайұлы Ермек, Түркістаннан Мұқан, Сәкен, Әмзе, Қуанышбай қатысты. Шерудің негізгі шығынын осы азаматтар көтеріп алса, Мұқанов Ерік, Нұрбай, Оқас, Мейірман, Салауат ағаларымыз, Өмен, Жан­дарбек, Жантас бара алмаса да өз үлестерін қосты.

Шеруді Сағабүйен ауылында Ақсу ауданының «Құрметті азама­ты», ұзақ жылдар ауылдың әкімі болған Ыдырыс Садуақасов бау­ырымыз бастаған бір топ Шоңай батырдың ұрпақтары қарсы алып, құран бағыштап, сәт-сапар тілеп шығарып салса, Қызылағаш ауылының елжанды азаматтары Есет Жүнісов пен Мұқтар Ибраи­мов дастархан жайып қарсы алып, ауыл ақсақалы Әлғұмар Ыдыры­сов құран оқып, батасын берді. Шеруді Талдықорған қаласындағы Қабанбай батыр ескерткішінің жанында «НАҚ-Бірлік» қорының төрағасы Мақсұт Қалажанов бастаған бір топ азаматтар дастархан жайып қарсы алып, Ақсу, Алакөл аудандарының, Талдықорған қаласының, Алма­ты облысының «Құрметті азама­ты», ҚР Парламенті Мәжілісінің экс депутаты Оралбек Жақиянов ақсақалымыз аталық ақ бата­сын беріп, шерудің сәтті болуына ықыласын білдірді.

Шерудің келесі аялдамасы Қарасай ауданындағы Наурыз­бай батыр ескерткішінің жанында болды. Алматылық жерлестер ақ батамен қарсы алып батырлар рухына құран бағышталған соң, Шамалғандық Шапырашты елінің бүгінгі күнгі батыры Серік Бакишев мырза өзінің этно ауылында ше­руге қатысушылар мен шығарып салуға келген бауырларға ар­нап дастархан жайып ықыласын көрсетті.

Бабалар ізімен жүріп келе жатқан топ шырайлы Шымкент қаласындағы Қабанбай батырдың ескерткішіне келіп, рухына тағзым етті. Шымкент жеріне келген де­легацияны Өскемен қаласының «Құрметті азаматы» Ғани Шай­марданов өзінің «Мұзтау» мей­рамханасында қарсы алып Ақсулық бауырларына шапан жауып сый-сияпат көрсетті. Ары­станбаб кесенесіне зиярат етіп келген Ақсулықтарға Ақтабан шұбырындыда Бөрібай батырға ілескен Қоңырат руының азамат­тары атынан Аманқыз Анашбе­кова апай Шәуілдір ауылында шеруге қатысушыларға қонақасы беріп, сый-кәделерін жасады. Түркістан қаласында шеруді Сәкен, Мұқан бауырларымыз қарсы алып Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі Бөрібай батырға, қаладағы Қабанбай батырдың ескерткішіне барып зиярат етіп, құран бағыштады. Сәкен бауыры­мыз Ақсулық бауырларына арнап қонақасы берді.

Шиелі ауылына келгенде Бөрібай батыр ескерткішіне қомақты қаржы құюды ұйымдастырған Мінай Төленова мен Бадруддин Ожанов дастар­хан жайып қарсы алды. Ескерткіш тұрғызудағы белсенді қызметтері үшін «Бөрібай батыр» медалімен марапаттады.

Жезқазған қаласының кіре берісінде Бәкір Қазығұлов, Мұрат Қазамбаев ақсақалдар бастаған бір қауым зор қошемет пен қарсы алып, қала ортасындағы мейрамханада қонақасы берді. Жезқазғандық ақын, Төртқара елінің келіні Ақкүлше Ибраева:

Ұрпағы келген кезде «Жақсы атамның»,

Шыдамай алға тартты ақын жаным.

Ұрпағы аманбысың «Бөрібайлап!»,

Тас шайнап, құм түкірген батырлардың.

Орта жүздің еңсесі Найман өрім,

Тұқымы азулы ата шынжырлы елдің.

Матай жұрты, Қаптағай бабамыздың,

Айбынымен қалмақтың қазған көрін.

Дұшпанын жіпке тізген қойдай қылып,

Ат үстінен аударған салмай құрық.

Кекірейген дұшпанын тасша жаншып,

Өршеленген қалмаққа бермей ырық.

Қарсы алды ма Сары су сылаң қағып,

Куә болар тарихқа Бұланты анық.

Ата баба қорғаған әр тамшысын,

Еске алды ма еріксіз жылап ағып?!

Ұрпаққа берген бата құр кетпеген,

Тарихын ата-баба құрметтеген.

Қасық қаны қалғанша ел қорғаған,

Батырлардың ізіне гүл көктеген.

Көрші көп кең далама көзін тіккен.

Сексенер тарихымнан бізге жеткен,

Қош келдің, батырлардың ізбасары.

Тұлғалар тағылымы ғажап неткен.

Айбыны алты алашқа мәшһүр болған.

Бабамыз «Қаптоғайлап» атқа қонған,

Желбіреп ақ жаулығым, жыр арнадым.

Ұлылар өткен жолы бізге қорған.

Елеңдер «Елім-айлап» ерлер — бағым,

Жылытар жүректерді жырым жалын.

Қадамың елге келген құтты болсын,

Қаһармандар ел — Матайлық ұландарым! деп, — Бөрібай ата ұрпақтарын қарсы алу атты өлеңін оқыды.

Кейінгі екі күнде Алашахан, Жошыхан, Домбауыл мазарла­рын, қалалық өлкетану музейін аралатып, Бұланты бойындағы соғыс құрбандарына арналған мемориалды кешенді көрсетті. Осы жердегі батырларға арналған ескерткіш тастардың қатарындағы Бөрібай атамызға арнап қойылған тасқа тәу етіп, аруақтарға арнап құран бағыштадық. Қалалық «Ди­дар» телеарнасы кешкісін шеру барысы жайлы жаңалықтар берді.

9 қазан күні Ақсулықтар аты­нан Бөрібай бабамызға арнап ас берді. Ескерткішке қаржы құюда белсенділік танытқан бау­ырларымызды «Бөрібай батыр» медалімен марапаттады. Өз кезегінде Жезқазғандық бауырлар шеруге қатысушы бауырларының иықтарына шапандарын жау­ып, қоржындарына өңір тарихы­нан мағлұмат беретін кітаптар салды. «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, техника ғылымдарының док­торы Төлеген Бүкіров мырза топ жетекшісі Берікбол Қасымовты «Кетбұқа» медалімен марапатта­ды. Жезқазғандық бауырлар зор қошеметпен қала сыртына шейін шығарып салып ақ жол тіледі. Қызылорда қаласына келген кез­де Ерік Мұқанов Ақсулықтарға арнап дастархан жайып қошемет көрсетті.

10 қазан күні Жаңақорғандағы Төлегетай баба кесенесінде Өскемендік бауырларымыз бер­ген асқа қатысты. «Айғақ» теле­арнасы бұл жерде де сапар ба­рысы жайлы сұхбат алып таспаға түсірді. Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ұлы дала қырандары» халықтық қозғалыстың төрағасы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазу­шы Сәдібек Түгел мырза шеру мүшелері Берікбол Қасымов пен Сабыр Қадырұлын «Ерекше аза­мат» орденімен марапаттады. Астан соң Түркістан қаласында Мақсұт ағамыз бастаған Түркістандық бауырлар Ақсулық азаматтарға арнайы қонақасы беріп құрмет көрсетті. Шымкент қаласында шеру мүшелерін Ер­мек бауырымыздың достары күтіп алып қонақасы берді.

11 қазан күні жоспарлаған шараларды толық атқарып елге қайтып оралды. Ақсудағы ағайын шашу шашып, бұл күні қуаныштан көңілі ойнап тасы­ды. Тұмшаланған тарих ашы­лып, Бөрібайдың екінші өмірі басталды. Жауына бөрідей тиіп, қалмақтың құтын қашырған батыр тұлғасына қарап өскен ұлдардың рухы биік болғай!

Назым НҰРТАЙҚЫЗЫ.

Мәліметпен бөлісу: