
Біздің мақтанышымыз, даңқты бабамыз Бөрібай Сарыұлы XVIII ғасырда жоңғар шапқыншылығында ерлігімен көзге түсіп, үш жүздің халқын алаш туы астына біріктіріп, қол бастаған тарихи тұлға.

Бөрібай батыр талай қалмақ батырын жекпе-жекте жеңіп, босып кеткен халықтың басын біріктіріп, Сарыарқа төсінде Сарысу өзені маңына қоныстандыруымен тарихта қалды.

Қараша айының 6 жұлдызында жоспарға сай, санитарлық талаптарды сақтай отырып, ауданымыздан шыққан беделді азаматтарымыздың қатысуымен Бөрібай батырдың ескерткіші ашылды. Осыдан жыл бұрын ауданымыздың біртуар азаматы Берікбол Қасымовтың бастамасымен осы ескерткішті тұрғызу туралы сөз қозғалып, аудан азаматтарының бастары қосылған еді. «Айтылған сөз атылған оқ» болып жоғалып кетпей, (негізі бұл сөз басқа мағынада айтылатын әңгіме, мен ойымды ашу үшін бұрып әкеттім) басталған іс халықтан қолдау тауып, аз ғана уақытта нәтижесін көрсетті. Ақсулық азаматтар Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласына қолдау білдіріп, баһадүрдің еңселі мүсінін І.Жансүгіров ауылына орнатты.
Биіктігі 5 метрден асатын салт атты мүсін қоладан құйылды. Тұғыры 7 метр. Айналасын абаттандыруға жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 52 млн. теңге бөлінген. Мемориалдық кешенге бес тас қойылып 300 батырдың есімі жазылды. Мұндағы мақсат өскелең ұрпақты батылдыққа баулып, отансүйгіштікке тәрбиелеу.

Сонымен тарихи шараға Қазақстан Рес-публикасы сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов, облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли, Қазақстан Республикасы Жазушылары одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, белгілі журналист Нұртілеу Иманғалиұлы сынды елімізге белгілі азаматтар мен батыр ата ұрпақтары қатысты.
Қуанышты шараға жаңалықтың жаршысы ретінде біз де жеттік. Еңселі ескерткішті ақ матамен жауып қойыпты. Маңы толған адам. Ескерткіштің орнатылуына менің де титімдей үлесім бар деген ауылдастар да қуаныштан кеш қалғылары келмейді. Алыстан арнайы келген қонақтарға, ескерткіштің маңынан ара қашықтығы екі метрден сызып тұрып орындарын белгіліп, орналастырып, қалған ауыл тұрғындары кең айналма жолдың ішінде алыс-тан қызықтап тұрды.
Келген қонақтардың ішінен ауданымызға танымал сазгер Мұратхан Егінбаев ағамызды жолықтырдым. Қолындағы сөмкесінде үш томдық өзі шығарған іші нотаға толы кітабы бар екен. Амандасып, әңгімелескеннен кейін, «Сіз де атамызға бір ән дайындап келдіңіз бе?»,-деп сұрадым. Қазір көзі нашарлап қалған екен ағамыздың. Сызылған орнын тауып беріп, біраз әңгіменің тізгінін ағыттық. Сөйтсем мен сазгер деп танып жүрген ағамыздың басқа да сырлары мен қырлары бар екен. Кезінде аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінде 28 жыл бас сәулетші болып қызмет атқарған сазгер ағамыз, осы айналма жолдың алғаш сызбасын өзі сызған екен. Барлығы көз алдында. Шіркін, осы айналма жолдың ортасына жақсы бір ескерткіш орнатылса деп сол кезде ойлаған көрінеді. Міне, сол арманының орындалғанын көзімен көруге келіпті.
Сонымен әңгімені басқа жаққа бұрмай негізгі шараға ауысайық. Шара басталып, «Молықбай» атындағы мәдениет үйі әншілерінің Арасанбай Естенов ағамыздың сөзіне жазылған «Ер Бөрібай» әнін орындап болғаны сол еді, кенеттен жел үп етіп, ашылатын уақыт болды дегендей, ақ матаны жұлқылай жөнелді. Жан — жағынан басып тұрған жігіттерге қарамай ән аяқталғанда ескерткіш өздігінен ашылғаны жиналғандарды таң тамаша қылды. Жиынның тізгінін тележүргізуші, журналист Нұртілеу ағамыз ұстап, келген қонақтарға шетінен сөз беріп, алыстан келген үшбу хаттарды да оқып, сәлемдерін жеткізді.
Қазақстан Республикасы сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов, облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли, Қазақстан Республикасы Жазушылары одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет және батыр ата ұрпақтары сөз сөйлеп, ескерткішті жасаған мүсінші азаматқа шапан жапты.
Салтанатты шара аяқталған соң, арнайы Түркістаннан алып келген атамыздың бас топырағын салып, гүл шоқтары қойылды.
Ербол СЫМХАНОВ.
арнаулы тілші, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.