Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Әділетті елге айналуды бастады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары халық игілігіне бағытталған. Мемлекет басшысының Жолдаулары, саяси саладағы өзгерістер, Үкіметке жүктелген тапсырмалар – бәрі де халық үніне құлақ асатын, елге қызмет көрсетуші мемлекет орнықтыру міндетінен туындап отыр.
Мұның бәрі халықтың мемлекетке деген сенімін арттыру мақсатында жасалып жатқан қадам екені сөзсіз.
Жалпы елдегі саяси болсын, экономикалық болсын реформалардың барлығы мемлекеттің дамуына, азаматтардың конституциялық құқықтарын күшейтуге, адами капиталды арттыруға, қоғамдағы азаматтық белсенділіктің қалыптасуына, халықтың әлеуметтік — экономикалық жағдайын жақсартуға, түптеп келгенде қазақстандықтардың жайлы өмір сүруі үшін жасалып жатыр.
Президент әділдік идеясы Қазақстанның мемлекеттік саясатының өзегі болуға тиіс екенін атап өтіп, «Әлеуметтік әділдіктің негізі – уақыт талабына сай келетін заңдар, сыбайлас жемқорлықпен жан — жақты күрес, азаматтардың еңбекқорлығы және жастардың озық білімге ұмтылысы. Мемлекет осы тұжырымды жүзеге асыру үшін барлық жағдайды жасауға тиіс», – деді.
Президент Парламент қабылдаған заңдарда Қазақстанның аралас сайлау жүйесіне өту тәртібі айқындалғанын атап өтті. Енді Мәжіліс пен облыстық мәслихат депуттарының бір бөлігі, аудандық мәслихат депутаттарының барлығы бір мандатты округ бойынша сайланады. Соның нәтижесінде өкілді органдар шынайы халық билігі тармағына айналатынын айтты.
Заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері де сайланады. Бұл – ауыл әкімдерін сайлаудың логикалық жалғасы әрі мемлекеттік басқару жүйесін демократияландыруға ұмтылысымыздың нақты айғағы.
Президенттің пікірінше, Конституциялық реформа еліміздің мемлекеттік құрылымының тұғырын нығайтады. Сондай-ақ азаматтық қоғамның дамуына жол ашады, жалпыұлттық диалогты орнықтырады. Түптеп келгенде, бұл қадамдар халықтың әл — ауқатын арттыруға және еліміздің болашағын баянды етуге ықпал етпек.
Бұл бастамалар көп ұзамай еліміздің саяси жүйесін ғана емес, әр саласына, әсіресе халықтың әлеуметтік жағдайына, тұрмыс салтына, азаматтық қоғамның қалыптасуына оң әсер етері сөзсіз.
Осыған байданысты Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығымен және Орталық сайлау комиссиясының Қаулысымен 2023 жылдың 19 наурызында Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісі және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтпек.
Президентіміздің жаңа саяси реформалардың тұжырымдамалық негіздерінің бірі — Суперпрезиденттік басқару формасынан Парламенті мықты Президенттік республика тәсіліне түбегейлі өту және «Мықты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын іс жүзінде орындау. Пропорционалды және мажоритарлы аралас сайлау жүйесін енгізу, Мәслихаттардың рөлін күшейту;
Яғни, бұл сайлаулардың басты мақсаты – елімізде түпкілікті әділеттілік орнату. Өткен өміріміздің кемшіліктерінен сабақ алу, қателіктерді түзету, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, реттеу. Бұл мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаевтың негізгі реформаларының бастауы.
Еліміздің шеткері аймақтарында, ауылды жерлерде, тіпті әлі басталмаған немесе әлі шешімін таппаған мәселелерді шешу.
Қарапайым халықтың күнделікті өміріндегі, тұрмыс – тіршілігіндегі пайда болып жатқан жанайқайын есту, ұғыну, ретке келтіру.
Демек билік пен халық арасындағы байланысты нығайту.
Мемлекет пен халық арасындағы тығыз байланысты жалғастыратын да, жайластыратын да аудандық, облыстық, т.б. депутаттар.
Сондықтан депутаттыққа үміткер азаматтарға халық сенім артады, қиындықтан қиналған шағында көмек сұрайды.
Осындай кез – келген сұранысқа төтеп бере аласыз ба? Халық игілігі үшін ауыл тіршілігін реттеуге, әлсіз отбасыларына, қарияларға, ауруларға қолдау көрсетуге дайынсыз ба? Бағдарламаңыздың орындалатынына сенімдісіз бе? Ойлан!
Депутат – халық өкілі, халық аманатын көтерген жан.
Қариялар! Біздердің өміріміздің жалғасы балаларымыздың болашағы жарқын болуы үшін, еліміздің, болашақ дамуымыздың стратегиялық бағытын айқындайтын науқан нақтылануда.
Ендеше барлығымыз бір кісідей белсенді түрде дауыс берейік. Сайлауға қатысайық. Халық қамын ойлайтын зерделі азаматтарды таңдайық.
Закира НҰРЫШҚЫЗЫ,
Қ.Р. оқу ісі үздігі, Ы.Алтынсарин төс белгі иегері.
Еңбек ардагері, зейнеткер ұстаз.