«Мобильдіқосымшасы арқылы ЭЦҚ және басқа да жиі сұралатын қызметтерді алуға болады
Енді ЭЦҚ алу үшін ХҚО-ға барудың қажеті жоқ. «Мобильді ХҚО» қосымшасында ХҚО операторымен бейнеқоңырау арқылы байланысып, ЭЦҚ-ға үйден шықпай-ақ тапсырыс беруге болады.
Бұған дейін компьютері жоқ қазақстандықтарға ЭЦҚ алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына баруға тура келді. Халықтың өтінішіне құлақ асып, Мемлекеттік корпорация жеке және заңды тұлғалар үшін «Мобильді ХҚО» қосымшасында ЭЦҚ алу мүмкіндігін енгізді. Ол үшін қосымшаға кіріп «бейне қызметі» батырмасын басу керек. Оператордың қосылуын күтіңіз, ол жеке куәлік пен SMS арқылы келген кодты сұрап, өтінімді қабылдайды.
«Жыл басынан бері 4 миллионнан астам азамат қызмет алу үшін ХҚО-ға жүгінді. Олардың шамамен 30%-ы ерекше сұранысқа ие ЭЦҚ алу қызметіне тапсырыс берген. Сондықтан біз ХҚО-ға баруды қажет етпейтін мемлекеттік қызмет көрсетудің қолжетімді және ыңғайлы амалын ойластыруды мақсат еттік. Қазіргі таңда «Мобильді ХҚО» арқылы 38 қызмет алуға болады. Тізімді әлі де толықтырамыз», — дейді Мемлекеттік корпорацияның Басқарма Төрағасы Сүйеніш Әбділдин.
Сондай-ақ, аталған қосымшада жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттың телнұсқасын және жылжымайтын мүлік объектілерінің техникалық паспортының телнұсқасын беру, баланың тууына және бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем тағайындау, жерлеуге арналған бір реттік төлемдерді тағайындау, көп балалы отбасына жәрдемақы тағайындау, тұрғын үй көмегін тағайындау секілді ең көп сұралатын қызметтер де бар. Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту қызметтерін де алуға болады.
Ақылы қызметтерге тапсырыс беру кезінде төлем шоты екінші деңгейдегі банктердің қосымшаларына келеді. Клиент бейнеқоңырау арқылы қызмет алу барысында баж салығын бірден төлей алады. Сонымен қатар, қосымша арқылы ХҚО-ға баруды алдын-ала брондауға, электронды кезек талонын алуға, сізге жақын орналасқан ХҚО мекенжайын және өзекті мәселелерді көруге болады. Біз қосымшадағы қолжетімді қызметтер тізімін кеңейту ХҚО-ға келушілер ағынын азайтуға мүмкіндік береді деп сенеміз.
Айта кетейік, бүгінгі күнге дейін 68 мыңға жуық қолданушы ұялы телефондарына «Мобильді ХҚО» орнатқан. Қосымшаны Google Play және App Store онлайн-дүкендерден жүктеп алуға болады
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Жетісу облысы бойынша баспасөз қызметі
Ақсу аудандық халыққа қызмет көрсету бөлімінің маманы Нұрболқызы Мадина