Қазақтың ұлттық ойындары бес түрге бөлінеді. Олар: аңға, малға байланысты, түрлі заттармен ойналатын, зеректікті, ептілікті және икемділікті қажет ететін, соңғы кезде қалыптасқан ойындар. Олардың негізгілерінің өзі жүзден астам. Бұл ойындардың көбісінің ежелден қалыптасқан арнайы өлеңдері бар. Өлеңдер ойынның эстетикалық әсерін арттырып, балалардың өлең — жырға деген ыстық ықыласын оятып, көңілін көтереді, дүниетанымын арттырып, еңбекке баулиды, ширықтырып, шынықтырады. Этнограф – ғалымдардың пайымдауынша, ата — бабаларымыздан бізге жеткен ұлттық ойындарымыздың тарихы Қазақстан жерінде б.з.б. бірінші мыңжылдықта — ақ қалыптасқан. Олардың ішінде тоғызқұмалақ, қуыршақ, асық ойындары Азия елдерінде тайпалық одақтар мен алғашқы мемлекеттерде кеңінен тарады. Біздің қоғамыздағы ұлттық ойындардың негізі, шығу тегі халқымыздың көшпелі дәстүрлі шаруашылық қарекеттерінен бастау алады.
Бұлардың көбісі мал шаруашылығына, аңшылыққа, жаугершілікке негізділген.
Ахмет Жүнісовтың айтуынша (Фәниден бақиға дейін, — Алматы: «Қайнар», 1994), «Өзге халықтар сияқты қазақтың да ертеден қалыптасқан, атадан – балаға мұра болып жалғасып келе жатқан ұлттық ойын — сауық түрлері бар. Зер салып байқап отырсақ, ол ойын — сауықтар қазақтың ұлттық ерекшелігіне, күнделікті тұрмыс- тіршілігіне тығыз байланыс- ты туған екен және адамға жастайынан дене тәрбиесін беруге, оны батылдыққа, ептілікке, тапқырлыққа, күштілікке, төзімділікке т.б. әдемі адамгершілік қасиеттерге баулуға бағытталған екен». Ал енді, «Қазақстан. Ұлттық энциклопедия» кітабында қазақтың ұлттық ойындарының мән — маңызы туралы былай деп жазылған: «Қазақ ұлты не- гізінен ұрпақ қамын басты мақсат етіп қойып, балалардың нағыз азамат болып қалыптасуына аса зор мән берген. Нәтижесінде дәстүрлі бала тәрбиесінің басты құралы ретінде ұлттық ойынды орайластырып, дамытып отырған».
Қазақ ұлты негізінен ұрпақ қамын басты мақсат етіп қойып, балалардың нағыз азамат болып қалыптасуына аса зор мән берген. Нәтижесінде дәстүрлі бала тәрбиесінің басты құралы ретінде ұлттық ойынды орайластырып, дамытып отырған. Қазақ халқы- ұлт ойындары ерлікті, өжеттілікті, батылдықты, шапшаңдықты тағы басқа қуаты молдылығын, білек күшін дененің сомданып шынығуын қажет етеді.
Н.Есеболатов атындағы орта мектебі, мектепке дейінгі шағын орталығы КММ — де 8 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай, отыз ойын бағдарламасы бойынша «Қазақтың ұлттық ойындары» тақырыбында ашық — тәрбие сағаты өтті. Мақсаты — балаларды қазақтың ұлттық ойындармен таныстырып, ұйымшылдыққа, достыққа тәрбиелеу.
Сонымен бірге, бұл ойындар әділдік пен адамгершіліктің жоғары принциптеріне негізделген. Өйткені, ойынға қатыспай тұрып — ақ, оған күн ілгері көп адамдардың тер төгіп, еңбек етуіне тура келеді. Мысалы, бәйгені алайық. Ол үшін алдымен бәйгеге қатысатын атты таңдап алады. Ол атты баптап, бағып — күтуге тура келеді, оның ішетін суы мен жейтін жеміне дейін белгілі бір мөлшерге келтіреді. Сондықтан қазақтың ұлттық ойындары сауықтық жағынан ғана емес, ол — спорт, ол — өнер, ол — шаруашылық тәжірибелік маңызы бар тәрбие құралы.
Ойын — сауық тәжірибе мен тәсілдің еркіндігі, тапқырлық пен болжамның қиылысатын шебі, мұрат пен меженің тоғысқан шеңбері. Жарыссыз ойын, ойынсыз әзіл — қалжың бола береді. Ойын — сауық қара күш көрсететін озбырлық немесе біреудің намысын жыртатын қастандық емес. Ой өтімділігі мен сөз өткірлігі, шеберлер өз мәртебесін мойындатып жатады. Ойын серіктесті таба білуге, онымен тіл табысуға үйретеді.
Ұлтымыздың тұғыры мықты болуында ұлттық ойындардың ұмытылмай ойналып тұруы да өз үлесін қоспақ.Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын.
Ұлжан ҚЫЗАЙБАЕВА,
Н.Есеболатов атындағы орта мектебі МДШО КММ-нің тәрбиешісі.