Қазақ тілі — қазақ халқының ежелден келе жатқан ең негізгі рухани мәртебесі, бейбітшіліктің көрсеткіші.
Алайда, қазіргі таңда қазақ тілінің қолданылу жиілігі төмендеуде. Жастар арасында ана тіліміз өз мәртебесін жоғалтуда десек қате болмас, өйткені, қазіргі жастар заманауи құрылғыларды қолдануға, оның ішіндегі қосымша қолданбаларда сағаттап отыруға бейім, ал ол қолданбаларда қазақ тілінің дәріптелуі екіталай. Кез келген біреуінің ішін ашсаң, өзге тілдегі нұсқаулықтар өршіп тұрады. Қазақ тілінде қолданылатындарының саны өте аз тіпті жоқ десе де болады. Заманауи құрылғылардың, яғни, смартфондардың параметрлерін алып қарасақ, олар да орыс не ағылшын тілінде жазылған, дегенмен тілді де қазақшалап өзгертуге болады, бірақ қайсы бірі оны қазақ тіліне ауыстырып жүрер дейсің…
«Егер нұсқаулық та, параметрлер де, смартфонның іші де өзге тілде болса, әу бастан пайдаланушының оны қазақ тіліне өзгертіп, артық жұмыс жасауының керегі неде?» деген сұрақ туындайды.
Ойланып қарасақ, пайдаланушылар қатарына тек қазіргі жастар ғана емес, кішкентай балалар да кіреді. Алайда, олар қазақша материалдар көреді дейсіздер ме? Көз қызықтырар ағылшынша, орысша видеороликтер көреді, жас кездерінен олардың санасы осы тілдерге бейімделе бастайды, нәтижесінде ана тілдің орнын өзге тіл баспақ. Бұл үдеріс, қазақ тілінің ежелден келе жатқан мәртебесін ескере отырсақ, мүлдем дұрыс емес.
«Болар бала бесігінен»,-деген дана халқымыз. Сол себепті балалардың қызығушылығын ескере отырып, оларды қазақ тіліне үйрету керек. Ол үшін не істей аламыз? Ең алдымен, замануи құрылғылардағы нұсқаулықтарды, параметрлерді қазақ тіліне ауыстырған жөн. Құрылғыларды пайдаланушылардың күнделікті не көретіндерін қадағалап отыру қажет. Видеороликтердің қазақ тілінде болуы, қазақ тілді контенттің жоғары рейтинг көрсетуі. Қазақ тілінің заманауи құрылғылар мен қосымша қолданбалардағы рөлі артқан сайын тіліміздің мәртебесі артып, аясы кеңейетіні сөзсіз.
Бағлан ЖҮНІСОВ,
Суықсай ауылдық мәдениет үйінің музыкалық жетекшісі.