Еліміз тәуелсіздік алардың қарсаңында, 1989 жылы қабылданған Тіл туралы заңда: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп тұңғыш рет атап көрсетіліп, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілді. Қазақстан Рес-публикасы Конституциясының 7-бабында да: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» екендігі баян етіліп, заңды түрде күшіне енді. Солайша қазақ тілінің дамуының жаңа кезеңі басталған болатын.
Сол уақыттан бері қазақ тілінің тынысы ашылып,қоғам өмірінің бірқатар салаларында қолданыс аясы кеңейе түскені рас. Ең бастысы – ана тіліміздің тағдырына алаңдайтын халқымыздың үміті оянып, тіліміздің болашағына сеніммен қарайтын болдық. Ендігі жерде қазақ тілінің заңдық мәртебесін алға ұстап, мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы қызметіне қоятын талабы күшейе түсті. Мемлекеттік және өзін — өзі басқару орындарындағы тілге қатысты психологиялық ахуал күрт жақсарып кетпегенмен, аз да болса оң өзгерістер болды.
Ұлтын сүйетін әрбір адам, мейлі ол мемлекеттік тіл болмағанның өзінде, өз ана тілін көкке көтеріп, ерекше қадірлеп, сол тілде сөйлеуді парыз санамақ. Өз ұлтының қадір — қасиетін ана тілі арқылы ұлықтап, ата-бабасының асыл аманатындай ардақтамақ. Ал, ұлан-байтақ аумақты алып жатқан Қазақстан Республикасы деп аталатын тәуелсіз елдің мемлекеттік тілі болып саналатын ана тілімізде сөйлемей, өзге тілге басымдық беруіміз – елдігімізге сын, аманатқа қиянат.
Ұлтшылдық сезім, ұлттық рух, мемлекетшілдік мүдде болмаған жерде – ана тіліміздің де көсегесі көгермейді. Алаштың ардақтысы Ж.Аймауытовтың осыдан бір ғасыр бұрын (1918 жылы) «Ұлтты сүю» атты мақаласындағы қазақ оқығандарына қарата айтқан: «Естеріңізде болсын: қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек» деген сөзі қазір де өзектілігін жойған жоқ.
Тіл – ұлттық дүниетаныммен, ұлттық санамен тығыз байланысты күрделі ұғым. Ана тілі – сол ұлттың күллі асыл қасиеттерін, қастерлі ұғымдарын бойына жинап, сақтайтын алтын өзегі. Қазақ халқы ана тілін аса қадірлі рухани мұрасы ретінде қастерлеп, ғасырлар бойы сақтап, жетілдіріп, дамытып келеді. Егер әлемдік қауымдастықта ұлттық болмысымызды сақтап, елдік келбетімізбен бәсекелестікке ұмтыламыз, ұлттық құндылықтарымызды жасампаздықпен дамытамыз десек, ана тілімізді мемлекеттік тіл ретінде лайықты тұғырына қондыруымыз керек.
А.САЙЛАУБЕКОВ,
аудандық сотының бас маманы.