Қазақстан Президенті Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен кездесті

🟦Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәниге және оның әулетіне Әмір-Әке шейх Хамад бен Халифа Әл Тәнидің дүниеден озуына байланысты көңіл айту үшін Дохаға барды.

🟦Президент қуатты әрі өркендеген Қатар Мемлекетін құруға шейх Хамадтың елеулі үлес қосқанын атап өтті.

🟦Мемлекет басшысының айтуынша, қазақ-қатар қарым-қатынасының қалыптасып, табысты дамуына шейх Хамад бен Халифа Әл Тәни зор еңбек сіңірді.

🟦Ол Қазақстанға екі рет ресми сапармен келді. Әмірді 1999 жылы сәуірдегі бірінші сапары кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы саясат ведомствосының басшысы қызметінде қарсы алған.

🟦Мемлекет басшысы шейх Хамадтың қолдауымен Астанада алғашқы еңселі әл-Фараби мешіті бой көтергенін, сондай-ақ Қазақстан тәуелсіздігінің бастапқы жылдарында бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асқанын ризашылықпен еске алды.

🟦Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни арнайы қолдауы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, бұл Қатар мен Қазақстан халықтары арасындағы бауырластық байланыстардың айрықша сипатын көрсететіне назар аударды.

🟦Қатар тарапының бастамасымен мемлекеттер басшылары қазіргі халықаралық ахуал, соның ішінде Таяу Шығыстағы жағдай туралы пікір алмасты.

🟦Президент Қатар Әмірін өзіне қолайлы уақытта Қазақстанға сапармен келуге шақыратынын растады. Шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни шақыруды ықыласпен қабыл алды.

t.me/aqorda_resmi

Мәліметпен бөлісу: