Бақыт қайда барасың…
Біздің елдегі бірлік пен қоғамдық келісімнің бастауы — Қазақстан халқының ортақ тарихы. Ғасырлар бойы тағдыр таласына ұшыраған халықтарды құшағына сыйдыра білген қасиетті Ұлы Дала көптеген ұлыс пен ұлттың құтты қонысына айнала білді. «Бақ та, тақ та таласқанға бұйырмайды, халықтық істе жарасқанға бұйырады»,-деген дана бабаларымыз. Сондықтан да атқаратын игілікті істеріміз халқымыздың болашағын бірлігімізбен берік еткенін біз білеміз.
Иә, 136 ұлтты құшағына сыйдырған еліміз – береке мен бірліктің символы десек артық емес. Еліміз еш уақытта өзге ұлт өкілдерін шетке қағып көрген жоқ. Өйткені, біздің туған Отанымызда Республикасының Президентінің Жарлығымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмыс жасап тұр. Ұлтым ұйғыр болса да туған жерім, Отаным Қазақстан болғандықтан, менің жүрегім қазақ деп соғады. Иә, мен қазақпын. Балаларым да қазақ. Мен кең байтақ Ұлы даласындай дархан, кең пейіл, ынтымағы жарасқан халқы бар Қазақстанда туғаныма бақыттымын. Халқымыз «Бақыт қайда барасың, ынтымаққа барамын»,-деген даналы сөз бар ғой. Мен бес баланы дүниеге әкелген «Батыр анамын». Мемлекет тарапынан да, жеке адамның демеушілер тарапынан да көрсетілетін көмектер мені айналып өтіп көрген жоқ. Сондықтан дархан көңіл қазақ халқы мен Қазақстан халқы Ассамблеясына ризамын. 1 наурыз – ұлтаралық достық күні деуге болады. Сонымен қатар дәл осы күнді елімізде «Алғыс айту» күні деп те белгілеген. Ендеше осы мерекеде аудан басшыларына, аудан халқына ризашылығымды білдіріп, алғыс айтамын.
Роза Абдувалиева.