Қазақ қоғамын дүр сілкіндірді

«Дала фольклорының антологиясын» жасау керек. Мұнда Ұлы дала мұрагерлерінің өткен мыңжылдықтағы халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері – ертегілері, аңыз – әфсаналары, қиссалары мен эпостары жинақталады.

(Ел Президентінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан).

Елбасының жаһанды жаңғыртқан «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылған тарихи терең тұжырымдар жайлы журналистердің көз қарастары мен ой – пікірлеріне не дейді?

Соған орай жуырда жетпіс жасқа толып, оның елу жылында журналистік жолдан өткен, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ұзақ жыл аудандық газеттің бас редакторы болған Дүйсен Мұқаметшарұлын әңгімеге тартқан едік.

-Сонымен, «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалада айтылған ұсыныстар мен пайымдарға деген көзқарас пікіріңіз?

-Өздеріңеде мәлім, мақалада Ел Президенті Ұлы даланың мақтаныш ете алатын жеті қырын айырықша атап отыр. Жалпы «Жеті» дегеннің өзі рәміздік сипатқа ие сан емес пе.

Атап айтсақ, жаратушымыз дүниені жеті күн ішінде жаратты. Жеті күн – уақытты өлшеудің ең қарапайым әрі табиғатпен үндескен көрінісі екені де анық. Сол сияқты әр қоғамның көкірегі ояу, көңілі терең азаматтарының ойында «Әлемнің жеті кереметі» деген сөз тіркесі ежелден қалыптасқаны белгілі.

Ал, ойлап қарасаңыз ХVII ғасырдың бірінші жартысында – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би Тәуке ханмен бірге «Жеті жарғыны» жасағаны көзі қарақты барша оқырманға, жалпы қазаққа олда белгілі.

Енді міне, тұңғыш Президентіміз Ұлы даланың ерекше жеті қырын тілге тиек ете отырып, Қазақ елінің тарихын терең зерделеуге үндеп, оны ел – жұрттың рухани игілігіне айналдыру мақсатында ірі де, маңызды жобаларды ұсынып отыр. Мақалада көшпелі ұғым «Ұлы дала мәдениеті» деп кең деңгейге көтеріліп отыр. «Өз тарихын білген ел ешқашан жеңілмейді» дейтін қағида тұрғысынан қарасақ, Елбасы ұсынып отырған бұл мақала дәл бүгінгі геосаяси жағдайда біздер үшін ерекше идеологиялық құрал. Сондықтан да мақалада айтылған Ұлы даланың жеті қыры, түркілердің адамзат өркениетіне қосқан үлесін ұрпақ жадына салады. Тарихты тереңнен қозғап, бұлтартпас дәлел, мойындатар ақиқаттар арқылы жеткізген.

Елбасының осы мақаласында Ұлы даланың рухы ер түріктің туы, ерліктің кепілі екенін есімізге тағы бір қайталап арқаландырып отыр. Олай болса бұл мақаланың әрбір сөйлемі, әрбір тақырыбы жас тілшілер Сіздер мен аға буын біздер үшін бір – бір мақаланың жүгі екені айдан анық.

-Жақсы, бұл жағы түсінікті. Енді бабаларымыздың бұрынғы өткен жолдарына қысқаша тұжырымдама жасай отырып, Ұлы дала құндылықтарына тоқтала кетсеңіз.

-Бұл тұрғыда кезінде Н.Назарбаев «Рухы мықты халық қаны мықты мемлекет құра алады» деп жазып, өзін сүйген ұлтының тарихына терең үңіліп, сонау 1994 жылы «Тарих толқынында» атты кітап жазып «Мен өз халқымның кемінде бес мың жылдық тарихын білуім керек» деп, әрі қазақ руханияты өркениетінің негізгі он екі жолын ашып көрсетіп еді. Сұраққа орай, кейбір тарауларына назар аударып көрелік:

Тым арыға бармай – ақ, ХІІ – ХІV ғасырлар Шыңғыс хан мен оның ұрпағын жаулаушылық бірыңғай қазақ халқының табиғи дамуына кесел болып жабысты, қанжоса болды. Сол кезде қазақтан Майқы би шықты. Ол қазақтың үш жүзінің таңбаларын тасқа қашады. Үйсіндердің нысаны – ту, арғындардың нысаны – көз, алшындардың нысаны – найза. Үш жүз өздерінің жауынгерлік ұранын алды. Ұлы жүз – Бақтияр, Бақыт, Орта жүз – Ақжол – Әділет, Кіші жүз – Алшын – От – ана. Олардың ортақ ұраны – Алаш болды.

ХV-ХVІІІ ғасырлар қазақ хандығы құрылуымен биік сапаға көтерілді. Асанқайғы, Шалкиіз, Бұқар жырау қазақ руханиятының алтын ағысына айналды. Жәнібек пен Керей хан қазақ деген атауды тарих сахнасына алып шықты.

Ал, Ұлы даладағы ең үлкен құндылық көшпелі қоғамның әр дәуірдегі технологиялық табыстары. Соның бірі метал өндіру ісі. Бұл мақалада айтылғандай дала өркениеті технологиялық тұрғыдан қарқынды дамығанын көрсетеді. Ғұн – сақ дәуірінде өнер туындылары «аң стилі» дейтін теңдессіз бейнелеу мәнерін өмірге әкелді. Ал, түркілердің, соның ішінде қазақ халқында фольклорлық мұралардың, музыкалық өнердің мол қазынасы сақталып, бүгінгі заманға жетті.

Жылқы ұстау мен адам игілігіне пайдалану мәдениетін дамыта отырып, жылқыға қажет ер – тұрман, ат әбзелдері, қару – жарақ түрінің ғасырлар бойы жетіліп отыруы бабаларымыздың биологиялық қабілетінің жемісі. Ерте  дәуірдің өзінде жылқыны сұрыптау, будандастыру, тәулігіне жүз шақырымды желіп өтетін жорық аттарын дайындаудың биологиялық әдіс – тәсілдерін жете меңгерген. Бұдан артық қандай құндылық – мәдениет болуы мүмкін. Міне, Президентіміз атқа міну мәселесін айту арқылы Ұлы дала мәдениетінің ұмыт қалған қыр – сырын қозғап отырған жоқ па!

-Осы орайда көшпелілер мен отырықшылардың қандай артық айырмашылықтары бар деген сұрақ туындайтын сияқты.

-Көшпелі қоғамның басты айырмашылығы ру – тайпалық құрылымы. Бұл жүйе қоғамдық және мемлекеттік дамудың негізгі ұстанымы болды. Одан кейін көшпелі қоғамның басты байлығы – ауыз әдебиеті, яғни фольклоры. Ауыз әдебиеті халқымыздың жадын шынықтырып дамытып отырды.

Нақты деректерге сүйеніп қарасақ, отырықшы қоғамда лирикалық поэмалар саны бестен аспайды екен. Ал, Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында қазақ фольклорының үлкен – кішілі 200 мыңдай нұсқасы сақтаулы тұрған көрінеді. Әрине, мұндай қазына – байлық отырықшы қоғамда жоқ. Міне, нағыз руханият дегеніміз осы!

Тағы бір ерекше айтатын дүние адам қадіріне аса маңыз берілгендіктен көшпелі қазақ қоғамында ешқашан құл болмаған, адам құқы тапталмаған.

Сонымен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылғандай: — «Біздің ата – бабаларымыз қоршаған ортамен етене өмір сүріп, өздерін табиғаттың ажырамас бөлшегі санаған. Бұл басты тұрмыс қағидаты Ұлы даланы мекендеген халықтардың дүниетанымы мен құндылықтарын қалыптастырды. Өз жазуы мен мифологиясы бар Қазақстанның ежелгі тұрғындарының озық мәдениеті болды.

-Сізді келе жатқан Жаңа жылыңызбен құттықтай отырып, өзіңізге жеке сұрақ – «Жетпістің жайлау төрі қалай қарсы алды? Көңіл – күйіңіз?

-Рахмет. Осыдан он жыл бұрын 60 жасқа толып сонда менен бір жас кіші үзеңгілес досымыз 60 қалай деп тақымдап қоймайды. Мен 59-ға жетпейді деп жүріп кеткен едім. Келер жылы сол досымыз өзі 60-қа толып кездескенде, Ой Алла, рас 60-59-ға жетпейтіні шын екен деп әзілдегені бар. Әрине, 70 жасқа толуды өзім үлкен бақыт санаймын. Енді сұрақтарыңызға 70 жас – 69-ға жетпейді деп әзілдей отырып, «Жетпіске әзіл» деген шумақтармен жауап берейін:

Жылдар өтіп, уақыт жылжып, ғажайып,

Гүлдер салып, қурай қалған сорайып.

Көрінеді күйкі кейде тіршілік,

Үзеңгілес достар саны азайып.

Қартайғанда қарттар халы күйіншек,

Немереге неткен жаны үйіршек.

Жетпіс жаста бел асқарға айналып,

Көбейіпті буыншақ пен түйіншек.

Түн жетпесе немере мен ұлдарым,

Күнім ұзақ, ұйқы шегі түн жарым.

Бірақ түнде: қиял қуып, жігіт боп

Маза бермей, арманда өткен жылдарым.

Күңіренген күні жоқтай жайқалған,

Баяу өсіп, қалайша тез қартайғам.

Жіңішкерген жері менен түйін көп,

Сияқтысың тозған ала арқандай.

Тұңғышыммен бірге өсірген аялап,

Балалары бала сүйген – саялап.

Қызы – ана, өзі – әже боз кемпір,

Мені қуып жетіп қапты таяп қап.

Егде тартса ұлдарым мен қыздарым,

Жай сөз сөгіс естіледі бір жарым.

Ми мен жүрек шақ еткенді көтермей,

Неге сонша бал татиды қу жаным?…

Жетпіс саған өкпем жоқ назым ғана,

Жала жоқ, арызда жоқ әзіл ғана.

Қайрат пен қызықтарды дәм етпеймін,

Қалдыршы көңілімнің жазын ғана!

-Уақыт тауып, әңгімелескеніңізге зор рахмет, тек Сізге саулық тілейміз!

-Менде газеттеріңіз арқылы өздеріңді және ардагер журналист ағаларыңды Жаңа жылмен құттықтай отырып, тың творчестволық табыс, отбастарына береке, тыныштық тілеймін!

Сұхбатты жүргізген: Ләззат ҚАЛМҰХАМБЕТҚ

Мәліметпен бөлісу: