Ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің назарына!

Ауданымыз негізінен аграрлық сала бо­лып табылатындықтан ауылшаруашылық дақылдарын себу, күтіп — баптау барысы бойынша агротехникалық озық, заманауи технологияларды қолдану арқылы мол өнім алу жолдарын қарастыру бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі болып қала береді.

Осыған байланысты аудан экономикасының дамуы ауылшаруашылық өнімдерінің көлемі мен сапасына тікелей байланысты. Аудан бойынша су қорын тиімді пайдалана отырып суармалы алқаптардың өнімділігін арттыру мәселесі басты міндет болып қала бермек.

Өздеріңізге белгілі, 2020 жылдың вегетациялық кезең кезіндеі қуаңшылық пен су тапшылығы кеңінен орын алды. Оған басты себеп ауа — райының құбылысына байланысты. Атап айтқанда, жаңбырдың болмауы, ауа температурасының тұрақты болмауы, түнгі мезгілде салқын бо­луы сияқты табиғи факторларлардың әсерінен өзен арнасындағы су деңгейі күрт төмендеуі салдарынан, суармалы алқаптарға берілетін су деңгейі де елеулі мөлшерде төмендеді. Атап айтқанда, 2020 жылдың маусым айының І-ші декадасы мен шілде айының ІІ-ші декадасы аралығындағы ауа — райының құбылмалығы уақытша су тапшылығының орын алуына басты себеп болды.

Гидрологиялық болжамдар бой­ынша ағымдағы жылы тау өзендері бассейндеріндегі қардың қоры орта есеп көрсеткішімен алғанда 25-65 пайызға аз бо­луы жөнінде мәлімет бар.

Осыған орай, аудан аумағындағы ішкі шаруашылық каналдарын мехнизацияланған тазарту, агротехникалық шараларды уақытылы өткізу, егіс айналымы (севооборот) шарасын атқару, су ресурста­рын тиімді пайдалану шараларын мезгілінде әрі сапалы атқаруға баса назар аударуы­мызды атап көрсетемін. Қант қызылшасы – ауданымыздың төл дақылы болып та­былатыны баршамызға аян. Аталған дақыл суаруды көп мөлшерде қажет ететін болғандықтан, қант қызылшасы дақылдарын себетін алқаптарды осы бастан су көздеріне жақын жерден шоғырлана орналасуын (ком­пактное расположение) ұйымдастырып, оны вегетациялық маусым басталғанша жүзеге асыру, аталған дақылдан мол өнім алуға қол жеткізетініне ерекше тоқталамын. Аталған дақылды себуге әзірлік өтер жылдың күз айларынан басталуы шарт, яғни, қант қызылшасы себілетін алқап соқа салу арқылы терең сүдігер (глубокая зябь) жыртылған жағдайда болашақта мол өнім алу көзі болып табылады.

Олай болмаған жағдайда ерте көктемгі жер жырту (весеняя вспашка) алдында қажетті ылғалды ұстау мақсатында қара жерді алдын – ала суару әдісін қолдану қажет екеніне және жерге себілген тұқымның өсіп — өнуіне ауа — райының қолайлылығы тікелей әсер ететінін атап көрсетемін. Жер­ге сіңірілген тұқымның өнуіне топырақтың 10 градус жылылығы қолайлы болып есептеледі. Сондықтан аталған дақылды себер алдында осы айтылған шаралар өз деңгейінде сақталып, жүзеге асырылуы өте қажет.

Сонымен қатар су ресурстарын үнемді түрде пайдалану үшін ылғалды көп қажет ететін ауылшаруашылық дақылдарын себуді мүмкіндігінше азайту немесе су берілетін каналдарға барынша жақын орна­ласуын қамтамасыз етуді ауылшаруашылық субъектілері мен шаруа қожалық иелерінің назарына саламын. Аталған шаралардың тиісті деңгейде атқарылуы себілген егістіктен мол өнім алудың кепілі болаты­нын естен шығармайық..

Мақаламның соңында шаруа қожалықтары иелерінің егіс алқаптарын суару кезеңіне дейін су беру қызметі бойын­ша әзірленетін келісім шартқа толыққанды отыру қажеттілігін ескертемін.

Әділмұрат НҰРГЕЛДИН,

«Қазсушар» РМК Ақсу өндірістік учаскесінің бастығы.

Мәліметпен бөлісу: