АУЫЛДА МЕШІТ АШЫЛДЫ

Еліміз Тәуелсіздік алғалы бері дәстүрлі дініміз өркендеу жолы­на түсті. Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Түбіміз – түрік, дініміз – Ис­лам, кітабымыз – Құран»,-деген сөзі нақылға айналды. «Дін – қоғамның тәрбиесі және айна­сы» деген қанатты сөз бар. Осы даналықты ұстана отырып, біз ұрпағымыздың діни санасын қалыптастыруға қоғам болып жұмыс жасауымыз қажет. Дініне берік, білімді қауымға сыртқы күштердің ықпалы жүрмейтіні анық. Бұл ретте, имандылық ордасы саналатын мешіттердің ашылуы елдегі ынтымақ пен бірліктің сақталуына зор септігін тигізеді.

«Мешіт – адамдарды мейірімділікке, сүйіспеншілікке шақыратын, бір — біріне қамқор болып, қол ұшын беретін, мұқтаж болған адам жанына тыныштық табатын, сондай бір қасиетті, ұлық мекен. Бұл – имандылықтың, білімнің, ғылымның ордасы.

Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына байланысты өткен аптада қасиетті жұмаға қараған күні Қарашілік ауылында жаңа мешіт пайданалуға берілді. Бұл ауданымыз бойынша 27 мешіт екен. Алланың жердегі үйі ауылдық мешіттің ашылуы­на аудан әкімінің орынбасары Есжанов Ғазиз Отарбайұлы, Талдықорған өңірінің бас има­мы Алмас Сағидоллаұлы Данағұлов, Ақсу ауданының Бас имамы Анарбай Мәнбетов, Қарашілік ауылдық округінің әкімі Нұрқуат Демесінұлы және басқа да қонақтар мен жергілікті жұртшылық қатысты.

Салтанатты шара алдымен қасиетті Құран оқумен бастал­ды. Талдықорған өңірінің бас имамы Алмас Сағидоллаұлы жиналған жұртты жаңа мешіттің ашылуымен құттықтап, «Алланың үйі болған бұл мешіт жамағатымен көрікті болсын. Елдің тыныштығы, халықтардың бірлігі, дініміздің өркендеуі үшін қызмет ете берсін, Бұл жер жастарды тәрбиелейтін, ата — дәстүрімізді насихаттайтын орын болатыны анық. Сондықтан осы игілікті іске атсалысқан барша демеушілерге, ауыл халқына алғысымды жеткіземін»,-деп сөз сөйлеп ашып берді. Келесі кезекте сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ғазиз Отарбайұлы: — «Бүгін ауыл азаматтарының ұйытқы болуы­мен, ауыл жұртшылығының жи­налуымен бой көтерген мешіттің ашылу салтанатына жиналып отырмыз. Көптен күткен мешіттің ашылуы құтты болсын! Бұл аса зор сауапты — іс»,-деп сонымен қоса жаңа мешітке аудан атынан сыйлықтар табыстап, аудан әкімі Есім Сейілханұлының атынан осы нысанның салынуына үлес қосқан бірқатар ауыл азаматта­рына «Алғыс хаттар» табыстады.

Иә, шара барысында мешіттің құрылысына үлес қосқан ауыл азаматтары мен азаматша­лары, ауыл тұрғындары мен бірқатар кәсіпкерлер марапат­талып, арқаларына шапан жа­былды. Себебі, Алла үйін салған адамдарға Пайғамбарымыз (с.а.с) Хадисінде «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға атсалысса, Алла Тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды»,-деген. Ис­лам діні еліміз бен жеремізге тарағаннан бастап мешіт салу – Алланың сүйген құлдары, пайғамбарлары, шұғылданған қасиетті ісі.

Бас — аяғы үш жылға созылған, үш жыл күткен ауылдық мешітке барлық ауыл тұрғындары атса­лысты. Қолдарынан келгенше демеушілік жасап, көпшіліктің қолы тигендіктен бе биыл мешіттің кіре беріс босағасының жоғарғы бұрышына қарлығаш ұя салған екен. Келген қонақтар мұны жақсылыққа балады.

Мешіт салтанатты түрде ашы­лып, ақ жаулықты әжелер шашу шашты. Жиналғандар түгелдей ішке кіріп, сәждеге бас қойып, намаз оқыды. Жиын соңында жамағатқа ас берілді. Дастархан басында ауылдық мешіттің има­мын тағайындап, ауыл азаматы Бейсенбі Бауыржан Малайұлын сайлады. Сонымен қатар «Ел үлесі пәтерге» қайырымдылық шарасымен биыл бір жыл­да 20 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз еткен аудандық мешіттің бас имамы Анарбай Тасболатұлы жамағаттың ал­дында есеп беріп, үш отбасына тұрғын үйдің кілтін табыстады.

Олар аудан бойынша 18-ші Республикамыз бойынша 473-ші баспанаға ие болған Көлтабан ауылының тұрғыны Дүзербаева Ғалия Кашкенқызы, Арасан ауылының тұрғыны ау­дан бойынша 19, Қазақстан бойынша 474 баспана иесі Егетаев Жанат Айғожаұлы және Қапал ауылының тұрғыны аудан бойынша 20-шы, Республика көлемінде 475 баспанаға қол жеткізген Ерлан Ордабаев. Бұл қайырымдылық шарасы келесі жылы да жалғаса беретініне сенімдіміз. Себебі, бұл көпшілік жамағаттың қолдауына ие.

Мешіт – жер бетіндегі Алланың үйі. Халық жүрегіне имандылық дәнін себелейтін мешіттер салуға мұрындық болған азаматтарға алғысымыз шексіз. Аллаһ Тағалам осы мешіттің ішін жамағатқа толты­руына жазсын. Міне, Алланың жәрдемімен, ауызбіршліктің арқасында ел – жұрт бо­лып, асарлап 30 жылдық қарсаңында ашып отырмыз.

Сапарғали ТЕМІРБЕКОВ,

аудандық мәслихат депутатының ауылдағы тұрақты көмекшісі,

«Nur Otan» партиясының және ауылдағы қоғамдық бірлестіктің белсенді мүшесі.

Мәліметпен бөлісу: