«Ауыл» партиясы ветеринария жүйесін жаңа цифрлық платформаға жедел ауыстыруды жақтайды

«Ауыл» халықтық — демократиялық патриоттық партиясы ветеринариялық қызметкерлер мен шаруашылық бас­шылары арасында өткізілген сайлау алдындағы үгіт — насихат барысында ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау Комитетінің тапсырмасы бой­ынша Қазақ ветеринариялық ғылыми-зерттеу институты әзірлеген «Мал де­рек» жаңа цифрлық платформасын қолдай отырып, ветеринария жүйесін жедел цифрландыруды жақтады.

Партия төрағасы А.Бектаев өз сөзінде мал шаруашылығын дамытуда, елдің азық — түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету­де, ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыруда ветеринария жүйесінің маңыздылығын атап өтіп, партия мүшелерінің бұл іске белсенді қатысуына ерекше назар аударды. Ол сондай-ақ, бүгінде бүкіл өркениетті әлем цифрлық технологиялар мүмкіндіктерін барынша пайдалана отырып дамып келе жатқанын атап өтті және партияның ауыл шаруашылығында, оның ішінде вете­ринарияда цифрландырудың алдыңғы қатарында болуға деген ұмтылысын атап көрсетті.

Шарада сөз сөйлеген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат Рабиға Тоқсейітова мен Анас Баққожаев ветеринария жүйесін дамытуды, оны заманауи жұмыс әдістеріне ауыстыру­ды, ветеринарлық мамандар беделін арттыруды, оған жастардың келуі үшін жағдай жасауды жақтады. Аталған са­ланы цифрлық форматқа толық көшіру – ветеринариялық мамандық беделін арттырудың басты шарттарының бірі. Спикерлер партия ауыл тұрғындарының бас қорғаушысы ретінде ауыл мен ауыл шаруашылығы мәселесін шешу жолындағы күрестің басында болатынын айтты.

Мәліметпен бөлісу: