
Тарас ауылында үлкен қуаныш – көптен күткен медициналық пункті ашылды. Осы уақытқа дейін бұл ауыл тұрғындары 1973 жылы салынған ғимаратта ем- дом қабылдаса, енді ақшаңқы жаңа мекемеде медициналық көмек көрсетіледі. Тұрғындардың бұл қуанышты сәтімен аудан әкімі Есім Сейілханұлы, ауданның бас дәрігері Салтанат Мықтыбаева құттықтады.
«Кез келген елдің жоғары деңгейде өркендеп дамуының басты алғышарттарының бірі – халқының мықты денсаулығы. Міне, сондықтан да ел Президентінің жыл сайынғы Жолдауларында денсаулық сақтау мәселесі жайлы әрдайым сөз қозғалады. Биылғы мемлекет басшысының 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам.» атты жолдауында. Елімізде денсаулық сақтау саласы бойынша келесі жылдан бастап ұлттық жоба жүзеге асып, алдағы екі жылда еліміздің 650 елді мекенінде медициналық және фельдшерлік — акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал — жабдықпен толық қамтамасыз етіледі.
Мемлекет басшысының ұлт денсаулығын ұлықтау мақсатын ұдайы назарда ұстап, бұл мәселеге басымдық беруіне байланысты еліміздің денсаулық сақтау саласын дамыту үшін алдағы уақытта да тиімді бағдарламалар іс жүзіне асырылатын болады», – деді аудан әкімі.
Бұл медициналық орталықты “Қыдырәлі” шаруа қожалығының жетекшісі Мақашев Төлеген жаңадан салып берді. Жаңа әлеуметтік нысанның лентасы қиылған соң аймақ басшысы мен жергілікті тұрғындар медициналық пункттің ішін аралап көрді. Мұнда фельдшердік кабинет, екпе бөлмесі орналасқан. Кабинеттердің бәрі де толықтай жабдықталып, ауылдағы 400 тұрғынның барлығына да қажетті медициналық көмек көрсетуге әзір.
Енді мұнда күнделікті денсаулығына шағымданған жандарға көмек көрсетіледі. Қандай да шұғыл жағдай орын алып жатса, күндіз — түні қызмет көрсетуге дайынбыз,-дейді ауыл алғысына бөленеген медбике Ақмарал Нұралинова.
Ауылдағы медициналық пунктінің ашылуы тұрғындар жүзіне қуаныш ұялатты. Әсіресе, денсаулығына жиі шағымданатын қарттар үшін. Енді олар кез келген мәселе бойынша жергілікті мамандарға жүгіне алады.
Айта кету керек, мемлекет қолдауы аясында Тарас ауылында 2018 жылы жаңа мектеп пайданалуға берілсе, өткен жылы ауылдың кірме жолы жасалған.
Мағжан ШЫНДӘУЛЕТ.