Аудан әкімінің қайырымдылық шыршасы

Әр бала Жаңа жыл мейрамын үмітпен қарсы алады, жақсы тілектер күтеді. Сәби жүрек пен періште көңілдер есте қаларлықтай сыйлықтар мен жақсы лебіздерді аңсайды. Ертегідегі кейіпкерлер бейнесіне еніп қиял ғажайып әлеміне саяхат жасағандай болады. Балалық — шақтың балдай тәтті елесі сонымен де мәнді шығар. Сөздің қысқасы бұл мейрамды балалар асыға күтеді.

 

Бізде «Ақын Сара» атындағы Мәдениет үйінде жыл сайынғы дәстүр бойынша аудан әкімінің қайырымдылық шыршасының куәгері болып, балғындар қуанышына ортақтасып қайттық.
Мерекеде қуанышқа кенелген оқушылар атынан Б.Сырттанов атындағы орта мектебінің 5 сынып оқушысы Ділназ Естай аудан басшыларына айтқан алғысынан — ақ мейрімнің шуағына шомылған балалардың жанарынан болашаққа деген сенім мен үміттің ұшқынын аңғардық.

 

Кеш барысында аудандағы барлық мектептерден шақырылған оқушыларды шырша маңында аудан әкімі Әділбек Егеубекұлы Далбағаев құттықтап, олардың жақсы білім алып болашақта еліміздің экономикасын өркендетуге, мәдениетін марқайтуға айтулы үлес қосатын азамат болуларына тілектестік білдірді.
Жаңа жылдық мерекеде оқушыларға аудан әкімі атынан әртүрлі сыйлықтар салтанатты түрде табыс етілді. Жасыл шырша маңына жиналған оқушылар Аяз атамен бірге шыршаны айнала би-билеп, ән шырқады. Осылайша мерекенің соңы үлкен ойын-сауыққа ұласты.

Кенжебек ӘКІМБЕК.

Мәліметпен бөлісу: