Аптаның дүйсенбі күнінде аудандық «Ақын Сара» мәдени – жастар орталығында аудан әкімі Базарханов Есім Сейілханұлы жастармен кездесті.
Кездесуге аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі мен мамандары, ауылдық округ әкімдері мен жастар ісі жөніндегі әдіскер нұсқаушылары, мекеме басшылары, «Дипломмен ауылға», «Жасыл ел», «Жастар практикасы» мемлекеттік бағдарламаларының қатысушылары, «Көшбасшы» жастар сыйлығының иегерлері, білім, денсаулық, мәдениет, спорт саласының өкілдері, жас депутаттар, ауылшаруашылығы мамандары, жас кәсіпкерлер, «Жалын» студенттік жасағының мүшелері, «Шуақ» еріктілер тобы,аудан орталығындағы мекеме жастары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Кездесудің мақсаты – билік пен белсенді жастар арасында тығыз байланыс орната отырып, емін-еркін пікір алмасу.
Қ.И.Сәтбаев атындағы мектеп – гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Байболов Әділет жүргізді.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. Жастар жылы жастар саясатын түбейгейлі қайтадан қарап, «Рухани жаңғыру» аясында үлкен жетістікке жеткізетін жыл болмақ. Бұл тегіннен-тегін емес. Неге десеңіз, Қазақстандағы 18 млн.-нан астам халықтың 40 пайыздан астамы 14 пен 29 жас аралығындағы жастар. Басқа мемлекеттермен салыстырғанда біздің жастар өте жас өсіп келе жатқан халықпыз.
Аудан бойынша «Дипломмен ауылға» бағдарламасы сәтті жүзеге асуда. Аталған бағдарлама шенберінде Қалиханқызы Меруерт атты жасымыз 2014 жылы Семей Мемлекеттік медицина университетінің «Қоғамдық денсаулық сақтау» факультетін бітіріп, Ақсу аудандық ауруханасының «Салауатты өмір салтын қалыптастыру кабинет» дәрігері болып жұмысқа орналасты. Алғашқы сөзді жас дәрігер Қалиханқызы Меруертке берілді.
Бәрімізге мәлім, ағымдағы жылдың 23 қаңтар күні елордамыз Астанада Елбасының қатысуымен Республика көлемінде жастар жылының ашылу салтанаты өтті. Аталмыш шараға Алматы облысынан 5 жас қана қатысты. Соның бірі жерлесіміз, аудандық білім бөлімінің әдіскері, белсенді жас Сыздықбаев Әділжан Махмұджанұлы жастар жылының ашылу салтанатына қатысып, өз үлесін қосып келді. Келесі сөз кезегін Сыздықбаев Әділжан Махмұджанұлы алды.
Ақсу ауданы бойынша екі кәсіптік білім беру колледждері бар. Ауданымызда 400-қа жуық студент жастарымыз білім алуда. Аталған студенттердің арасынан ерекшеленіп, ауданның тыныс – тіршілігіне белсене араласатын Истамбеков Дәурен Меделбекұлы бүгінгі жиынға өзінің ұсыныс-тілектерін білдірді.
Спорт – денсаулық кепілі екені белгілі. Аудан бойынша жастарымыздың 60 пайызы спортпен шұғылданады екен. Осы жастарға бағыт бағдар беріп, тәлімгерлікпен айналысып жүрген жас жаттықтырушымыз Айтқожин Дарын Жақсылықұлының жеткен жетістіктері мен бағындырған белестері аз емес. Сөз кезегі Айтқожин Дарын Жақсылықұлына берілді.
Кәсіпкерлікпен айналысу үшін тәжірибенің мол болуы маңызды. Алайда қазіргі таңда жастар бәсекеге қабілетті жастарымыз кәсіпкерлікке қызығушылық танытып, бет бұруда. Осындай жастардың бірі «Ақсу барысы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Абибуллаев Фархат Хабибуллаұлы 5 жыл көлемінде кәсіпкерлікпен айналысуда. Осы жиынға Фархат та өз ұсыныс тілектерін білдірді.
Күннен күнге ауданымызда жас өнерпаздар саны көбеюде. Осы жастардың өңерін шыңдауға көмектесіп, талпынысына талап қосып жүрген ауданымыздың мақтанышы, жас тәлімгер Шугайпов Ілияс 2018 жылда Париж қаласында өткен «salut of Franсe» атты байқауда үздік тәлімгер атанып, елемізді әлемге паш етті. Талантты жас өнерпаздарды қолдап жүрген жас тәлімгерімізде ортаға шығып, өзінің жылы лебізін білдірді.
Сондай – ақ, қорытынды сөзді Ақсу ауданының әкімі Базарханов Есім Сейілханұлына берілді.
- Қымбатты жастар! Құрметті жас достар! Сіздерді Жастар
жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!
Келешегіміздің келбетті, болашағымыздың баянды болуы бүгінгі жастарға тікелей байланысты. Елдің қуаты мен қозғаушы күші де – осы жастар.
Кеше ғана Астанада Жастар жылына арналған ауқымды форум өтті. Сол күннен Жастар жылы ресми бастау алды. Жиында Елбасы жыл көлемінде атқарылуы тиіс бірқатар тапсырмалар берді.
Жастардың еркін ойы, жалын жігері, батыл бастамалары мемлекетіміз үшін аса қажет. Тегін білім алып, өздеріңді шығармашылық тұлға ретінде дамытуға, кәсіпкерлікпен айналысуға, мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға, еңбекке араласуға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған.
«Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша, «Бизнестің жол картасы – 2020», «Дипломмен – ауылға!», «Серпін – 2050», «Жасыл ел» жобалары жастар үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашып берді.
Жалпы бүгінгі жастардың білімге, еңбекке деген құштарлығы, шет тілдерін меңгеруге, инновацияны үйренуге, жаңа жобалар әзірлеуге деген талпыныстары мені қуантады.
Қазіргі кезде ауданда халықтың төрттен бір бөлігі жастар. Ауданы бойынша жалпы жастар саны 9180 адамды құрайды. Нақты елді мекенде тұрып жатқан жастар саны – 8146, жұмыссызы — 108, 1580 студент жастар тіркелген. Яғни өңірдегі әрбір төртінші адам — жастардың өкілі.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы шеңберінде 25 жас 42 млн 687 мың теңге, оның ішінде білім беру саласында 13 адам 21 млн 885 мың теңге, денсаулық сақтау саласы бойынша 7 жас 11 млн 784 мың теңге, мәдениет саласы бойынша 2 жас 3 млн 367 мың теңге, агроөнеркәсіптік кешені саласы бойынша 5 жас 5 млн 51 мың теңге көлемінде көтерме ақы алды. 24 жасқа баспана алуға 84 млн 877 мың теңге, оның ішінде білім беру саласындағы 13 адамға 45 млн 210 мың теңге, денсаулық сақтау саласы бойынша 7 жасқа 25 млн 245 мың теңге, мәдениет саласы бойынша 2 жас маманға 7 млн 250 мың теңге, агроөнеркәсі саласы бойынша 2 жас маманға 7 млн 208 мың теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді.
«Жасыл ел» бағдарламасы бойынша аудан көлемінде 165 жас маусымдық жұмыспен қамтылды.
2018 жылы халықты жұмыспен қамту орталығына 654 жас азамат жұмыссыз ретінде тіркеліп, олардың 332 тұрақты және уақытша жұмысқа орналасты, 9 — ы әлеуметтік жұмыс орындарына, 39 жастар практикасына, 85 қоғамдық жұмыстарға, 118 қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз етілді және 39 жас «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқытылып, 6 адам өз ісін ашуға шағын несие алса, мемлекеттік грантқа – 19 жас ие болды.
Аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен жылда 142 шара ұйымдастырылып, 9760 жастар қамтылды.
Бұл сандар біздің ауданымыздың теңдесі жоқ стратегиялық ресурстары, ұлттық байлығы мол, болашағы зор екендігін білдіреді. Себебі бүгінгі жастар, ертеңгі басшылар, саясатшылар, ғалымдар, еліміздің экономикасын ілгері жылжытатын өзге де сала мамандары. Бұл – үлкен күш, зор потенциал. Сондықтан, осы күшті ел игілігіне жарату үшін жастар әрдайым алға жылжып, үнемі ізденісте болуы, жаңалыққа ұмтылуы қажет. Бүгінгі аудан көлемінде жастар жылының ашылу салтанаты құтты болсын! Сіздердің бүгінде айтылған ұсыныс — тілектеріңіз назарға алынды және осы бағытта тапсырмалар арнайы мекемелерге беріліп, оларды жүзеге асыру үшін кешенді жұмыстар атқарылады деп сенім білдіремін!
Құрметті жас достар!
Елдігіміздің еңселі, болашағымыздың баянды болуы – сіздердің қолдарыңызда! Сондықтан, сіздерді халыққа, қоғамға қызмет етуге, қай салада да Отанымыздың абыройын арттыруға үлес қосуға шақырамын.
Баршаңызға зор денсаулық, оқуда озат, еңбекте табысты болуды тілеймін!
Жастар жылы құтты, жемісті болсын! -деді аудан әкімі Есім Сейілханұлы.
Еліміздің ертеңгі болашағы, бүгінгі жастар осы кездесуден ой түйіп, өзінің өмірлік бағытын таңдай білсе, еліміздің ертеңі жарқын, келешегі кемел болатынына сеніміміз зор. Осы өткізіліп отырған шара – әр жасқа ерекше серпін беретін, болашағына даңғыл жол салатын игі іс деп есептеймін. Бағыттаған жолмен жүрген жеткіншектің, жастың болашағы жарқын болмақ.
Келесі кезекте жас тәлімгер, өнерпаз жасымыз Шугайпов Ілиястың шәкірті Дидар Мұқатай тамаша әнін шырқады.
Ләззат Қалмұхамбетқызы,
аудандық «Ақсу өңірі» газетінің бас редакторы.