Ауғанның отты жалыны

Жуырда Н.Есеболатов атындағы орта мектептің ұйымдастыруымен «Ауғанның отты жалыны» атты кездесу өтті.  Кештің мақсаты – Ауған соғысының аяқталуына 29 жыл толуына орай айтулы күнді атап өту. Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу арқылы сол соғыс жайлы мағлұматтар алып, оқушылардың өрелік қабілеттерін кеңейту.

Кешке аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Амантай Айтбайұлы, аудандық білім бөлімінің әдіскері Ермеков Қанат Бейсенбекұлы, аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, подполковник Ермұханбетов Бауыржан Берліқожаұлы, ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Тойлыбаев Шормақ Тойлыбайұлы, аудандық Жастар ресурстарының орталығының жетекшісі Садықова Әсел Рақымжанқызы, ауыл әкімі Ерғалиев Жанай Бексұлтанұлы, Ауған соғысында қаза болған жерлесіміз, интернационалист – жауынгер Жиенбаев Марат Оралбекұлының қарындасы Жиенбаева Гүлназ Оралбекқызы, «Ақсу өңірі» газетінің жауапты хатшысы Қасымбекова Ләззат Қалмұхамбетқызы, ардагер – ұстаз Сағымбаев Молдахан Сағымбайұлы, Ауған соғысына қатысып, өздерінің азаматтық борыштарын өтеп қайтып, қасіретті соғыстың қиыншылығын көрген жерлестеріміздің бірі Мұхаметчаев Болатхан Төлегенұлы және мектеп директоры Әлімғалиева Жаухар Әлімғалиқызы қатысып, жылы лебіздерін білдіріп, болашақ жастарға ақыл – кеңестерін берді.

1979 жылдың 25 желтоқсанында басталып, 1989 жылдың 15 ақпанында аяқталған Ауған соғысы 9 жыл 10 айға созылып, мыңдаған адамның өмірін өзгертіп, қаншама қайғы қасірет әкелгені сөзсіз. Сол соғыс туралы бейнефильм көрсетілді. Осы соғыстағы Қазақстандық жауынгерлерге байланысты мағлұматтарды да слайд арқылы алдық.Иә, адамзат тарихындағы қанқұйлы оқиғалардың бірі осы Ауған соғысы болғаны жасырын емес. Осы соғысқа біздің ауданымыздан да азаматтар аттанып, өздерінің интернационалдық борыштарын өтегендер 30 – дан астам.

Ақсу ауданынан Ауған соғысына барып қаза болған жерлестеріміз – Жиенбаев Марат Оралбекұлы (Есеболатов ауылынан), Қапсаланов Асылбек Нұрболатұлы (Қосағаш ауылынан), Құрманғалиев Ертай Метайұлы (Матай ауылы, Береке разъезінен), Бейсенбенов Талғат Айтмұханұлы (Матай ауылынан). Өкінішке орай, бүгінгі күнге осы аталған ағаларымыз жете алмады. Ауған соғысының зардабынан, мәңгілік мекенінен орын алды. Сондықтан ағаларымыздың қасиетті рухы мен мыңдаған құрбандарды еске алу үшін бір минуттық үнсіздік жарияланды.

Жиенбаев Марат Оралбекұлының өмірбаянына қысқаша тоқталсам, ол 1964 жылы Ақсу ауданы, Есеболатов ауылында дүниеге келген. 1982 жылы Н.Есеболатов атындағы орта мектебін бітірді. Әскер қатарына шақырылғанға дейін туған ауылында еңбек етті. 1983 жылы көктемде әскер қатарына алынды. Ол шектеулі әскер құрамында болып, Ауғанстанның шекарасын қорғады. Марат аға өз өмірінің соңына дейін достық парыз үшін күресіп, дұшпандар қолынан қаза тапты. Кеңес Одағы біздің жерлесіміздің ерлігін жоғары бағалап, қайтыс болғаннан кейін оны «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапаттады. Ауылдың бір көшесіне оның есімі берілді.

Есеболатов ауылынан соғыстан аман – есен оралған жерлестеріміз – Бекмолдин Маңғазбек Қабдолдаұлы, Мұхаметчаев Болатхан Төлегенұлы, Тлеулинов Төлеген Тұрсынбекұлы, Төлепбергенов Талғат Білісбекұлы, Досмағұлов Болатбек Жүнісбекұлы және Ибрагимов Төлеген Тұрсынұлдары бүгінгі күні ерліктің даңқын асқақтатып, өздерінің азаматтық түр – тұлғасын танытып жүрген ардагер ағаларымыз қашанда, қай кезде де мадақ пен марапатқа лайық жандар. Атақты жауынгер жазушы Б.Момышұлы: — «Айбындылық аспаннан түспейді»,-деп қаһарман ұлдарын пана тұтқан. Сондықтан Ауған соғысының ардагерлерін құрметтеу біздің азаматтық парызымыз деп түсінемін.

Сондай – ақ, осы мектептің оқушылары әндерін шырқап, өлеңдерін оқып, биден шашу да шашты. Кеш соңында келген қонақтармен оқушылар естелікке суретке түсті.

Ләззат ҚАСЫМБЕКОВА.

Мәліметпен бөлісу: