Атом энергетикасы — ел дамуының болашағы

Бүгін, яғни, 11 қыркүйекте аудан орталығындағы «Ақын Сара» атындағы мәдениет үйінде аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Атом энергетикасы — ел дамуының болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.

Шараға аудан ардагерлері, қоғамдық кеңес мүшелері мен БАҚ өкілдері қатынасты.

Алғашқы сөз кезегін алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Айтбаев Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Кемелұлының Қазақстан халқына Жолдауын талқылап, соның ішінде 6 қазанда өтетін Атом электр станциясын Қазақстанда салуды қолдайсыз ба, жоқ па? – деген сауалдан бастап, АЭС – тің елімізге келтіретін пайдасы туралы толық ақпарат берді.

Кезінде алғаш Тәуелсіздік алған кездердегі тоқырау заманды көздерімен көріп, қиындыққа төтеп беріп, сол кездерде елеулі еңбек еткен ардагерлер сол қауіптің болашақта қайталанбауының алдын алу осы Атом электр станциясын салудан басталатынын түсіндірді. Жер астындағы көмір т.б. қазба байлықтар бір күні бітетінін, су көздерінен алынып жатқан тоқ көздерінің болашақта шамасы келмей қалатынын, сондықтан аталмыш станцияның еліміз үшін өте қажет екенін тәптіштеп жеткізді.

Келесі кезекте аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Ғабит Мұсабаланов ардагердің сөзін толықтырып, АЭС – тің артықшылықтарын нақтылап айтты. Аудан ардагерлері мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын қолдайтындықтарын айтып, елімізде АЭС салу керектігін, ол үшін референдумда бір ауыздан қолдап дауыс беретіндіктерін айтты.

Иә, тақырыпқа сай Атом энергетикасы — ел дамуының болашағы екенін жастарға түсіндіру алдыңғы буын ағаларымыздың міндеті, алайда болашағын болжап, түсінетін жастар да дауыс берер күнді асыға күтуде.

Мәліметпен бөлісу: