АТА ЗАҢ – ЕЛДІКТІҢ АЛТЫН ДІҢГЕГІ

Конституция – мемлекеттің құқықтық негізі, тәуелсіздіктің тірегі, халықтың құқықтары мен бостандықтарының кепілі. Ол елдің даму бағытын айқындап қана қоймай, қоғамдағы әділеттілік пен жауапкершіліктің өлшемін белгілейді. Сондықтан Ата Заңды құрметтеу – Отанды қадірлеу, заңды сақтау – азаматтық парасаттың белгісі.
Қазақ халқы үшін елдік пен әділдік ұғымдары қашанда қастерлі болған. Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Тәуке ханның «Жеті жарғысы» – халқымыздың құқықтық дәстүрі мен әділ қоғам құруға деген ұмтылысының тарихи көрінісі. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген бабалар сөзі де әділдіктің ел өміріндегі орнын айқын аңғартады.
Тәуелсіз Қазақстанның 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған Конституциясы мемлекеттілігіміздің берік негізін қалап, елдің құқықтық жүйесін қалыптастыруға жол ашты. Ата Заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың негізгі кепілдіктерін бекітіп, мемлекеттік басқарудың басты қағидаттарын айқындады.
Конституцияның басты құндылығы – адам өмірін, оның құқықтары мен қадір-қасиетін жоғары қоюында. Мемлекеттің қуаты тек экономикалық жетістіктермен емес, азаматтарының құқығы қорғалып, заң алдында теңдік пен әділдік қамтамасыз етілуімен де өлшенеді. Заң үстемдік құрған қоғамда халықтың мемлекетке деген сенімі артып, тұрақты дамуға мүмкіндік туады.
Ата Заң әр азаматқа құқық берумен қатар, қоғам алдындағы міндеттерін де жүктейді. Заң талаптарын сақтау, өзгенің құқығын құрметтеу, адал еңбек ету және қоғамдық тәртіпке жауапкершілікпен қарау – саналы азаматтың негізгі ұстанымдары. Конституцияға құрмет оның баптарын білумен шектелмейді, ол күнделікті өмірдегі іс-әрекеттен көрініс табуы керек.
Әсіресе, жас ұрпақтың құқықтық сауатын арттырудың маңызы зор. Өз құқығын білетін, өзгенің еркіндігін құрметтейтін, әділдікке ұмтылатын ұрпақ – ел болашағының берік кепілі. Құқықтық тәрбие отбасынан басталып, білім ордаларында жалғасқанда ғана заңға құрмет азаматтық мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналады.
Еліміздің тұрақтылығының тағы бір негізі – қоғамдық келісім мен бірлік. Қазақстанды ортақ Отан деп таныған азаматтардың татулығы, өзара құрметі мен ынтымағы мемлекеттің өркендеуіне қызмет етеді. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген халық даналығының мәні де осында. Татулық пен әділдік қатар орныққан қоғамда ғана ортақ мақсаттарға қол жеткізуге болады.
Мемлекеттің дамуы мемлекеттік органдардың қызметіне ғана емес, әр азаматтың жауапкершілігіне де байланысты. Заңды сақтау, ел игілігіне адал еңбек ету, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және келер ұрпаққа өнегелі тәрбие беру – отансүйгіштіктің нақты көріністері. Әркім өз ісіне адал болып, ортақ іске үлес қосқанда, елдің іргесі беки түседі.
Ата Заңның шынайы күші – оның қағидаларының өмірде орындалуында. Азаматтардың құқығы қорғалып, заң талаптары баршаға бірдей қолданылып, әділдік басты ұстанымға айналғанда ғана құқықтық мемлекет нығаяды. Сондықтан Конституцияны құрметтеу – бір күндік міндет емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын азаматтық ұстаным.
Ата Заң – тәуелсіздігіміздің тірегі, елдігіміздің айғағы, болашаққа бастар бағдарымыз. Оны ардақтау – мемлекеттілікті нығайтуға, қоғамдағы татулықты сақтауға және келешек ұрпақтың жарқын болашағына қызмет ету.
Ата Заңымыз айбынымызды асқақтатып, тәуелсіздігімізді тұғырлы етсін! Заң үстемдік құрған, әділдік салтанат тапқан, бірлігі бекем Қазақстанның келешегі жарқын болғай!

Ербол СЫМХАНОВ.

Мәліметпен бөлісу: