
Ата-бабамыз аңсаған Тәуелсіздікке қол жетіп, Егемендігіміздің еңсесі нығайып, көпұлтты Қазақстанымыз көркейіп, ел экономикасы өсіп-өркендеп, халқымыздың әл-ауқаты артып, дамудың даңғыл жолын таңдадық. Қыруар қайратты, еңселі еңбекті қажет етер күрделі де, қиын өмір өткелдерінен өтіп, алуан асуларды, биік белестерді бағындырдық. Елбасымыздың салихалы саясатының арқасында әлем халқын мойындатқан Егемендігі еңселі, Тәуелсіздігі тұғырлы, саяси тұрақтылығы орныққан көпұлтты мемлекетке айналдық. 1991 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Заң қабылданды. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ұсынып, оны Қазақстан халқы 1995 жылы 30 тамыздағы Республикалық референдумда бір ауыздан мақұлдады.
ҚР Конституциясы – мемлекетіміздің іргесін нығайтудағы қарышты қадамдардың қалыптасуы мен жаңа жүйенің орнығуына, саясат сахынасында Қазақстан Республикасының қанат жаюы жолындағы бірден-бір бастаушы заң, серпінді сенім, ҚР Конституциясы — әділет жолын көрсетер мемлекетіміздің Ата заңы, айшықты құжаты.
Биыл Қазақстан Республикасының Ата Заңына 26 жыл толып отыр. Осыған орай 27 тамызда Ақын Сараның мемориалды музейінде еліміздің Ата заңы жөнінде түсінікті тереңдету, оқушыларға Ата Заңды түсіндіре отырып, бүгінгі өмірмен байланыстыра білім беру мақсатында «Елдің асыл тірегі – Ата Заң» атты танымдық сағат өткізілді. Танымдық сағатқа Ғали Орманов атындағы орта мектебінің оқушылары қатысты. Балалар Конституцияның құрылымымен танысып, тақырыпқа сай слайдтар мен бейнероликтер көрді. Өздерінің тараптарынан Ата Заңға арналған өлеңдер оқып, сұрақтарға жауап беріп, өз ойларын ортаға салды. Танымдық сағат соңынан балаларға музей залдары бойынша экскурсия жүргізілді.
А.САПАРОВА,
Ақын Сараның мемориалды музейінің
экскурсия жүргізушісі
#Qazaqstan30 .