Атқарылған істер көңіл қуантады

Мемлекет басшысының «Әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» 2016 жылғы 5 ақпандағы №190 Жарлығына сәйкес ауылдық, аудандық деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдында есеп беру кездесулері аяқталып, бейсенбі күні аудандық әкімшіліктің үлкен залында Ақсу ауданының әкімі Далбағаев Әділбек Егеубекұлының аудан тұрғындары алдындағы қорытынды есептік кездесуі өтті. Жиын ауданның көрсеткішін айқындайтын бейнероликтен басталды. Кездесуге Алматы облысы әкімінің орынбасары Омар Жақсылық Мұқашұлы қатысты.

Кездесуді аудандық мәслихат хатшысы Бейбіт Жаңылысұлы ашып, жүргізіп отырды. Бұл кездесуге аудан тұрғындары, округ әкімдері, «Нұр Отан» партиясы филиалының, кәсіподақ, қоғамдық, жастар, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, бөлім, мекеме, кәсіпорын, құқық қорғау органдары басшылары және облыстық, аудандық мәслихат депутаттары қатысты. Кездесудің күн тәртібінде бір мәселе қаралды. Ол – «Ақсу ауданының 2017 жылғы әлеуметтік – экономикалық дамуының қорытындылары және алдағы міндеттері туралы» аудан әкімі Әділбек Егеубекұлының есебі.

Баяндама жасау үшін аудан әкімі Әділбек Егеубекұлы Далбағаевқа сөз берілді. Аудан әкімі өз сөзінде: — Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты тарихи мақаласын ақсулықтар да қызу қолдап, ауданымызда нақты шаралар атқарылуда. Бұл бағытта ауданымыз 2013 жылдан «Туған жерге туыңды тік!» акциясын жұртшылықтың қолдауымен Жансүгіров, Матай, Арасан ауылдарында әлеуметтік нысандар мен Жансүгіров ауылындағы тұрғын үйге мұқтаж кезекте тұрған, әлеуметтік жағынан аз қамтылған 8 отбасын пәтермен қамтамасыз ету, жолаушылар тасымалын ұйымдастыру және де басқа біршама игі жұмыстар жасалды. Мақаланы жүзеге асыру бағытында 17 ауылдық округтерде, мекемелерде кездесулер, аудан активінде талқыланып, есепті кезеңде 206  іс – шаралар өткізіліп, 22180 адам қамтылды. «Туған жер» бағдарламасы бойынша демеушілердің көмегімен ауданда 347 млн. 400 теңгеге 15 жоба қарастырылған, оның 6-ы орындалып, 8-і осы жылы, 1-і 2019 жылы жүзеге асады деп күтілуде. 2017 жылы аудан жұртшылығымен өткізілген есепті кездесулеріндегі түскен ұсыныстардың орындалуы жөнінде айттым. 2016 жылғы атқарылған жұмыстар туралы есепті кездесулерімде тұрғындар тарапынан барлығы 5 ұсыныс түскен. Олар – Ащыбұлақ, Қапал ауылдарының ауыз су құбырларына күрделі жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу, Жансүгіров ауылдарының көшелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу, Жансүгіров ауылындағы аудандық жастар саябағына абаттандыру және жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қаражат бөлу, Жаңалық ауылына мал қорымын салу. Осы 5 ұсыныстың 4 ұсынысы іс жүзіне асты. Атап айтсақ, Жансүгіров ауылындағы Желтоқсан, Жансүгіров, Қабанбай батыр, Жидебаев көшелеріне 98 млн. теңгеге орташа жөндеулер  өткізіліп, жол шеттеріне тастар (бордюлар) қойылды, «Арбат» нысаны, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар (тротуарлар) жаңадан салынды.

Ащыбұлақ ауылындағы сумен жабдықтау жүйесін реконструциялау және салу» құрылыс жұмыстарына облыстық бюджеттен 151,6 млн. теңге бөлініп, бүгінгі күнге барлық құрылыс жұмыстары аяқталып, нысан пайдалануға берілді. Ауданымызда басты сала болып есептелетін ауыл шаруашылығында 2017 жылдың есепті мерзіміне өндірілген жалпы өнім көлемі – 27 млрд. 54 млн. теңге, нақты өнім көлемі 2016 жылмен салыстырғанда 103,7 пайызды құрады, оның ішінде: мал шаруашылығы өнімдері – 11 млрд. 749 млн. теңге, егін шаруашылығы өнімдері – 15 млрд. 225 млн. теңге, қызмет үшін – 80 млн. теңге. Аудан бойынша барлығы 5 кооператив құрылды. Етті бағытта 1, сүтті бағытта 3, биязы жүнді қойдың жүнін дайындайтын 1 кооператив. Елімізде Елбасының бастамасымен соңғы кездері көтеріліп жатқан бұл мәселе – ауылдардағы өзін – өзі қамтып отырған жеке шаруаларды біріктіріп, сүт, ет өндіру бағытында ірі ауылшаруашылық кооперативтерін құру. Мал шаруашылығы өнімдері  2016 жылмен салыстырғанда ет 104,8 пайызға өсіп, 13346 тоннаны құрады. Сүт 104,8 пайызға (30223 тонна), жұмыртқа 100 пайызға (3379 мың дана) өсті. Ірі қара малы 2016 жылмен салыстырғанда 109,2 пайызға артып, 75 438 басты құрады. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 300 бас сиыр сатып алу жоспарланған. 598 бас алынып, жоспар 199,3 пайызға орындалды. «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 600 бас қой сатып алу жоспарланды. 893 бас сатып алынып, жылдық жоспар 148,8 пайызға орындалған. Жоспарға сәйкес «Құлан» бағдарламасы бойынша 100 бас жылқы сатып алу тапсырылса, 100 бас сатылып алынып, жоспар 100 пайызға орындалды.

Өнеркәсіпке тоқталсам, 2017 жылдың есепті мерзіміне өнеркәсіп саласында 4 млрд. 621 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем көрсеткіші 100,1 пайызды құрады,-деді. Сонымен қатар, бюджеттің игерілуі, білім беру мен денсаулық саласы, инвестиция бойынша, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, мәдениет пен спорт, ауыз сумен қамтамасыз ету салалары бойынша жеке – жеке тоқталып өтті. Келесі сөз Ақсу ауданының ақсақалдар алқасының төрағасы Амантай Айтбайұлы, Ақсу қант зауытының бас инженерінің орынбасары Қайыржан Қайыркенұлы, аудан тұрғыны Хизар Шидаев, Ақсу ауданының қоғамдық кеңесінің төрағасы Сәбит Бейсебекұлына берілді. Қорытынды есепті Алматы облысының әкімінің орынбасары Жақсылық Мұқашұлы Омар ауылшаруашылығына көп көңіл бөліп, аудан көрсеткішін көтеру барысында жұртты бірлікке шақырып, облыс басшылығынан қолдау көрсетіліп жатқанын, бар мәселенің оңды шешілетінін айтып, сөзін қорытындылады. Аудан әкімі Әділбек Егеубекұлының 2017 жылғы істеген жұмыстарына аудан халқы өз ризашылықтарын білдіріп, «қанағаттанарлық» деген баға берді.

Ләззат ҚАЛМҰХАМБЕТҚЫЗЫ.

Мәліметпен бөлісу: